Энергия үнемдеу заңының басты тетігі мемлекеттік энергетикалық тізілімнің қызмет етуіне байланысты. 2016 жылдың шілдесіне дейін 3000-нан астам кәсіпорын энергия аудитінен өтуі қажет. Оның қорытындысы бойынша осы кәсіпорындардың энергия үнемдеу жоспарлары, жабдықтарды, техникалық процестерді, ғимараттарды жаңғыртуға бағытталатын болады.
Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов мәлімдеді. Мемлекет басшысы 11 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қазіргі уақытта елге жаңа жағдайға бейімделу керек болатынын, ол үшін экономикалық және заңнамалық сипаттағы жедел шаралар қажет екендігін атап айтты. Энергия тиімділігі саясатын іске асыру қазіргі таңда өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және көлік секторын жаңғыртудың басты құралдарының бірі болып табылады, деген комитет төрағасы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың табысты саясаты елдің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігіне назар аударды.
Сондай-ақ, оның айтуынша, энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету жаңа инновациялық технологиялар мен шешімдерді енгізуді ынталандырады. Ал ол өз кезегінде ғылымның дамуы мен технологиялар трансфертінің өзара белсенді ықпалдасуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, Аманияз Қасымұлы атап өткендей, Елбасы энергия үнемдеу саласында жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 2015 жылға қарай кемінде 10 пайызға және 2020 жылға қарай кемінде 25 пайызға төмендету міндеттерін қойғандығын тілге тиек етті. Бұл тұрғыда аталған тапсырма бойынша жұмыстар басталып кеткендігін айта отырып, Үкімет біраз жүйелі шаралар қабылдап, энергия үнемдеудің негізгі механизмдері жасалғандығын баса айтты.
Осылайша, энергия үнемдеу мемлекеттің стратегиялық және жаңа индустрияландыру саясатының міндеттеріне жатады, деді А.Ержанов. Осыған байланысты қазіргі таңда қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін маңызды іс-шаралар іске асырылып жатқандығын жеткізген комитет төрағасы нормативтік-құқықтық база құруда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңның қабылдануы энергия тиімділігін арттыру саясатын дамытуда маңызды кезең болып табылатындығына тоқталды. Оның айтуынша, заң шеңберінде маңызды нормативтік-құқықтық актілермен нормативтік-техникалық құжаттар қабылдануда. Соның ішінде көлік технологиялары, сондай-ақ, үйлер, ғимараттар мен құрылыс материалдарына энергия үнемдеу бойынша міндеттер мен талаптар қойылған. Және мемлекеттік энергия үнемдеу 2020 бағдарламасы аясында өңірлік және салалық энергия үнемдеу жоспарлары орындалып жатқандығын нақтылай отырып, энергия үнемдеу саясатының басты міндеттерінің бірі – оны лайықты насихаттауда және кадрларды дайындауда халықпен тығыз жұмыс істеу болып табылатындығын баса айтты.
Келесі кезекте сөз алған ТКШ мен ұлттық құрылыс палатасы басқармасының төрағасы Төлеутай Рақымбеков Үкімет тарапынан энергия үнемдеу 2020 бағдарламасы 2013 жылы тамызда қабылданғаннан кейін, сол жылдың қараша айында Инвестициялар және даму министрлігімен палата арасында меморандумға қол қойылғанын, меморандумның басты мақсаты энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағытындағы мемлекеттік саясатқа қоғамдық қолдау көрсету екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, аталған меморандумның орындалу аясында біраз шаралар іске асырылған. Қоғам арасында энергия үнемдеу саясатын одан әрі насихаттау мақсатында 2015 жылы наурыз айынан бастап «Энергия тиімді Қазақстан» республикалық акциясы басталатынын хабарлады.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».