АЛМАТЫ. 31 наурыз. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мұқтыбаев ұшақ кабинасында ең кемі екі адам болуы керектігі туралы ереже талаптары елімізде 2011 жылдан бері қарай орындалып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«Ереже талаптарына сай әуе кемесінде экипаждың жалғыз мүшесін жұмыс орнында қалдыруға болмайды.Ұшу барысында екі ұшқыштың бірі жұмыс орнын тастайын болса, ол жерде кабиналық экипаждың өзге мүшесі болуы тиіс. Бірақ ол кабинадан шығып кеткен ұшқыштың жұмыс орнына отырмайды», деді Мұқтыбаев.
Апатқа ұшыраған Germanwings компаниясының А320 лайнеріне байланысты бірқатар әлемдік авиакомпаниялар экипажға арналған нұсқауларды қайта қарады. Мәселен, Норвегияның Norwegian Air Shuttle ASA авиакомпаниясының басшылығы ұшақ экипажының мүшелеріне арналған нұсқауды тез арада өзгертті. Жаңа ережеге сәйкес, бұдан былай жолаушы ұшағының ұшқышы кабинада өз әріптесін жалғыз тастамайды. Алдыңғы ережеде ондай талаптар нақтыланбай, ұшқыштардың кабинадан кіріп-шығуына ерекше тыйым салынбаған болатын.
Бұдан бөлек, EasyJet бастаған барлық британиялық және канадалық Air Canada әуе компаниялары да бұрынғы ұшу ережелеріне өзгертулер енгізді. Онда «Бұдан былай ұшқыштар бүкіл ұшу барысында кабинада бірге болады» деген міндетті талап айшықты жазылды.
Азаматтық авиация ұшқыштарына қойылатын бұл талапты неміс авиаторлары да қолдады.
Талғат Сүйінбай.
Дерек: ҚазТАГ.
Сурет: egemen.kz.