Астана қаласындағы Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназияда қала мектептерінің 5-11 сынып оқушылары арасында «Айдыны кең арқалы ақын» атты ақын өлеңдерін жатқа оқудан жарыс өтті.
Шара Ғафу ақынның 85 жылдығына арналды. Өлең додасына 50-ге жуық оқушы қатысып, оған ақынның ұлы, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Бақыт Ғафуұлы қатысып сөз сөйледі. «Бүгін әкемнің аруағы бір аунап түскен шығар, жас ұрпақты өлеңге, әкем секілді табиғатқа, ел мен жерге ғашық ету жолында жасап жатқан еңбектеріңізге алғысым шексіз», дей келіп, Бақыт Қайырбеков мектеп кітапханасына өзінің орыс тілінде жазылған кітаптарын табыс етті.
Мектеп директоры Гамиль Мағажірұлы қала деңгейінде өткізіліп отырған жиынның маңыздылығын айта келіп, Ғафу ақынның есімімен аталатын білім шаңырағында ақын өлеңі мен өмірін жас ұрпаққа насихаттау ісінің өте жоғары деңгейде қолға алынып отырғанын, ақын мұражайы қалалық деңгейде өткен жарыстарда жүлделі орындардан көрінгенін тілге тиек етті. Ақын, драматург, Ғафу ақынның рухани шәкірті Баянғали Әлімжанов төрағалық еткен шарада Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Айжан Ораққызы және Астана қалалық білім басқармасының әдіскері Күнімбала Ізтілеуқызы мен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Салтанат Кампитова жас өрендердің өнеріне баға берді. Сондай-ақ, гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Алма Нүрекенова, Айгүл Залетаева, Ләззат Тұрымтаева, Анар Айтақовалар жиынның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Торғайдан түлеп ұшқан Ғафу Қайырбеков қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ерекше сара жол салған тұлға десек, Ғафу ағаның журналистика, баспа ісі, ән өнері, драма өнері, поэзия мен аударма саласындағы қыруар дүниелерінің әрқайсысы бөлек-бөлек зерттелуге тұратын қымбат мұра деу керек. Ақынның «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында еңбек етіп, Жазушылар одағының поэзия секциясын басқаруы сол кезең үшін оңай шаруа емес еді. «Құрдастар» жинағынан соң «Дала қоңырауы» поэмасы, «Жер астындағы жұлдыздар», «Қанатты жылдар» еңбегі, «Беласар» қос томдығы мен «Жұлдызды тағдырлар» атты өлеңдер жинағы оқырман жүрегіне жол тапты. Сөйте жүріп, аударма дейтін ауыр жолда Рудакидің, Байронның, Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың туындыларын тәржімалады.
Мектеп оқушылары арасында ақын өлеңдерін кеңінен насихаттау, өлең-сөздің құдіретін ұғыну, жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау білдіру – шараның басты мақсаты ретінде белгіленсе, оқушылар оқыған өлең осы үмітті ақтай алды. Ақын өлеңдерінен алғаш рет өтіп отырған бұл жарыс алдағы уақытта тоқтап қалмай, тағы да жалғаса беретін болып шешілді. Себебі, Ғафу ақын өлеңдерінің мақамы жаттауға оңай, көңілге қонымды, тәрбиелік мәні аса зор. Айтпақшы, ақын ағамыз балалар тақырыбын назардан тыс қалдырып қойған емес. Қаламгердің бұл орайда «Балықшы Иван», «Балқурай», «Күн баласы», «Ақ көйлекті шал» атты кітаптарын оқыған балалар көп қызыққа кенелері сөзсіз. Өлең додасына қатысушылардың дені Ғафу ақынның «Біздің Айдар мектепте», «Сыйластыққа не жетсін», «Ғафу-Ғафуралар», «Домбыра», «Қазақ қызына», «Менің үйім», «Алматыда ауыл бар», «Көк байрақ», «Ұстазбен сырласу» өлеңдерін жатқа оқыды. Екі кезеңнен тұрған байқаудың нәтижесінде жүлделі І орынды Мадияр Мысырғажы жеңіп алса, ІІ орын Ділназ Құдайбергеноваға бұйырды, ІІІ орынды Меруерт Ертаева, Арайлым Өтепберген мен Рабиға Шайхыслам бөлісті. «Ғафу ізімен» айдарында оқушының төл туындысы тыңдалды. Жүлде үлестіргенде І орынды Әділет Қанафин қанжығасына байласа, ІІ орынды Аяулым Қуанышева мен Қадыргүл Алданазар иеленді, ІІІ орынды Аяжан Есқара, Аяжан Шүйінішбай мен Сымбат Байбейсенова місе тұтты. Поэзияның шыңына адалдық пен арқалы жырды ту етіп ілген айдыны кең арқалы ақын жырының шуағы қандай мол еді...
Құндыз ЕРАЛЫ.