• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2015

Жақсы бастама жалғасын тапты

238 рет
көрсетілді

Елбасының туған халқына сыйлаған тамаша туындысы – Астананың аз уақытта бағын­дырған биік белестері Тәуелсіз Қазақ­стан дамуының жарқын көрінісі. Жылдан-жылға сән-салта­наты асқан Астанамыздың қай сәулет құрылысын тілге тиек етсек те, оған көзіңіз ай­қын жетеді. Бүгінде Астана бай­тақ еліміздің саяси және эконо­микалық жетістіктерінің локо­мотивті болумен бірге біртін­деп мәдениет ордасына айналу үстінде. Басқасын айтпағанда, қазірдің өзінде Мәңгілік Ел мақтанышы болып үлгерген «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры – соның жарқын үлгісі. Заманауи жаңа технологиямен салынған театрдың техникалық мүмкіндіктері көптеген әлемдік театрлардан асып түсетіндігі көңілге асқақ сезім ұялатады. «Астана Операның» биік өнерді бағалай білетін отандас­тарымызды ғана емес, шетелдік талғамы жоғары көрермендерді де тамсандырған осындай әсем келбеті рухани болмысымен үйлесіп жатқандығы одан сайын қуантады. Театр сахнасынан опера және балет классикалық қойылымдарының жауһарларын, сонымен бірге әлемге аты мәлім опера шеберлерінің биік өнер­лерін тамашалауға барлық жағ­дай жасалынғаны тіпті ғанибет. Лев Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің ректоры, академик, белгілі қоғам қайраткері әрі өнер жанашыры Ерлан Сыдықовтың бастамасымен білім ордамыз ұжымының 28 ақпанда «Астана Операға» жол салып, атақты «Аида» қойылымын бірге тамашалау сәтінде көргеніміз бен көңілге түйгеніміз осы болды. Осы тұста жақсы бастама жалғасын тап­қа­нына бек қуанышты екенімізді жасырғымыз келмейді. Әр адамның төл мерекесі – туған күнді атап өтудің жарқын үлгісін көр­сетіп, Ерлан Бәтташұлы бұдан бұрын университет ұжы­мын Астанадағы Қалибек Қуа­ныш­баев атындағы театрдың Мұ­қағали ақынға арнаған қойылымына шақырған болатын. Енді, міне, қазақ өнерін әлемге паш еткен, ұлттық мәдениетіміздің биік ордасы «Астана Операның» жауһар туындысын білім ордамыздың профессорларымен бірге тамашалау сәтін туғызып отыр. Оған оқытушылар қауымы дән риза. 3 сағат 30 минутқа созылған қойы­лымды сілтідей тынып, сүйсіне тамашалаған көрер­меннің басым көпшілігін құ­раған университет ұжымының әрбір мүшесі рухани ләззат алғаны даусыз. Итальян тілінде орындалған туындымен сахна маңдайшасындағы экраннан қазақ және орыс тілдеріндегі ілеспе аударма арқылы танысып, терең сезімге бөленген кө­рер­меннің жан дүниесі тазарып, эстетикалық талғамы өскені – «Астана Опера» мақсатының орындалғаны. Ал рухани азық алу арқылы бірлігі артқан, мәдениеті өскен университет ұжымының алда тұрған биік белестерді бағындыруға күш-қуат жинағаны – білім ордамызға театрдың тартқан айрықша сыйы. «Астана Опера» театрының ашылу салтанатында Елбасымыз: «Зауыттар мен жолдар салатын ел берік тірегін болашақ жылдар бойына орнатады. Мектептер мен ауруханалар салатын ел ұлт болашағының ондаған жылдар бойғы қамын жейді. Театр тұрғызатын ел ғасырлар арқылы болашағына көз тігеді», – деген терең мәнді сөз айтқаны есімізде. Осындай ұлы мақсатта салынған театр көрермендері көп болса ғана мұратын орындай алатыны хақ. Соны айрықша түйсініп, бірлігі жарасқан, берекесі артқан ұжымын төл мерекесі – туған күнінде театрға шақыруды дәстүрге айналдырған Еуразия ұлттық университеті ректорының бастамасын басқа ұжым басшылары жалғастырып әкетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қайрат ӨМІРБАЙҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры.