Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында цифрлық тәжірибесімен бөлісті. Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі отырыста Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай көпшілікке төл өнім e-Qyzmet цифрлық платформасын таныстырды.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған саммит Женевадағы «диджитал апта» аясында өтіп жатыр. Дархан Жазықбай «ЖИ саласындағы алшақтықтарды еңсеру: әлеуетті арттыру, қолжетімділік және цифрлық негіздер» (Bridging AI Divides: Capacity-Building, Access and Digital Foundations) атты сессиясына арнайы қатысып, сөз сөйледі.
Жасанды интеллект қоғам өмірінің барлық саласына қарқынмен ене бастады. Оның әлеуетін адам ресурстарын басқаруда, мемлекеттік қызметке іріктеу мен өткеруде тиімді пайдалана білу қажет. Осы орайда агенттік төрағасы мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа технологияларды тиімді әрі жауапты пайдалану дайындығына тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың жасанды интеллектіге деген сенімі алгоритмдерден емес, мемлекеттің шешімдерді қаншалықты әділ, ашық әрі есепті түрде қабылдайтынынан басталады.
Еліміздің нақты тәжірибесі ретінде Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметті цифрлық трансформациялау нәтижелерін таныстырды. Бүгінде e-Qyzmet цифрлық HR-платформасы 80 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіні біріктіріп, 400-ден астам цифрлық HR-процесті қамтиды. Платформа 100-ден астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Мемлекеттік қызметке іріктеу конкурстары толықтай онлайн форматта небәрі 5-7 жұмыс күні ішінде өткізіліп, ашық, бәсекелі әрі объективті іріктеуді қамтамасыз етеді.
Еліміз мемлекеттік басқаруда Integrity by Design қағидатын басшылыққа алады. Үміткерлердің анонимді деректерін пайдалану, бірыңғай бағалау жүйесі, рейтингтердің автоматты түрде қалыптастырылуы және әрбір шешімнің цифрлық ізінің сақталуы субъективтілік пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бүгінде агенттік кадрлық деректерді талдау кезінде жасанды интеллект технологияларын қолданып, болжамды кадрлық жоспарлау мен мемлекеттік функцияларға аудит жүргізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні енгізу қолжетімділік, адами бақылау және есептілік қағидаттарына негізделген.
«Жасанды интеллект шешім қабылдауға көмектесе алады, бірақ ол адамның жауапкершілігін алмастырмауға тиіс. Түптеп келгенде, мәселе технологияның мемлекетті өзгерте алатынында емес, мемлекеттің осы технологияларға қандай құндылықтар енгізетінінде жатыр. Қазақстан ашықтық пен тең мүмкіндіктер қағидатын ұстанады және осы бағыттағы тәжірибесімен бөлісуге дайын», деді Д.Жазықбай.
Айта кету керек, елімізде жасанды интеллектіні дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының біріне айналды. Осы тұрғыда заңнамалық негізді жетілдіру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен мемлекеттік қызметтерге интеллектуалды шешімдерді енгізу жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Оған қоса, цифрландыру бағытында жинақтаған тәжірибесін халықаралық деңгейде бөлісуді де жалғастырып жатыр. Мәселен, мемлекеттік қызметтегі цифрлық HR шешімдері мен инновациялық тәжірибесі әлемдік деңгейде жоғары бағаланады. Бұл – еліміздің инновациялық әлеуетін танытып қана қоймай, жасанды интеллектіні жауапты қолдануға негізделген заманауи мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға ықпал етеді.