• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2015

Астанада «Құнанбай» фильмінің тұсаукесері болды

327 рет
көрсетілді

АСТАНА. 17 мамыр. Кеше Астанада режиссер Досхан Жолжақсынов түсірген «Құнанбай» толықметражды көркем фильмнің тұсаукесері болып өтті. Бұл туралы Baq.kz хабарлады. Фильмнің сюжеті Абайдың әкесі, атақты дала кемеңгері Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңінен сыр шертеді. Тарихтан белгілі, Құнанбайға ел билеу ісі, одан қалды, ағайын арасындағы шиеліністер мен руаралық дау-дамайларды шешу оңайға түскен жоқ. Сондай сәттерде ол қашанда әділдікее жүгінген. Құнанбай өз халқының жанашыр перзенті ретінде қалың бұқара алдындағы қарызы мен парызын терең түсінген. Фильмде оның көрегендігі, данышпандығы, әділдігі, дәстүрді құрметтейтіні айқын көрсетіледі. Режиссер картинада Құнанбайдың тек жеке басы ғана емес, сонымен қатар, XIXғасырдағы қазақ қоғамының шынайы келбетін көрсетуге ұмтылыпты. «Бұл тың шешімдерге толы туындыда қазақтың өткен ескі өмірін де көруге болады. Лентада жалпы Құнанбайдың өзге де қырларын ашқымыз келді. Құнанбай – аса күрделі тұлға, билік тізгінін ұстаған кезіндегі қайраткерлігі қарама-қайшылықтарға толы. Ол би, болыс, аға сұлтан болып биліктің үш тұтқасын қатар ұстап, шариат жолына тура көзқараспен қараған ұлы адам. Құнекеңнің осындай ерекше қырларын бір фильмге сыйдыруға тырыстық», - деді режиссер. Фильм Абай ауданы, Қарауыл ауылында түсірілген. Түсірілім жұмыстары 1 ай 18 күнде атқарылған. Дайындыққа тура бес жылдай уақыт жұмсалған. «Киноны Хадиша Бөкеева апамыздан, кеше дүниеден озған Әшірбек Сығай ағамыздан дәріс алған менің үзеңгілес достарымның басын қосып түсірдім. Түсірілім барысында бес жүздей киіз үй тіктік. Тіпті, қара дауыл соғып, 200-ге жуық киіз үйді жел көтеріп кеткен кездер де болды. Тамашалаған көрермен қауымның қазақтың ескі өміріне саяхаттап қайтқандай әсер алатынына сенімім мол», - деді Д.Жолжақсынов. Көркем фильмнің сценариін Досхан Жолжақсыновпен бірге таяуда ғана өмірден кеткен жазушы Таласбек Әсемқұлов жазған. Ал музыка авторы - белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов. Фильмге елімізге танымал актерлармен бірге Семейдегі Абай атындағы және Достоевский атындағы театрлардың актерлары да тартылған. Айта кетейік, фильм жалпыұлттық прокатқа 25 мамырдан бастап шығады. Қайрат Құлымбет. Дерек, сурет: Baq.kz.