Биылғы жыл әлемдегі бірқатар мемлекеттер үшін экономикалық ауыртпалықтар мен саяси дағдарыстардың көрініс беруімен басталды. Бұл үрдіс саябыр тауып, бәсеңдеудің орнына, керісінше, уақыт өткен сайын үдеп, тіпті, өршіп барады. Оған көпшілік қауым шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы куә болып отыр.
Әлемді дағдарыс дендеп барады. Әрине, қорқынышты. Еуропаның бірқатар елі экономикалық дағдарыстан шығуға қаншама қам-қарекет жасаса да, жағдайлары қалыпқа түсер емес. Оған осыдан бес-алты жылдай бұрын, экономикасы мығым мемлекеттер қатарында болған Грекияның бүгінгі ахуалын келтіруге болады.
Қазіргі кезде Еуропада дағдарыстың салқыны тимеген ел жоқ десек, қателеспейміз. Оның үстіне Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттердегі саяси тұрақсыздық мигранттардың «жайлы жер» іздеп, өз отандарынан бас сауғалап қашуға әкеліп отыр. Бұл бүгінде өткір проблеманың біріне айналуда.
Ал біздің еліміз әлеуметтік-экономикалық қиын жағдайларға душар болып отырған жоқ. Межелеген кешенді жобалар өз ретімен жүзеге асырылуда. Міне, бұл – бекем орныққан саяси тұрақтылық пен ынтымақтастықтың нәтижесі.
Перу фермерлері нәпақасынан айырылды
Перу билігі есірткі саудасымен күрес шеңберінде кока алқаптарын жою жұмыстарын жалғастыруда. Осыған байланысты мыңдаған жергілікті фермер табыс көзінен қағылып отыр. Төленген өтемақының мардымсыз екеніне наразы болған олар биліктен бұл тығырықтан шығар жолды қарастырмайынша, аталған әрекетті тоқтатуды талап етуде. Алайда, үкімет райынан қайтар сыңай танытқан жоқ.
«Біз бұл аудандарда есірткі тасымалына байланысты арнайы операциялардың жүргізіліп жатқанын ұмытпауымыз керек. Әрине, кока өндірушілерді есірткі саудасымен айналысады деуден аулақпыз. Бұл мүлдем басқа жағдай. Алайда, есірткі саудалаушылар оларды өз қақпандарына түсіріп, қылмыстық істерге пайдаланады», – дейді осы мәселе жөнінде түсініктеме берген үкіметтік комиссияның өкілі.
Соңғы екі жылда Перу билігі 55 мың гектар кока алқабын жойған. Ал биыл тағы 35 мың гектардың көзін құртуды жоспарлауда. Сондай-ақ, осы аралықта 300-ден астам кокаин дайындайтын лабораториялар анықталып, жойылды. Одан бөлек, 20-ға жуық заңсыз ұшып-қону жолағының жұмысы тоқтатылды. Бұл жолақтар шағын ұшақтармен Боливияға есірткі тасымалдау үшін қолданылып келген.
Түркияда жұмыссыздық деңгейі төмендеді
[caption id="attachment_73704" align="alignright" width="560"] Tatvan'dan 20 ülkeye eşofman ihraç ediliyor[/caption]
Анадолы елінде жұмыссыздық деңгейі осы жылдың сәуір айында 9,6 пайыздан 9,3 пайызға дейін төмендеді. Әйтсе де бұл 2014 жылғы мамырда тіркелген 8,8 пайыздық көрсеткіштен әлі күнге жоғары болып тұр. Түркия статистика институтының (TUIK) деректеріне сүйенсек, жұмыссыздық деңгейі сәуір және маусым айлары аралығында азайған. Алайда, маусымдық емес көрсеткіш бойынша оның артуы байқалады. Атап айтқанда, мұндай жұмыссыздық деңгейі 2015 жылдың мамыр айында 10,2 пайызға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,3 пайызға артық.
Сарапшылардың пікірі бойынша, жұмыссыздық деңгейі ауыл шаруашылығы мен туризм саласындағы маусымдық жұмыстардың көбеюіне байланысты төмендеп отыр. Оны маусымдық емес деңгейдің көтерілуінен байқауға болады.
Мамырдағы көрсеткіш бойынша Түркияда 15 жастан асқан жұмыссыздар саны 2,78 млн. адамды құраған. Өз кезегінде бұл – былтырғы осы мерзімдегі көрсеткіштен 238 мың адамға артық.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығынан тыс жұмыссыздық деңгейі өткен жылы тіркелген көрсеткіштен 0,7 пайызға артып, 11,4 пайызға жетіп отыр. TUIK-тің деректеріне сүйенсек, бір жылдың ішінде жұмыспен қамту деңгейі аз ғана өсіп, биылғы мамырда 46,9 пайызға жеткен.
Халықтың экономикалық белсенділігі бұрынғы межесінде қалды – 51,7 пайыз. Қазіргі таңда елде жұмыс істейтіндердің саны 29 860 000 адамды құрайды. Оның ішінде әйелдердің үлесі бір жылда 1,1 пайызға артып, 32,1 пайызға жетсе, ер адамдардың үлесі бұрынғы 71,8 пайыздық деңгейде қалып отыр.
Сондай-ақ, өнеркәсіптік өндіріс орындарында жұмыспен қамтылғандар саны сәл ғана артып, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласындағы жұмыс орындарының жалпы көлемі қысқарды.
Ұлыбританиялықтар ауыр жұмыс жағдайына наразы
Ұлыбританиядағы Amazon компаниясының қызметкерлері еңбек жағдайының ауырлығын айтып, наразылық танытуда. Аталған интернет-дүкеннің осы елдегі филиалында еңбек ететін қызметкерлер мұндағы жұмыс режімі қатты шаршатып, моральдық тұрғыдан әлсіретіп жібереді деп шағымданып отыр. Ұлыбританиядағы кәсіподақтар көшбасшысы Элли Бейкердің сөзіне қарағанда, қызметкерлерге ұдайы қысым жасалатын көрінеді.
Жұмысшылар 16 тамыз күні The New York Times басылымында «Amazon ішінде: жайсыз жұмыс ортасында биік идея үшін күрес» (Inside Amazon: Wrestling Big Ideas in a Bruising Workplace) деген тақырыпта мақала жарияланғаннан кейін шағымданған. Мақалада қызметкерлермен тым қатал қарым-қатынас жасалатындығы жөнінде және Сиэтл қаласында орналасқан Amazon-ның штаб-пәтеріндегі ауыр еңбек жағдайы туралы айтылған. Мақала авторының айтуынша, қызметкерлердің дені ауыр дертке шалдыққан, оның ішінде қатерлі ісік те бар.
Компанияның негізін қалаушы әрі басшысы Джеф Безос келесі күні New York Times газеті арқылы қызметкерлерге ашық хат жолдады. Хатта ол мақалада баяндалған қорлау жағдайлары жөнінде кадр бөліміне немесе тікелей өзіне хабарлауын сұраған.
«Бұл өте ауыр еңбек. Төмен өнім деңгейін көрсетіп аламын ба деген қорқыныштан үнемі қатты күйзелісте жүресің. Біздің компанияда ақыл-есі дұрыс адам болу мүмкін емес. Ол үшін сізге ұдайы орташа көрсеткішті арттырып тұратын робот болуға тура келеді», – деп жазады Джеф Безос.
Компания басшысының сөзіне сүйенсек, мұндай ортада жұмыс істеймін деп қалған адам мақалада айтылғандай – есуас. Ол ойын: «Өзімнің кетіп қалатынымды білемін», – деп қорытындылайды.
Мұнай бағасы құлдырап барады
Кеше Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы Лондон биржасында 48 доллар 63 центке дейін төмендеді. Осыған орай ол 17 тамызда тіркелген соңғы бағамен салыстырғанда тағы 12 центке арзандады.
Бүгінде нарыққа қатысушылар мұнай бағасының құлдырауы Қытай мен өзге де Азия мемлекеттері экономикасының өсуін әлсіретеді деп қауіптенуде. Соған байланысты олар АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттары тарапынан болатын және әлем бойынша жоғары деңгейде мұнай өндіруге қатысты сұранысты төмендетуді көрсетіп берді.
Жаңазеландиялық ANZ bank банкінің сарапшылары «Базалық деректер жақын айларда негізгі нарықта төмендететін тәуекелді сақтау керектігін көрсетіп отыр. Әсіресе, бұл темір рудасы мен мұнайға қатысты», – деп пікір білдіруде.
Ресейдің экономикалық даму министрі Алексей Улюкев 17 тамызда жуық арада мұнайдың арзандауы екіталай деп мәлімдеді. Сондай-ақ, ведомство басшысы бүгінде 58 рубль тұратын доллардың орташа жылдық бағамы мұнай баррелінің орташа жылдық бағасына (56 доллар) байланысты болып отырғанын айтты. Егер министрліктің 2015 жылға болжаған базалық көрсеткіші бойынша мұнай бағасы 50 долларға дейін арзандаса, онда бір АҚШ доллары 60-61 рубльге дейін қымбаттауы әбден мүмкін.
Германияда бұрын-соңды болмаған босқындар легі күтілуде
BBC News ақпары бойынша, жылдың соңына дейін 750 мыңға жуық босқын Германиядан саяси баспана сұрауы мүмкін. Бұдан бұрын Берлин 450 мың адамның келетінін болжаған болатын, алайда, қазір бұл сан 650 мыңға жетіп отыр. Дегенмен, жергілікті билік елге қоныстанатын босқындардың бұдан да көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Антониу Гутерреш келімсектерді қабылдау ісіне Еуропа одағынан көбірек ел қатысқаны дұрыс деп есептейді. Ол жер аударуға ниет білдірген босқындардың барлығын тек Германия мен Швеция қабылдай алмайтынын алға тартты.
Биылғы жылдың ішінде Швеция аумағына 80 мыңға дейін мигрант келеді деп күтілуде. Десек те, келімсектердің едәуір бөлігі Германияға баруды көздейді. Өйткені, қазіргі таңда бұл ең көп мигрант қабылдайтын ел болып отыр. Ал, ең бастысы, оларға кепілді түрде баспана, тамақ пен минималды жәрдемақы беріледі.
Соңғы кезде Таяу Шығыс пен Сириядағы тұрақсыз жағдайларға байланысты Италия мен Грекия аумағына келіп жатқан мигранттар саны артуда. Еурокеңестің ұсынған жобасына сәйкес, босқындар Еуроодақ елдеріне олардың халық саны, экономикасы, өмір сүру деңгейі мен басқа да факторларына байланысты бөлінуі керек. Мысалы, Франция мигранттардың 14,7 пайызын қабылдаса, Германия 18,42 пайызын қабылдауы тиіс. Жалпы, Еуроодақ елдері өз аумақтарында екі жылда 32 мың босқынды қабылдауға келісті.
Тайваньдағы дауылдың шығыны орасан
Тайваньда болған «Соуделор» дауылының салдарынан 8 адам қаза болып, кем дегенде 420 адам зардап шекті. Тағы төртеуі із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Соңғы деректерге қарағанда, алапат дауыл ауыл шаруашылығына 49 млн. доллар көлемінде шығын келтірген. Электр желілеріне зақым тиіп, шамамен 5 миллион отбасы жарықсыз қалды. Дегенмен, бұл ақаулар қазір қалпына келтірілді. Көп ұзамай барлық әуе және теміржол бағыттары да қайта ашылды.
«Соуделор» дауылы осы айдың басында Мариан аралдары архипелагындағы Сайпан аралының аумағымен жүріп өтті. Тайфун өз жолында көптеген автокөліктерді аударып, ағаштар мен электр бағандарын құлатты.
Дауылға «Соуделор» атын Микронезия федеративтік штаттары қойған. Бұл микронезиялық Гуам аралынан оңтүстік-шығысқа қарай 1650 шақырым қашықтықта орналасқан Понпей аралының атақты көсемінің есімі болған екен.
Нью-Йоркте легионеллез ауруынан 12 адам көз жұмды
Соңғы айдың өзінде Нью-Йорк қаласында жұқпалы өкпе ауруына шалдығудың 100-ден астам фактісі тіркелді. 60-тан аса адам ауруханаға жатқызылып, олардың көбісі қазіргі таңда үйлеріне қайтарылды. Негізі ауруға ағзаларында легионеллезден басқа да дерттері бар қарттар шалдығуда. Кесел ең басында қаланың солтүстігіндегі Бронкс ауданында тарала бастаған. Легионелла бактериялары бірнеше жергілікті аурухана мен сауда орталығында анықталған.
Бұдан бұрын жергілікті билік өкілдері легионеллез ауруының таралуы тоқтағанын мәлімдеген болатын. Соңғы аптада аурудың таралуына байланысты жаңа оқиғалар орын алған жоқ.
«Легионерлер ауруы» деген атпен белгілі легионеллез – аса қауіпті жұқпалы өкпе ауруы. Оның белгілеріне безгек, ағзаның улануы, өкпенің, орталық жүйке жүйесінің және ас қорыту ағзаларының зақымдануы жатады.
Мигранттар мәселесі тығырыққа тірелді
«Онсыз да шығайын деп тұрған көз еді, бұтақ тиген соң қайтейін» деген екен баяғыда бір байғұс. Сол айтпақшы, экономикасы терең рецессияға ұшырап, қарыз құрсауынан тұншыққан Грекияны Жерорта теңізі арқылы ағылған босқындар тасқыны одан сайын тұралатты. Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас тамыз айының басында елінің тынысын тарылта бастаған босқындар проблемасын шұғыл шешу туралы Еуроодақтан көмек сұрады. БҰҰ-ның деректері бойынша үстіміздегі жылдың өзінде ғана бұл елге 124 мыңнан астам адам келген екен.
Әсіресе, Эгей теңізіндегі Грекияның Кос аралындағы жағдай өте күрделі ахуалда қалыптасып отыр. Бұл аралдың тұрғын-
дарының саны 30 мың адам болса, соңғы уақытта мұнда 7 мыңнан астам заңсыз мигранттар келген. Арал мэрі Йоргос Кирицис жақында Афина үкіметіне арнайы хат жолдап, енді босқындар тасқынын көтере алмайтындығын ашық мәлімдеді. Ол өзінің хатында «Жағдай өте шиеленісіп тұр. Барған сайын қантөгіс қаупінің алдын алу мүмкін болмай барады», деп атап көрсетті.
«Кос аралындағы босқындар жағдайы жер бетіндегі нағыз тозаққа айналған», деп мәлімдеді жақында осы аралда болған Германия Бундестагы төрағасының орынбасары Клаудиа Рот. Өзінің екі күндік сапары барысында саясаткер аралдың жергілікті билік өкілдерімен, босқындармен бірнеше кездесулер өткізген. Оның айтуынша, аралға заңсыз келген мигранттар жағдайы өте ауыр. Азық-түлік, медициналық көмек мәселелерін былай қойғанда, олардың жататын орны, әжетханалары да жоқ.
Экономикалық дағдарыстан есеңгіреген Грекия үкіметі елдегі жағдайды одан әрі қиындатқан босқындар проблемасын шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Өткен жексенбіде жергілікті билік Кос аралында шоғырланған босқындардың арасынан Сирия азаматтарын құрлыққа тасу үшін бірнеше кеме жіберді. Аралда шоғырланған босқындар арасында Сирия азаматтарынан басқа адамдар да жеткілікті. Міне, осы жағдай босқындар арасында алакөздік туғызуда. Еуропа үшін Сирияда азамат соғысы болып жатқаны анық. Сондықтан, Еуроодақ бұл елдің азаматтарына соғыс жағдайында өмірлеріне қауіп төнген адамдар ретінде қарайды. Ал қалған елдердің заңсыз мигранттары олар үшін экономикалық ахуалға байланысты қоныс аударуға ниеттенген босқындар болып есептеледі. Мәселен, Ирак елінің азаматы Тайеб Адиб былай дейді: «Менің көмек күткеніме көп күннің жүзі болды. Жергілікті билік тек сириялықтарға ғана көмек көрсетеді, өйткені, олар азамат соғысынан қашқан босқындар болып есептеледі. Ал еуропалықтар Иракта не болып жатқанынан мүлде хабарсыз. Мен Иракта болып жатқан жағдайды түсіндірмек болып едім, мені қуып шықты».
Ақиқатында Кос аралында өте апатты жағдай қалыптасқан. Осы аралда болған «Дәрігерлер үшін шекара жоқ» атты қоғамдық ұйымның өкілдері де мұндағы күрделі жағдайды ашық мәлімдеуде. Мамандардың айтуынша, әлемдік қауымдастық Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен босқындар проблемасымен бетпе-бет келді. Сондықтан, Еуропа бұл күрделі проблеманы шешуді шұғыл түрде халықаралық мәселелерді күн тәртібіне шығаруы керек.
Кезекті рецессия қарсаңында
Соңғы уақыттағы Қытай юанінің девальвациясы бүкіл әлемдік экономика үшін жер сілкінісіндей әсер етті. ҚХР-да орын алған экономикалық проблемалар тек валюталық сілкіністермен ғана шектелмейтін сыңайлы. Дуалы ауыз сарапшылардың айтуынша, әлемдік экономика бастан кешіретін кезекті рецессия енді шығыстан, яғни Аспанасты елінен келеді.
Morgan Stanley Investment Management дамушы рыногының бөлім басшысы Ручир Шарманың айтуынша, соңғы жарты ғасыр бойы жаһандық экономика рецессиясы әрбір 8 жыл сайын қайталанады. Қазір әлемдік экономика қатарынан 7 жыл бойы баяу, әрі сенімсіздеу болса да біртіндеп қалпына келу кезеңін бастан кешіруде. Соңғы апталарда орын алған жағдай әлемдік экономиканың кезекті рецессиясы таяу уақытта «made in Chine» белгісімен шығыстан қылаң беретінін көрсеткендей. Өкінішті жағдай болса да, бұл Қытайдың әлемдік супердержаваға айналғандығының тағы бір көрінісі.
Соңғы жарты ғасыр бойы барлық жаһандық рецессияның себепкері АҚШ болған еді. Жан басына шаққандағы ІЖӨ-нің деңгейіне байланысты және басқа да экономикалық көрсеткіштер бойынша Халықаралық валюта қоры соңғы 50 жыл ішінде болған 5 ірі жаһандық рецессияны анықтады. Олар өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында, 80-жылдардың басында және 90-жылдардағы дағдарыс, 2001 жылғы АҚШ-тың жоғары технологиялық көбігінің жарылуына байланысты және 2008-2009 жылдардағы ипотекалық несие көбігінің жарылуына орай орын алған дағдарыстар болып табылады. Барлық осы 5 жаһандық рецессия салдарынан әлемдік ІЖӨ 2 пайыздан да төмендеп кеткен болатын.
Соңғы 50 жыл бойы АҚШ планетадағы бірінші экономика болып келді. Сондықтан, бұл жетекші экономикада орын алған қандай да болмасын проблема жаңғырық сияқты әлемдік экономикаға әсер етіп отырды. Алайда, 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан кейін әлемдік экономиканың даму көзі Америка емес, Аспанасты еліне ауды. Осы уақыттан бері өткен 7 жыл ішінде жаһандық экономика өсімінің 3 бөлігі, яғни АҚШ-қа тиесілі 17 пайыздан 2 есе жоғары Қытайдың үлесіне тиеді. Ал қалған 2 ірі экономиканың: Еуропа және Жапонияның үлесі 10 пайыздан төмен құлдырап кетті.
«Бұл бүгінде жаһандық экономиканың өсімі Аспанасты елінің экономикасына тікелей байланысты екендігінің дәлелі», дейді Ручир Шарма. Оның айтуынша, соңғы уақытта ҚХР экономикасы өсімінің бәсеңдеуі жаһандық экономикаға кері әсер етуде. Қытай экономикасы өсімінің тежелуі әлемдегі дамушы экономикаларға кесірін тигізуде. Өйткені, олардың көпшілігі Қытай экономикасына шикізат, қосымша бөлшектер жеткізуші елдер болып саналады. Аспанасты еліндегі экономикалық өсімнің төмендеуі бұл елдердің экономикасының тұралауына әкеліп соғады. Үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде алғаш рет дамушы елдер экономикасының өсімі 2 пайыздан төмендеді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңынан 2000-жылдардың басына дейінгі кезеңде алғаш рет дамушы экономикалар дамыған экономикалардан төмен қарқынмен дами бастады. Әрине, дамушы экономикалар үшін де, жалпы жаһандық экономика үшін де ҚХР экономикасы өсімінің тежелуі тоқталғаны дұрыс болар еді. Алайда, Financial Times-тің мәлімдеуінше, бүгінде Аспанасты елінің экономикасында қалыптасқан жағдай валюталық сілкіністерден де тереңде жатыр. Қытай экспортының соңғы уақытта 8 пайызға төмендеуі, экономистердің есебі бойынша, ҚХР ІЖӨ-сінің өсімін 3 пайызға кері шегереді. Экономикалық өсім үшін экспорт емес, инвестиция шешуші рөл атқарады. Қытайдағы бұл салада қалыптасқан ахуал да ойдағыдай емес. Үстіміздегі жылдың 7 айы ішінде инвестиция өсімі ХХІ ғасырдағы ең төменгі көрсеткішке тең болды. Сондықтан, экономистердің айтуынша, Аспанасты елінің локомотиві жаһандық экономиканы жақындап келе жатқан рецессиядан тартып шығара алмайды. Олардың болжамынша, жаһандық экономикалық рецессия 2016 жылы немесе 2017 жылдың басында орын алады.
Жалпыәлемдік қарыз – 59,7 триллион доллар
Халықаралық валюта қорының есебі бойынша, әлемдік мемлекеттік қарыз 59,7 триллион долларды құрайды. Оның 29,05 пайызы немесе 13,91 триллион доллары АҚШ-тың үлесіне тиеді.
АҚШ-тың мемлекеттік қарызы ел ІЖӨ-сінің 3,4 пайызына тең. Осы ретте әлемдік экономиканың 29,1 пайызы АҚШ-тың үлесіне тиетіндігін айта кеткен жөн. Мемлекеттік қарызы жағынан екінші орынды Жапония алады. Бұл елдің мемлекеттік қарызы 11,936 триллион доллар немесе әлемдік мемлекеттік қарыздың 19,99 пайызын құрайды. Ал әлемдік экономикада Жапонияның үлесі небәрі 6,18 пайызға ғана тең.
Әлемдік мемлекеттік қарыздың 6,25 пайызы немесе 3,73 триллион доллары Қытайдың үлесіне тиеді. Ал әлемдік экономикадағы Қытай экономикасының үлесі 13,9 пайызға тең. Әлемдік мемлекеттік қарыздың 0,49 пайызы Ресейдің үлесіне тиеді. Бүгінде Ресейдің мемлекеттік қарызы 292,5 миллиард долларды құрайды. Жалпы алғанда, әлемдік мемлекеттік қарыздың 75 пайызы АҚШ, Жапония және Еуропаның үлесіне тиесілі көрінеді.
Айқарма бетті дайындағандар Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Айдар ӨРІСБАЕВ, Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».