Теңгенің еркін айырбас алаңына жіберілуі қоғамды алаңдатып қойғаны анық. Бұған дейінгі экономикалық саясат, шындығында, көпшіліктің көңілінен шығатын. Дегенмен, әлемдік аренадағы түрлі өзгерістер мен түзілістер бізге де өз экономикамызды қайта бір қарауға, даму бағытын жаңаша айқындауға мәжбүрлеп отыр. Ондай болмаған жағдайда, дағдарыстан аман шығу-шықпауымыз екіталай. Елбасының өзі бұл мәселе жөнінде кешегі кәсіпкерлермен кездесуінде егжей-тегжейлі баяндады. Осы ретте біз Қызылорда облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле ҚҰЛЫМБЕТОВАҒА жолықтық.
– Сәуле Ибрагимқызы, еліміздегі соңғы экономикалық өзгерістер турасында не айта аласыз?
– Қазақстан Президенті еліміздің іскер топтарының өкілдерімен болған кездесуде әлемдік экономикада қалыптасқан ахуалды жан-жақты талдау сүзгісінен өткізді. Өткен жылдың соңында басталған әлемдік дағдарыс барлық елдерге, оның ішінде Қазақстанға да теріс ықпалын тигізген болатын. Шын мәнінде, бүгінгі күрделі жағдайда экономика заңдылығымен өмір сүру, сөйтіп сұраныс пен ұсынысқа сәйкес тіршілік ету қажет болды. Осы орайда Мемлекет басшысы бірқатар елдердің экономикасы құлдырағанын, оның ішінде біздің әріптестеріміз Ресей мен Қытайдағы жағдайдың біршама күрделі сипатқа ие болғанын атап көрсетті. Сонымен бірге, Қазақстан экспорты бірінші жарты жылдықтың өзінде 70 пайызға кеміді. Бұл айналып келгенде отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетті. Жұмыс орындары қысқарды. Әсіресе, отандық кәсіпорындардың Ресейге экспорты төмендеді.
Елбасы бұл орайда ел алдында іс-қимылдың үш нұсқасының бірін таңдау міндеті тұрғандығын атап көрсетті. Бәрін елеп-екшеп келгенде теңгенің еркін айырбас бағамына көшу ең дұрыс шешім ретінде қабылданды. Мемлекет басшысы мұның мәжбүрлі қадам екенін айта отырып, оған қарсы жергілікті жерлерде атқарушы биліктің атқаратын міндеттерін жан-жақты саралап берді.
– Жаңа экономикалық саясаттың ерекшелігі неде?
– Нарық заңдылығы бойынша экономика өз табиғатына сай үрдіспен дамуы қажет. Біз кезінде директивалық, яғни нұсқаулармен өмір сүретін экономиканың қандай зардаптарға әкеліп соққанын жақсы білеміз. Жоспарлы экономика кезінде, одан кейінгі тәуелсіздік жылдарының алғашқы жылдарында бағаны қолдан ұстап тұру, тежегіш тетіктерін жиі қолдану тұтыну рыногына едәуір теріс ықпалын тигізді. Біз ол жылдардан қиындық болса да біршама тәуір өттік. Ендігі жерде жаһандық экономиканың бүгінгідей күрделі жағдайға тап болып отырған дағдарыс кезеңінде әлемдік сұраныс пен ұсыныстың тәртібімен өмір сүрмесе болмайды. Себебі, бұл барлығы үшін ортақ заңдылық.
Үкімет пен Ұлттық банк теңгенің бағамын ұзақ уақыт бойы қолдан ұстап тұрды. Әрине, оның белгілі бір уақытқа дейін нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға оңды ықпал жасағанын атап өтуіміз керек. Бірақ теңгенің нарықтық бағамын қалыптастырмайынша еліміздің ішкі жалпы өнім көлемінің төмендейтіні, отандық кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктері шектелетіні анық еді. Ендігі жерде теңгенің айырбас бағамы нарық сұранысы негізінде және сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып қалыптасатын болады.
– Ал осыдан кейін баға өсіп кетпей ме? Оны тұрақтандыру үшін қандай жағдайлар жасалуда?
– 20 тамызда Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық мәжілісінде теңгенің жаңа айырбас бағамы экономиканың сауығуына, несие және инвестициялық белсенділіктің артып орта мерзімді болашақта инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендетуге негіз қалайтыны атап көрсетілді. Осы орайда жергілікті атқарушы билікке тұтыну рыногындағы ахуалды тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді.
Қызылорда өңірінде соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінде біршама тәуір көрсеткіштерге қол жеткізіле бастады. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев саланы дамытуға айрықша көңіл бөле отырып, болашақтағы өсуіміздің алғы шарттарын қалыптастыра бастады. Сайып келгенде, қосылған құны бар өнім өндіру біздің дамуымыздың кепілі болып табылады. Біз нарықтың заңымен өмір сүре отырып, Елбасының әрдайым атап көрсетіп жүргеніндей халық алдындағы әлеуметтік бағыттағы міндеттемелерімізді орындау үшін бар мүмкіндіктерімізді жұмылдыра беретін боламыз.
Әңгімелескен
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда.