• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2015

Жария ету ісі жақсылыққа бастайды

253 рет
көрсетілді

* Мемлекеттік мәселе Көлеңкелі экономикамен күрес – ол экономиканы дамыту үшін қосымша «қорек» іздестіру ғана емес, сонымен бірге оны сауықтыру міндеттерін шешудегі мемлекет қабылдайтын бүтіндей бір шаралар кешені. Экономикаға «көлеңкеден» тек қана заңды қатаңдату және санкциялар арқылы қаржы тартуға талпыныс жасау сыңаржақ қадам болатындықтан, мемлекет ынталандырушы тәсілдер қолданады. Рақымшылық жасау мен жария ету осындай шаралардың бірі болып табылады. Егер рақымшылық жасау ұғымы белгілі бір заң бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатуды білдірсе, жария ету қылмыссыздандыру мақсатында заңдық күшіне енгізуді және ресми тануды білдіреді. Тәуелсіздіктің қысқа мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы ішкі капиталды экономикаға тартуда бай тәжірибеге ие болды. Жария етудің негізгі міндеті әркезде де экономикаға көлеңкелі капиталды тарту және мүлікті заңдастыру болып келді және солай болып қала береді. Осылайша, нарық экономикасына көшуге байланыс­ты өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Қазақстанда оларға деген құқықтар тіркелмеген мүліктің үлкен көлемі жинақталды. Осыған байланысты мүлікті жария етуді жүзеге асыру қажеттігі туындады. Осылайша, кеңшарлар мен ұжымшарлардың ыдырауынан кейін жерге ие болған шаруаларда ол кездері өздеріне пай ретінде тиген техниканы, жер телімін заңдастырып алуға ақша да, заңды дайындық та болған жоқ. 2006-2007 жылдары жүргізілген жария ету халықтың қалың топтарына бағдарланды. Ал, 2014 жылдың қыркүйегінде басталған жария ету мемлекет алға қойған бірнеше мақсаттарды көздейді. Осылайша, ел аумағында орналасқан мүлікке ие болу құқығын заңдастыру бірінші міндет болып табылады. Бұл міндет қолайлы әлеуметтік ахуалға жағдай жасап, тіркелген мүлік банктерде және басқа жағдайларда кепілге қоюға мүмкіндік беретіндіктен халыққа айтарлықтай көмек көрсетеді. Екінші міндет заңды айналымнан шығарылған ақшалай қаржыны экономикаға тарту болып табылады. Үшінші – жаппай декларациялауға дайындау және шетелдерде мүлкі бар салық төлеушілерді есепке алу. Бүгінде жүріп жатқан жария етудің басты мақсаты – ол оларға экономиканы әртараптандыруға инвестор болу және қатысу мүмкіндігін бере отырып, халықтың жасырын активтерін экономикалық айналымға тарту. Жария етудің үшінші толқынын жүргізу барысында бұрынғы дәл осындай акциялардың тәжірибелері, сол сияқты, өзге елдерде жария етуді жүргізудің озық мысалдары ескерілетін болады. Әлемдік тәжірибеге, мәселен, италиялық тәжірибеге сәйкес, жария етілгеннен кейінгі ақшаның бір бөлігі ресми түрде шетелге кетеді. Италиядағы жария етудің ерекшелігі сол, бұл ұлттың шетелдерде өте үлкен диаспоралары бар, сонымен бірге, көптеген италиялықтар қос азаматтық алған. Іс жүзінде бұл Италияға өз диаспорасы арқылы өзге елдерден қосымша инвестициялар тартуға жағдай туғызды. Қазіргі кезде күшінде тұрған заңнамалар арқылы мемлекет инвестициялаудың төмендегідей құралдарын ұсынып отыр. Мәселен, жария ету субъектілерінің ұлттық холдингтердің, компаниялардың, банктердің, даму институттарының облигацияларын, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың активтерін, «Халықтық ІРО» акцияларын сатып алуларына болады. Бүгінгі күні 140 млрд.теңгенің сыртында мүлік жария етілді, оның ішінде 29 млрд.теңге ақшалай қаржылар болып табылады. Қазіргі сәтте Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, жария ету субъектілері үшін инвестициялық межені кеңейту, сондай-ақ, акцияның тартымдылығын ынталандыру және арттырудың қосымша шараларын қабылдау мәселелерін талқылауда. Оның сыртында, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жария ету субъектілерін құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз қудалауға қатаң бақылау орнату мәселесі де қарастырылуда. Шетелдерде орналасқан мүлікті жария ету жария ету іс-шарасының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Көптеген қазақстандықтардың алыс шетелдерде де, сол сияқты, жақын шетелдерде де жылжымайтын мүліктерінің бар екені еш құпия емес. Дегенмен, жаппай декларациялауды енгізу қарсаңында біз үшін шетелдердегі біздің азаматтарымыздың мүліктеріне қатаң есеп жүргізу аса қажет. Жаппай декларациялауда ондай мүліктерді міндетті түрде декларациялау шарасы қарастырылатын болады. Ол жағдайда жария етілген мүліктер бойынша оның қайдан шыққандығы туралы барлық мәселелер іс жүзінде күн тәртібінен алынып тасталады. Мұндай мүлікке ие адамдарға құқық қорғау органдарының да, мемлекеттік кіріс органдарының да субъектілерге қатысты ешқандай сауалдары туындамайды. Ал басқа мүлікке қатысты табыстарды алу көзі туралы сауалдар ашық күйінде қала бермек. Осыған байланысты мен барлық қазақстандықтарға аталмыш акцияның мүмкіндіктерін пайдаланып қалу және бұдан арғы жерде Отанымыздың игілігі үшін заңды түрде жұмыс істеп, өмір сүруге кеңес беремін. Бақыт СҰЛТАНОВ, Қаржы министрі.