• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2015

Қостанай облысында кәсіпкерлік орталығы ашылды

246 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 4 наурыз. Қостанай қаласының іргесіндегі Қостанай ауданында кәсіпкерлік орталығы ашылды. Ол «бір терезе» ұстанымымен жұмыс істейтін болады. Бұл туралы ng.kz хабарлады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев: «Бұл кәсіпкерлерлік орталықты «халыққа қызмет ету орталығымен» салыстыруға болады. Кәсіпкер ісін ешқайда жүгірмей, алаңдамай бір ғимараттың ішінен бітіріп шығады. Бұл істі облыс әкімшілігімен бірге істеген соң, орталықта мемлекеттік органдардың – жер, архитектура, құрылыс бөлімдері қызметкерлері де қызмет көрсетеді. Сонымен қатар кәсіпкерлер палатасының өкілі, салық жөніндегі кеңесші, бухгалтерлер, «Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамының мамандары да осы жерден табылады» деді. Кәсіпкерлер орталығында барлық қызмет түрлері ақысыз көрсетіледі. Сонымен қатар орталықта кәсіпкерлер мектебі жұмыс істейтін болады. Мектепте тек кәсіпкерліктің теориясы ғана емес, тәжірибелі кәсіпкерлер де кеңес беретін болады. «Даму» қорының бұрын ашқан кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығынан басты айырмашылығы, бұл – кәсіпкерлерді сервистік қолдау болып табылады. Яғни, бұрын әр жерде шашырап жүрген «Дамудың», «Казагромаркетингтің» кеңесшілері мен мемлекеттік органдар мамандарын бір жерге жинап, құрылым жаңғыртылды. Енді мұндай кәсіпкерлер орталығы аудандардың барлығында да ашылатын болады. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: ng.kz.