• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2015

Кадр қадірі артады

193 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев пен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметовтің қатысуымен «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат жағдайында кадрларды даярлау» тақырыбында брифинг өтті. Аталған тақырып бойынша бірқатар ұсынымдар мен жоспарларын талқыға салған Т.Балықбаев министрліктің атқарып жатқан іс-шаралар жобасымен таныстырды. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы тапсырмалары барысында, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығына мамандар даярлау мәселесі шеңберінде жұмыс жүріп жатқандығын атап, 10 ЖОО базасында экономика салаларының ғылыммен байланысын қамтамасыз ету жүзеге асуда деген вице-министр жоғары оқу орындарының жұмыс берушіге географиялық жағынан жақындығы түлектердің жұмысқа орналасуын жеңілдетіп, өнеркәсіп орындарымен тығыз қарым-қатынас орнататынын жеткізді. Сонымен қатар, ол осы бағдарламаны іске асыру мақсатында арнайы консорциум құрғанынан хабардар етті. Қазіргі жағдайда арнайы кадр тапшылығы толықтай анықталды. Жүйелі жұмыс нәтижесінде 10 мыңнан астам білікті маман әзірлеу жоспарлануда. Биыл қыркүйектен бастап мемлекеттік тапсырыс шеңберінде салалық магис­тратура бойынша маман даярлау бас­талады. Ағымдағы жылы оған 1900 адам, 2016 жылы кем дегенде 2500, ал 2017 жылы 3500 адам қабылдау жос­парда бар. Сондай-ақ, 2017 жылы қажет кадрлар толығымен дайындықтан өтіп, жұмысқа кірісетін болады. Басты мәселелер оқу бағдарламаларын жасау, 24 жаңа зертхана салу басты міндет, деп атап өтті вице-министр. Бұл тұрғыда ол жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын дамыту, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу, шетелдік ғалымдарды тарта отырып оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша 2015-2017 жылдарға арналған көпарналы қаржыландыру тетіктері анықталғандығын да алға тартты. Одан кейін сөз алған Ғ.Нығыметов еліміздегі халықаралық бағдарламалар барысындағы ақпараттармен таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлемнің 200 үздік жоғары оқу орындарында 1823 стипендиат Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Еуропа, Азия және Ресей, т.б. елдерде оқып жүр екен. Өткен жылғы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау бойынша магистратураға – 457, тағылымдамаға – 298, докторантураға – 25, мемлекеттік қызметке – 121, ғылыми-педагогикаға – 72, өзге де салаға – 35 стипендия бөлініпті. Оның айтуынша, жалпы алғанда 1994-2014 жылдары 11 126 стипендия тағайындалған. Сонымен қатар, Ғ.Нығыметов ағымдағы жылы негізгі назар академиялық білімге аударылатын кәсіби тағылымдама бағдарламалары қысқартылатынын тілге тиек етті. Тағылымдамалар тек қазақстандық кәсіпкерлерге ғана бағытталатынын нақтылаған ол, 2015 жылғы конкурсқа құжаттар қабылдау 15 сәуірден бастап 1 қазанға дейінгі аралықта өтетінін еске салды. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».