Қоғамдағы қарқынды өзгерістер білім жүйесіне де жаңа талаптар қояды. Әсіресе цифрлық технологиялардың дамуы, жасанды интеллект құралдарының кеңінен қолданылуы және ақпараттық ресурстардың үнемі артып отыруы кітапхана қызметінің мазмұны мен ұйымдастырылуына елеулі ықпал етіп отыр. Бұл өзгерістер техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының кітапханаларына да қатысты. Бүгінгі колледж кітапханасы – дәстүрлі түсініктегі кітап сақтайтын орын ғана емес, білім алушылардың ақпараттық сауаттылығын қалыптастыратын, цифрлық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін, оқу мәдениетін дамытатын, интеллектуалдық әлеуетті арттыруға ықпал ететін заманауи білім орталығына айналып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы еліміздің инновациялық даму бағытын айқындап қана қоймай, білім ұйымдары мен кітапханалардың жұмысын жаңа деңгейге көтерудің стратегиялық негізін қалыптастырды. Сондай-ақ Президенттің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы оқу мәдениетін нығайтуға, кітапханалардың қоғамдағы рөлін арттыруға және интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған маңызды мемлекеттік құжат ретінде қабылданды.
Аталған Жарлықта кітапханаларды заман талабына сай дамыту, халықты кітаппен қамтамасыз ету, оқу мәдениетін қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу, бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастыру, жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Құжатта кітаптың білім көзі ғана емес, ұлттың рухани және мәдени дамуының негізі екені көрсетіліп, оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік маңызы бар міндет ретінде белгіленді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда білім ұйымдарының кітапханаларына, соның ішінде техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының кітапханаларына үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Осы мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру мақсатында жуырда Ақтау қаласында Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің үйлестіруімен және Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Цифрлық трансформация: колледж кітапханаларының қызметін заманауи жаңғырту» тақырыбында республикалық семинар өтті. Семинар жұмысына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, министрлік өкілдері, кітапхана саласының мамандары, отандық баспалар, республика өңірлерінен 100-ден астам маман қатысты.
Бұл семинар – Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан маңызды кәсіби алаңдардың бірі. Жыл сайын республиканың әртүрлі өңірінде ұйымдастырылатын мұндай кездесулер колледж кітапханашыларының кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға, кітапхана саласындағы жаңа үрдістермен танысуға мүмкіндік береді. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының кітапханаларын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы осындай кәсіби кездесулердің маңыздылығын айқын көрсетіп отыр. Семинарлар барысында еліміздің әр өңірінен келген кітапханашылар өздерінің үздік тәжірибелерін ортаға салып, кітапхана ісіндегі жаңа тәсілдер мен инновациялық жобаларды талқылайды. Бұл өз кезегінде өңірлер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, кітапхана саласының біртұтас дамуына ықпал етеді.
Қазіргі таңда колледж кітапханалары дәстүрлі қызмет көрсетумен ғана шектелмей, білім үдерісінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Семинар барысында колледж кітапханаларын цифрландыру, кітапхана қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдалану, заманауи цифрлық ресурстарды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар кітапхана қызметін ұйымдастырудағы жаңа тәсілдермен танысып, өзара тәжірибе алмасты. Қазір цифрлық технологиялар кітапхана жұмысын әлдеқайда тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары жасанды интеллект технологиялары кітапхана саласында ерекше маңызға ие болып келеді. Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу, жүйелеу, іздеу, талдау және пайдаланушылардың сұраныстарына жедел жауап беру бағыттарында кең мүмкіндік ұсынады. Кітапханашылар жасанды интеллект көмегімен библиографиялық тізімдер дайындай алады, ақпараттық анықтамалар жасайды, кітап көрмелерінің сипаттамаларын әзірлейді, оқырманға арналған ұсынымдық материалдар құрастырып, іс-шаралардың бағдарламаларын дайындай алады, түрлі ақпараттық өнімдер шығарады.
Жасанды интеллектінің кітапхана саласындағы басты артықшылықтарының бірі – уақыт үнемдеу. Көптеген техникалық және қайталанатын жұмыстарды автоматтандыру арқылы кітапханашылар өз уақытын шығармашылық жобаларға, пайдаланушылармен жұмысқа, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бағыттауына болады. Бұл кітапханашының кәсіби қызметін жаңа деңгейге көтеріп, оның білім үдерісіндегі рөлін күшейтеді. Сондықтан жасанды интеллект технологияларын меңгеру кітапхана мамандары үшін кәсіби қажеттілікке айналып отыр.
Семинар аясында ақпараттық технологиялар саласының мамандары колледж кітапханаларына арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктерін таныстырды. Бүгінгі күні кітап оқу гуманитарлық бағытпен ғана шектелмеуге тиіс. Жаратылыстану және техникалық пәндер бойынша да студенттердің кітаппен жұмыс істеу дағдыларын дамыту маңызды. Өйткені кәсіби маманның қалыптасуы пәндік біліммен ғана емес, оның дүниетанымының кеңдігімен, аналитикалық ойлауымен, үздіксіз білім алуға ұмтылысымен де байланысты. Осы тұрғыдан алғанда кітапхана мен пән оқытушыларының бірлескен жұмысы ерекше маңызға ие.
Әлия САЙДЕМБАЕВА,
Оқу-ағарту министрлігі
Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана директоры