ШЫМКЕНТ. 17 мамыр. Бұрнағы күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы маңындағы Ескі Иқан ауылындағы жекеменшік үйдің алдында орнатылған Сталиннің ескерткіші алынып тасталды. Бұл туралы Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Абдулла Саидикрамовтың сөзіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ескерткіштің бұзылу процесі 15 мамыр күні жүргізілген. Ауыл әкімінің айтуынша, жұмыс түскі сағат 12-лер шамасында қолға алынып, жекеменшік үйдің ауласында орнатылған Сталин ескерткіші заңсыз болған соң алынып тасталған. Себебі, ескерткішті ауласына қойып алған ауыл тұрғыны бұған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінен рұқсат алмаған.
«Бүгін Сталиннің ескерткішін алып тастадық. Тұрғын ескерткішті алып тастауға келісті. Өйткені, жері заңсыз, нысаналы мақсаты дұрыс емес», - дейді әкім.
Үй мен жердің егесі кентте туғалы бері тұрып келе жатыр екен. Бірақ соңғы уақыттары меншігін қайта тіркеуден өткізбеген. Ауыл тұрғындары ескерткішті тұғырынан өздері бөліп, бұзып алып шыққан. Олар монументті үш бөлікке бөліп алған.
Ескі Иқандағы ескерткішті алу жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Мурат Юлдашев мұның бәрі кент және аудан басшылығымен белгілі бір дәрежеде келесімге келудің арқасында осыған қол жеткізілгенін айтты. «Үйдің иесі – Бақыт ағаның өз меншігіндегі жері жөніндегі құжаттарының бәрі дұрыс, тек соңғы мемлекеттік акт үлгісінде қайта тіркеуден өтпеген екен. Оны дайындауға бір жарым, екі айдай уақыт кетеді. Содан кейін ол, әлбетте, ескерткішті орнына қайта қоя алады. Бірақ осындай ескерткіштерді зерттеп көрмеген біздің де кінәміз бар, алдағы уақытта барынша сақ боламыз», - деді ол.
Түркістан ауданының Ескі Иқан ауылында болған Сталин ескерткішін демонтаж жасау, яғни бұзып тастау оқиғасы Қазақстан аумағы ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де үлкен қозғалыс туғызды. Биіктігі үш метрге жететін Сталин ескерткіші – Қазақстандағы мұндай жалғыз монумент. Жалпы, қазір күллі әлемде Иосиф Джугашвилиге орнатылған осындай бес ескерткіш қана бар екен.
Естеріңізге сала кетейік, Ескі Иқанда алпыс жылдан бері тұрып тұрған бұл ескерткіш 2006 жылы қатты дауылдан кейін құлап, сол уақыттан бері елеусіз жатқан. Оған дейін 60 жыл тұрған ескерткішті таяуда ауыл ақсақалдары өз қаражаты есебінен жөндеп, қайта көтеріп қойған болатын.
Бақтияр Тайжан.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: otyrar.kz.