Өткен аптада футболдан Қазақстан премьер-лигасының екінші айналымы басталды. Соның шеңберінде командалар 23-тур ойындарын ойнады.
Тур барысында жанкүйерлер «Астана» мен «Қайрат» клубтарының қатысуымен болған ойындарға ерекше назар аударды. Оның себебі, қос жасақ та еурокубоктық бәсекелерде сәтті ойнауда. Атап айтқанда, бүгін елордалықтар Чемпиондар лигасы іріктеу турнирінің плей-офф бәсекесінде алғашқы кездесуін өткізсе, «Қайрат» 20 тамызда Еуропа лигасының аталған сынында бақ сынайды.
Екінші айналымды «Астана» жеңіспен бастады. Сырт алаңда «Ақтөбеден» 1:0 есебімен басым түскен елордалықтар 25 ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.
Ал «Қайрат» Шымкентте «Ордабасымен» тең ойнады. Бұл кездесуде есеп ашылған жоқ. Жалпы, осы турда тағы екі матч, яғни, «Шахтер» мен «Оқжетпес» және «Қайсар» мен «Тараз» арасындағы кездесулер голсыз өтті.
Ең ірі есеп Қостанайда болған «Тобыл» – «Жетісу» ойынында тіркелді. Қонақтардың үш бірдей добына алаң иелері жалғыз голмен жауап қайтарды. Сондай-ақ, осы турда Павлодарда жергілікті «Ертіс» «Атырауды» 2:0 есебімен жеңді.
Турнир кестесінде «Астанадан» кейінгі екінші сатыға «Қайрат» жайғасса, «Ақтөбе» әзірге үздік үштікті түйіндеп тұр. Премьер-лиганың 24-тур ойындары 22-23 тамызда ойналады.
Айта кетейік, бұл айналымда командалар турнирдің бірінші бөлігінің қорытындысы бойынша алты-алтыдан екі топқа бөлініп сынға түседі. Алғашқы алтылық чемпионат медальдарына таласса, екінші топ келесі маусымды жоғары дивизионда бастау үшін күш сынасады.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».