Каспий теңізін жағалай төселген «Боржақты-Ерсай» теміржолының құрылысшылары жобаны пайдалануға тапсыруға дайындалып жүр. Өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәрі түбекте бірқатар ірі жобалармен танысып, «Боржақты-Ерсай» теміржолының да алғашқы рельсін өзі төсетіп, жаңа жолдың тұсауын кескен еді.
Елімізде Ақтаудан кейінгі екінші Құрық портын ашуға мүмкіндік беретін 14 шақырымдық жол теңіз көлігін кеңінен пайдалануға үлкен мүмкіндіктер тудыратын аса маңызды инфрақұрылымдық нысан болып саналады. Құрылыс жұмыстары аяқталғалы тұрған теміржол қазіргі жұмыс істеп тұрған Маңғышлақ-Өзен магистралімен жалғаса отырып, Құрық портына барып тіреледі. Еліміз ол жерде жүктерді өткізіп, жөнелту қабілеті өте зор кешенді паром салып жатқаны мәлім. Дәл қазіргі уақытта Боржақты стансасында негізгі қабылдап, жөнелтуші екі стансалық жол тартылып болған. Онда тоғыз бірдей бағыттаушы бұрма орнатылыпты. Бұл шара ертеңгі күні ағылып келетін жүк тасқынын іркіліссіз өткізудің қамы екені аян. Қуанарлығы, осы кездің өзінде станса құрылыс материалдары мен түрлі жүктерді белсенді түрде қабылдау жұмысын жүргізіп отыр.
Соңғы алты жылда Маңғыстау облысының теңіз порты және теміржолын дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 200 млрд. теңгеден асып жығылыпты. Осы теміржол арқылы Құрық теңіз порты мен оның айналасында жаңа өндіріс орындарын дамытуға жағдай жасалады. Жаңа өндірістердің қатарында кеме жасау және өңдеу, индустриялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындар болады. Жобалар толық жүзеге асырылып болғанда 4000-нан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Айтылған осынау жобалардың іргетасын қалап, құрылысын жүргізуде негізгі тетік болғалы тұрған теміржол өз игілігін бере бастағанын айттық. «Біздің жұмысшы пойыздарымыз осы айдың жетінші жұлдызынан бастап үздіксіз жүріп жатыр. Осы жол арқылы құрылысқа керектің бәрі тасылуда. Бұйыртса, шілденің бірінен бастап Ерсай стансасына жалғанып, одан әрі Құрыққа баратын теміржол желісімен теңіз жағалауына орын тебетін кешенді паром салуға керекті құрылыс материалдары әкеліне бастайды», дейді жоба жетекшісі М.Дадабаев.
Оның сөзіне қарағанда, жобадағы барлық жолдың жалпы ұзындығы 23,8 шақырымды құрайды. Жобаның құрамында Ақтау мен Құрықты жалғайтын автожол да бар. Сондай-ақ, электр энергиясын жеткізуші екі желі де тартылып жатыр. Мамандар оның қуаттылығы 10 кВт болады деп отыр. Мұнымен қатар, желі жаңа жабдықтармен қамтылады. Атап айтқанда, «Бомбардье Транспортейшн» компаниясының EBILock 950 жүйесі енгізіліп, жұмыс сол арқылы атқарылатын болады.
Мемлекет басшысы өткен жылғы сапары барысында алдымен Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жобасын жүзеге асыру барысымен танысып, «Қазақстанның теңіз қақпасы ретіндегі маңызы өсе беретін портқа мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр», деген еді. Ақтау портының жүк өткізу әлеуетін күшейту үшін тағы үш құрғақ жүк терминалдарының құрылысы жүргізілуде. Бұл өз кезегінде құрғақ жүктерді қабылдау мүмкіндігін 3 млн. тоннаға дейін көбейтеді. Ал Құрық портында қуаттылығы 4 млн. тоннаға дейін жететін кешен салу жоспарланған.
Жаңа жолдың тиімділігін теңіз жағалауының осы тұсында орналасқан «Ерсай» кәсіпорыны да молынан көргелі отыр. Кәсіпорын басшылары тас жолға қарағанда теміржол арқылы компанияның жұмыс тиімділігі арта түседі деп санайды. Аталған теміржолдың құрылысының басталу рәсімінде «Теңіз операцияларын жасайтын біздің компания үшін теміржол арқылы жүк жеткізу шығынды әлдеқайда азайтып, үнемдеу ісін анағұрлым жақсартады деп сенеміз. Бұған қоса жанымызда жатқан Қарақия ауданының орталығы Құрық селосы да дамитын болады», деген еді компанияның өкілі Әділет Адам.
Тәуелсіздік жылдары елімізде экономиканы көтеру мен алыс-жақын шетелдермен интеграцияны әртараптандыратын, транзиттік әлеуетімізді еселеп арттыратын жалпы ұзақтығы 2000 шақырымнан асып жығылатын теміржол магистральдері салынды. Сонау Қытайдың Ляньюнгон порты арқылы Достық-Жетігенді жағалап келетін жол Ерсай, Болашақ, Құрық, Ақтаумен Еуропа, Парсы шығанағына шығады. Аталған жобалар толық жүзеге асырылып болғанда, Орталық Азияның транзиттік, көліктік-логистикалық хабына айналмақпыз.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».