• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2015

Қарағандыда жиен інісін өлтірген қыз 17 жылға сотталды

366 рет
көрсетілді

ҚАРАҒАНДЫ. 4 наурыз. Қарағанды қаласында өзінің жиен інісін өлтірген Қаламқас Аманбек 17 жылға сотталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты Қарағанды экономикалық университетінің студенті Қаламқас Аманбекті 11 жасар жиен інісі Леон Серікбаевтың өліміне айыпты деп тапты. «Сот сотталушының өз кінәсін мойындамағанына және полицейлердің тарапынан өзіне күш көрсетіліп, моральдық қысым жасалды деген мәлімдемесіне сыни көзбен қарайды. Қылмыстық іс материалдарында сотталушының осы қылмысқа тікелей қатысы бар екенін айғақтайтын куәгерлер жауаптары мен қылмысқа пайдакүнемдік мақсатта барғанын дәлелдейтін ломбард бейнебақылау камерасының жазбалары бар», - деді судья Төлеген Таңсықпаев.

Судья студентке жалпы режимдегі колонияда 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді. Бұған дейін прокурор Саян Аққожин тараптарды қатар тыңдау кезінде Леон Серікбаевты өлтіргені үшін сотталушыға 18 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесуді сұраған болатын. Сонымен қатар, қыздың тағы бір қылмыстық іс бойынша күдікті екені белгілі болды. Оған қатысты жаңа туған сәбидің жоғалып кетуі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Леон Серікбаевтың әкесі сотта студент қыздың 2014 жылы ақпан айында босанғанын хабарлады. «Бірақ оны тіркеген емханада ол біздің көршілеріміздің мекен-жайын айтқан. Сол уақытта ол жақта ешкім тұрмады, сондықтан патронаж медбике келсе, ол үйде ешкімді де таппайтын еді. Баланы босанғаны жайлы дерек бар, бірақ сәбиді ешкім көрмеді, ұшты-күйлі жоқ. Полицейлер студенттің өз қызының жоғалуына қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр», - деді ол. Еске сала кетейік, 11 жастағы Леон Серікбаев өткен жылдың 25 қыркүйегінде өз үйінен нағашы әпкесінің қара күзен тонды ұрлап жатқанын көріп қалғаны үшін қанішердің жазасына ұшыраған еді. Қыз інісін пышақтап, тұншықтырған. Баланың үстінен мектеп формасын шешіп, оны өртеп жібереді де, марқұмды көшедегі дәретхананың шұңқырына тастайды. Сотта осыған қатысты бейнематериалдар көрсетілген. Солардың бірінде айыпталушының ломбардқа келіп, аталған тонды өткізіп жатқаны түсіп қалыпты. Айта кетейік, Қаламқас Амандықтың әкесі Үсен Серікбаев қаза табушы Леон Серікбаевтың анасының туған ағасы болып табылады. Айқын Несіпбай, Дерек, фото: Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты.