• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2015

Инновация игілігі

434 рет
көрсетілді

Жаңалық пен ғылымды, технологияны, техниканы өндіріспен тығыз байланыстыру мақсатындағы «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы арқылы мемлекетіміздің экономикасының дұрыс жолға қойылуын қадағалаймыз. Сол себепті, осы бағытта атқа­рылып жатқан асқаралы міндеттер мен табанды еңбектердің барлығы ел мүддесін көздейді. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәсли­хатында Инвестиция және даму министрлігі Технология және инновациялық даму жөніндегі департамент директорының орынбасары Лаура Садықова аталған тақырып төңірегінде кеңінен әңгімеледі. «Алдағы бес жылдағы негізгі міндет – экономиканың дәстүрлі салаларының технологиялық артта қалуын жою және жаңа салалардың дамуына негіз жасау», деді Л.Садықова өз сөзінде. Бұл ретте ол индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бес жылдық қорытындыларына тоқтала келе, министрліктің инновациялық үдерістерді одан әрі қолдауға бағытталған іс-шараларының жоспарымен таныстырды. Оның айтуы бойынша, министрлік осыған орай бірқатар негізгі индикаторларды белгілеген. Олардың қатарына инновациялық белсенділікті 20%-ға арттыру, ішкі жалпы өнімдегі инновациялық өнімнің үлесін 2,5%-ға жеткізу, зерттеу жұмыстары мен сынақ жобаларына жұмсалатын ішкі шығын көлемін жалпы өнімнің 2%-ына дейін көтеру мәселелері кіреді. Оның айтуынша, екiншi бесжылдықтың аталған жоспары үшiн инновациялық саясатта екi әлеует белгiленіп отыр. Оның бiрiншiсi – дәстүрлi салалардағы технологиялық кейiндеудi қысқарту болып табылады. Ал екiншiсi, жаңа бағыттарды дамыту. Мұнда бiздiң негiзгi жұмысымыз заманауи технологиялық шешiмдердi жүзеге асыруға бағытталған бизнестi жүргiзу үшiн қолайлы жағдай жасауға негізделеді, деді Л.Садықова. «Осы орайда біз 50 шақты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгіздік. Сондай-ақ, бірқатар салалық бағдарламалар қабылданып, еліміз үшін мүлдем жаңа деп айтуға болатын 400-ге жуық өнім шығара бастадық», деді. Сонымен қатар, осы жиынға қатысқан даму институттарының жетекшілері бұл көрсеткіштерге жету үшін қажеттілік тудыратын нақты шараларға тоқталып өтті. Атап айтқанда Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов қазіргі уақытта агенттіктің құзырында инновациялық жобаларды қолдауға арналған құралдардың тұтастай тізбесі бар екендігін айтты. «Олар – ең алдымен инновациялық гранттар, венчурлық қаржыландыру, технологияларды шет елдерден трансферттеу және елдегі инновациялық белсенділікті арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар», деп атап өтті. Былтырғы жылдың өзінде мемлекеттік қолдауға ие болған жобаларды жүзеге асыру барысында 1100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылғандығын айта отырып, 930,3 млн. теңге көлемінде салық төленіп, 33,3 млрд. теңгеге өнім шығарылғандығын мәлімдеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан бөлінген әрбір теңгеге 1,38 теңге жеке инвестициялар тартылғандығы айтылды. Өткен жылы мемлекеттік гранттарға тапсы­рылған өтінімдер саны 50 пайызға өскен. Бұл өсім өнертапқыштар арасында жүргізілген семинарлар мен кеңестердің арқасында жүзеге асып отыр. «Өнертапқыштар мен инноваторлардың, рационализаторлық қабілеті бар мамандардың белсенділігін арттыру мақсатында агенттік жыл сайын оларға арнап түрлі байқаулар мен көрмелер ұйымдастырып келеді. Тек былтырғы жылы осындай шаралардың негізінде еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ден астам өнертапқыш анықталды және алдағы уақытта бұл кәсіпқой инноваторларға мемлекеттік қолдау көрсетілмек», деген Ж.Сәлімов алдағы уақытта да отандық өнертапқыштар мен инноваторларға қолдау көрсетілу жалғаса беретіндігін жеткізді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».