• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Тамыз, 2015

Жағдайға қарай икемделейік

381 рет
көрсетілді

Бүгінде жұртшылық арасында басты тақырып арқауына айналып, қызу талқылауға түсіп жатқан мәселе – теңгенің еркін айналымға шыққаны жайлы Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдемесі. Бұл жөнінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Алтай ҚОЖАХМЕТТІҢ өзіндік айтар ойлары жоқ емес.

– Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттілігіміздің берік іргетасын қалап, экономикалық, әлеуметтік, сая­си бағыттарда сараланған реформаларды дәйектілікпен жүзеге асырып келеді. Алғы дамуымыздың нақты белгіленген қағидаттары бәсекелестікке қабілетті елдер қатарына қосылуға даңғыл жол ашты. Ішкі геосаяси тұрақтылыққа, ұлттық тұтастыққа негізделген ел ретінде небір күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Дүниежүзі­нің алпауыт елдерінің өзін тұралатқан аса қиын жаһандық дағдарыстардың алдын алу мақсатымен жан-жақты ойластырылған стратегиялық шешімдер мен жоспарларды қарсы қоя білудің арқасында тұрлаулылық қамтамасыз етілді. Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына батыл қадам баса отырып, халқы біртұтас, бірлігі мызғымас елге айналды. Халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі әрі қатысушысы ретінде іргелі бастамалар мен ұсыныстар көрсетіп келеді. ХХІ ғасыр барған сайын күрделене түскеніне көзіміз жетіп отыр. Ықтимал экономикалық, қаржылық тұрлаусыздықтар кез келген уақытта бой көрсетуі ықтимал. Осыған орай Президент дамудың жаңа кезеңіндегі бәсекеге қабілетті, әлеуеті зор, экономикасы қуатты қалыптасқан Қазақстанның ұзақ мерзімге арналған басым бағыттарын айқындап берді. Сонымен қатар, әлемдік нарықтағы қаржылық жағдайдың нашарлауы экономикамызға теріс ықпал ету факторларын да жоққа шығармады. «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тарихи құжатындағы ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерін еске алайықшы. Онда Елбасының: «Егер біз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз», деп атап көрсеткен болатын. Тарихи уақыттың көз ілеспес жылдамдықпен жеделдеуіне, қарқынды түрдегі өзгерістердің еселене түсуіне ілесу қиын. Демографиялық теңгерімсіздік, азық-түлік, энергетикалық проблемалар, табиғи ресурстардың сарқылуы, күн санап үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық – мұның бәрі әлемдік экономика әлі еңсере алмай отырған дағдарыстың жалғасы екені талассыз. Елбасының: «Жаһандық экономикалық жүйе 2013-2014 жылдардың өзінде елеулі іркіліске ұшыратып, атап айтқанда, шикізатқа әлемдік бағаның құлдырауын туғызуы мүмкін. Біз үшін мұндай көрініс аса тиімді бола қоймайды. Еуроодақтағы жоқ дегенде бір мемлекеттің ықтимал дефолты «домино әсерін» тудырып, біздің халықаралық резервтеріміздің сақталуы мен экспорттық өнім беруіміздің тұрақтылығына күмән туғызуы ықти­мал», – деп тым құбылмалы тарихи жағ­дайға қарата айтылған болжамы айна-қатесіз келіп, дамыған елдердің шикізат ресурс­тарына сұраныстың төмендегенін көріп отырмыз. Оған Грекиядағы жағдайды айтсақ та жеткілікті. Алға жылжыған сайын күрделі бәсекелестік жағдайындағы болжаусыз жағдайларды, жаңа дағдарыстарды, сын-қатерлерді аз кездестіріп отырған жоқпыз. Оның үстіне Қазақстанның жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалып, сыртқы сауда-саттықтың 90 пайыздайы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі екенін ескерсек, қиындықтардың бізді де айналып өтпесі анық. Әсіресе, негізгі әріптестеріміз Ресей мен Қытай тарапынан отандық өнімдерге деген қызығушылық күрт төмендеп кетті. Қызылжар өңірінің сыртқы тауар айналымының 74,7 па­йызы ЕАЭО елдеріне тиесілі болса, бұл көрсеткіштің көп азайғаны байқалады. Экономикамыздың басты көзі саналатын мұнай, металл секілді экспорттық өнімдердің нарықтағы бағасы кері құлады. Дағдарыстың барлық салаларды қамтуы әлемдегі ахуалды одан әрі шиеленістіріп, біраз жылға созылатынын аңғартып отыр. Сол себепті қалыптасқан қиын жағдайда теңгенің еркін айырбас бағамын енгізу және инфляциялық таргеттеуге көшу жолын таңдауымыз – бірден-бір дұрыс қадам. Еліміздің жаңа ақша-несие саясатына көшуін түсіністікпен қабылдай отырып, ұлттық валютаның айырбас бағамының еркіне жіберілуін нарық қалыптастыратынын естен шығармаған жөн. Біздің облыс­та да көрші Ресейдің арзан өнімдері мен тауарлары қаптап, жергілікті кәсіпкерлер көп шығын көрген еді. Енді валюта бағамын реттеу арқылы тығырықтан шығары, жағдайдың түзелері сөзсіз. Елбасының төрағалығымен өткен экономикалық саясаттың алдағы шараларына арналған кеңесте дағдарысты еңсеру, экономика өсімін қамтамасыз ету, рецессияны болдырмау мүмкіндіктерін табанды түрде қарастыруға нақты тапсырмалардың берілуі сыннан сүрінбей өтетінімізді айғақтаса керек. Осыған орай облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер мен қызметтер бағаларының негізсіз өсіміне тосқауыл қою мақсатымен арнайы штабтың құрылуы, басқа да ұйымдастыру шараларының қабылдануы құптарлық. Жұмыссыздықты болдырмау, тұрмысы төмен азаматтар мен отбасыларға әлеуметтік көмекті күшейту назардан тыс қалмағаны абзал. Десек те кей мәселелер байыпты ойластыруды қажет етеді. Мәселен, Үкімет мүшелері өткізген баспасөз мәслихатында экономиканы долларсыздандыру, ұлттық валютаны пайдалану жайы айтылды. Ниет жақсы, бірақ қалай? Нақты жағдайға үңілетін болсақ, бірқатар әлеуетті елдердің өздері валюталарын долларға қатысты амалсыз арзандатты. Осыны көре, біле тұра, ел ішінде доллармен есеп айы­рысушылар қатары азаяды дегенге кім сене қояды? Сосын қазақстандық банктерге несиені теңгемен беру мүмкіндігі аталды. Меніңше, депозиттерге салымды теңгемен салушыларды ынталандыру үшін пайыздық сыйақы мөлшерін әлдеқайда ұлғайтқан жөн. Осы екі мәселе оңтайлы шешілсе, экономика бағам саясатына тәуелсіз болады деген ұсыныспен келісуге болады. Үшіншіден, «білікті маманның жұмыс күні азайса, жоғалған сағаттарын Үкімет мойнына алып, табыстың үштен екі бөлігі субсидияланады» деген пікірлер айтылды. Адамдардың жұмыс сағатын қысқартып, бала-шағаны асырап отырған нәпақасынан айырғанша, жұмыс орындарын сақтап қалу қаржылық жағынан да, психологиялық жағынан да әлдеқайда тиімді болары анық. Сондықтан, валюталық саясат бағдарламаларын белгілегенде қазақстандықтардың тұрмысы мен өмір сүру сапасы бірінші орынға қойылуы керек. Өйткені, кешенді атқарылатын сауықтыру жұмыстары бір реттік шаралармен реттелетін науқандық жұмыс емес екенін түсінетін мезгіл жетті. Үкімет алдында үлкен сын тұр. Ол – Елбасы тапсырмаларына сәйкес жаңа ақша-несие саясатын түзіп шығу. Жазып алған Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».  ПЕТРОПАВЛ.

Бірлігімізді бекіте түсуіміз керек

Қанат ТАПАЕВ, «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС бас директоры. Мемлекет басшысы Нұр­сұл­­тан Назарбаев Ақордада өткен эко­номикалық саясаттың алдағы шаралары жөніндегі кеңесте: «Соңғы жылы әлемдік экономикадағы ахуал едәуір төмендеді. Экономиканың бүкіл дүниеде нашарлағаны бәрімізге көрініп отыр. Дағ­дарыс барлық бағытта, яғни шикізат тауарларына, валюта, қаржы нарық­тарына әсер етуде. Бұл дамушы және дамыған мемлекеттерде орын алып отырған жағдай. Шикі­зат тауарларына баға барша әлемде төмендеді, сондықтан біздің бюджетке түсетін қаржының ауқымы едәуір төмен болды. Біз бұрын мұндай жағдайлардың талайынан өттік», – дей келіп қазақстандықтарды сабыр­лылыққа шақырды. Бұл ой біздің бірлігімізді бұрын­ғыдан да бекіте түсуге жұмылдыруы тиіс деп ойлаймын. Қай шаруа болмасын қиындықсыз болмайтыны белгілі. Нарықтық қатынасқа көшкен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да күрделі кезеңді бастан кешкенбіз. Бірақ, жұдырықтай жұмылған жұр­тымыз ертеңгі күнге сенім­діліктен айныған емес. Қазір шүкіршілік қой, тұрмысымыз түзеліп, шаруамыз қалыптасты. Мұнайдың, түрлі-түсті металл­ бағасының төмендеуі ел экономикасына әсер еткенін сезіп отыр­мыз. Дегенмен, біздің ел­дің экономикалық әлеуеті солар­мен шектелмейді ғой, ішкі мүмкін­дікте- рі­міз бар. Астық өңдеумен айна­­лы­сатын біздің серік­тестік «Астық индустрия­сы» компаниясының Ба­тыс Қазақ­стан өңіріндегі құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Мұнда «Корона» брендімен шығарылатын ұнға тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Компанияның филиалдары Батыс Қазақстан, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Қазір еліміз әлемдік нарыққа ұн шығаратын ірі жеткізуші болып табылады. Сондықтан, бәсекелестікте төтеп беретіндей қауқарымыз сезіліп келеді. Біздің елде бұған барлық жағдай жасалған. Біз қазіргі таңда жаңа технологияларды сатып алып, өзімізде енгізу арқылы әлемдік нарыққа еніп келеміз. Ауыл шаруашылығы саласында экспортқа Қазақстан етін, ұнын шығарудың мол мүмкіндіктері бар. Біздің кәсіпорын бидай, ұн, макарон сияқты өз өнімдеріміздің басым бөлігін қазірдің өзінде ішкі нарықты былай қойғанда, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түрікменстанға, Ауғанстанға және Кавказ елдеріне шыға­рады. Ресейдің Оңтүстік Урал өңірінде 10 миллион халық тұрады. Оларға ұн Орталық Ресейден жеткізілуде. Бұл қашық, бізге жақын. Сон­дықтан, Орынбор, Самара, Челябі, Екатеринбургті сапалы қазақстан­дық ұнмен қамтамасыз етуге күші­міз жететінін ескеріп, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргіздік. Серіктестік өнімдерінің Ресей нарығына берік орнығуының мүм­кіндігі мол.Біздің өнімдеріміз бәсекеге қабілетті, нан-бөлке және макарон бұйымдарын дайын­дауға таптырмайды десе де болғандай. Өткен жылы жаңа макарон фабрикасының құрылысын бастадық. Фабри­каны үстіміздегі жылы мамыр айында пайдалануға беру көзделуде. Оған орнатылған италиялық қондырғы ұн комбинатына 500 миллион теңгеге түсті. Бұл жобаға түгелдей өз қаржымызды жұмсадық. Алайда, қайтарымы болатынына сенім мол. Фабрика ай сайын 1 мың тоннаға дейін макарон бұйымдарын шығаратын болады. Сонда экспортқа 35 түрлі макарон өнімдерін шығаруға мүмкіндік туады. Біздің өнімдеріміз сапалы да табиғи таза. Сондықтан да өнімдерімізге, ішкі нарықты былай қойғанда, экспортта да сұраныс жоғары болатыны сөз­сіз. Сондықтан, біз өнім өнді- ­ру­ді арттырмасақ, кемітпейміз. Өзімізде өндірілген өнім­дердің сырттан келетіндерден еш кемдігі жоқ. Жарнамасы мен насихаты жетпей жататыны болмаса. Сондықтан, ішкі нарықта отандық өнімдердің басымдыққа ие болуына қол жеткізуіміз керек. Сондай-ақ, экспорт­қа шығарылатын өнім­де­ріміздің бәсекеге қабілет­тілі­гін арттыруды да қаперде ұстаған жөн Ақтөбе облысы.

Бағаны бақылауда ұстау – басты талап

Қарлығаш АРАЛБЕКОВА, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры. АҚШ доллары құнының өсуіне байланысты Жамбыл облысындағы бағаларды бақылауда ұстап тұру өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы іске асуда. Қазіргі таңда онда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қоры жеткілікті. Аймақтағы сауда нүктелеріндегі жағдай тұрақты. Әрине, валюта бағамының өзгеруі кейбір салаларға өз әсерін тигізбей қоймады. Мәселен, Тараздағы электроника мен тұрмыстық техника сататын дүкендер кейбір тауар түрлерін сатуды уақытша тоқтатып қойған. Алайда, акция жарияланған өнімдер бұрынғы бағамен сатылуда. Күнделікті халық тұтынатын тауарлардың бағасы да сол қалпы тұр. Тұтынушылардың қалаған тауарын сатып алуларына ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен, енді аймақтың тұрақтандыру қоры тауар жетіспеушілігі мен баға көтерілуін болдырмауға күш жұмсау қажет. Тұрақтандыру қорында дәл қазір 33 түрлі тауар бар екен. Ұн, қант, жарма, жұмыртқа және тағы басқалар. Міне, осылардағы баға бақылауда ұсталуы қажет. Жамбыл облысы.

Сенім мен сабырға жүгінсек, ол жақсылық жағалауына алып шығары сөзсіз

Үкімет пен Ұлттық банктің бірігіп өткізген брифингте Қазақстанның жаңа экономикалық саясатқа көшуі туралы жан-жақты талқыланды. Енді осыған дейінгі валюталық дәліз жүйесінен шығып, инфляциялық таргеттеу тәртібіне негізделген жаңа кредиттік-қаражат саясаты жүзеге асырыла бастайды. Яғни, сол орайда теңге еркін жылжитын айыру бағамына бет бұрады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұған мәжбүрлі түрде барып отырғанымызды баса айтып өтті. Неге десеңіз, қазір әлемді шарпыған қаржылық дағдарыс біздің жас мемлекетімізді де айналып өтпейтіні белгілі. Сол себепті, Үкімет ел экономикасының одан арғы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңге бағамының еркін айналымын қамтамасыз ету сияқты нақты қадамдарға барып отыр. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке халықтың айырбас бағамының өзгеруінен шеккен шығынын азайту мақсатымен жеке тұлғалардың 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдайға сәйкес теңгемен ашылған және есепшоттарында 1 миллион теңгеге дейінгі қалдық сомасы бар шұғыл депозиттері үшін өтемақы төлеу тетігін енгізуді тапсырды. «Азаматтарға олар салымдарын арнаулы есепшоттарға қайта ресімдеп, оны банктерде бір жыл бойы сақтаған жағдайда өтемақы ретінде айырбас айырмасы төленетін болады. Бұл шара 1 миллион 700 мың адамды немесе барлық салымшының 86 пайызын қолдауға көмегін тигізеді», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Үкіметке Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына қатысты тетікті де ойластыруды тапсырды. «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкісінің салымшыларына қатысты мәселе бар. Адамдар пәтерді несиеге алу үшін ақша жинады. Сондықтан Үкімет олар жинаған қаржыларын жоғалтпау үшін жеке ойластырып, есептеулері тиіс», – деді Н.Назарбаев Ақордада негізгі экспорттаушы компаниялар басшыларының қатысуымен өткен кеңесте. Ұлттық валюта бағамының өзгеруі «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ жұмысына онша әсер етпейді. Өйткені, банктің барлық міндеттемелері мен активтері ұлттық валютада бекітілген. Жасалған келісімшарттар бойынша алынатын баспаналар мен жасақталған пулдар бойынша баспана құны да өзгеріссіз қалады. Айталық, мемлекеттік бағдарлама бойынша Тараз қаласында 65 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Олардың бағасы да сол алдыңдағы белгіленген қалыптан аспайды. Қазіргі таңда салымшылар тарапынан ешқандай даурығулар орын алып жатқан жоқ. Жинаған ақшаларын қалайда шешіп алсақ деп талпынып жатқан салымшыларды да байқамайсыз. Бірді-екілі тұтынушылар тарапынан туындаған сұрақтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Сондай түсіндірме жұмыстары бағдарлама бойынша салынып жатқан құрылыс басында да ұйымдастырылуда. Банк тарифтері аясындағы заемдардың пайыздық үстемақысы да өзгеріссіз қалады. Барлық үстемақы мен тарифтер шетелдік валюта бағамы мен инфляция деңгейіне қарамастан ескерілген. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Тұрғын үй құрылысы жинақ банкісіндегі қазақстандықтардың салымдарының бүтіндігін сақтау мәселесін ойластыруды алға тартып отыр. Сонымен қатар, Елбасы қиындықтарға қарамастан адам­дардың әлеуметтік көңіл-күйінің бұзылмауы және халықтың әл-ауқаты төмендемеуі үшін барлық шаралар жүзеге асырылатындығын баса айтты. Сондықтан да барлық жағдайға түсіністікпен қарап, сабырлылық таныта білсек сан соғып қалмайтынымызға сене білуіміз керек! Талғат ЖАҚСЫЛЫҚОВ, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары.