• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2015

Ұлтаралық араздықты қоздырған азаматша жазасын алды

334 рет
көрсетілді

АСТАНА. 31 наурыз. Алматы қаласы Алатау аудандық соты Қылмыстық кодекстің 164-бабы бойынша айыпталған Татьяна Шевцова-Валоваға қатысты үкімді жариялады. Азаматшаны Алматы қаласының тұрғындары ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыптаған болатын. Бұл туралы radiotochka.kz хабарлады. Сот Талғат Мақұлов жариялаған үкім бойынша Шевцова-Валова шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Соның 3 жылы сынақ мерзімі екенін айта кетейік. Сондай-ақ, сотталушының арнайы мемлекеттік органдарға ескертпей елден шығуға және тұрғылықты жері мен жұмыс орнын ауыстыруға құқы жоқ. Одан бөлек, сот кезінде кеткен шығын үшін ол 48 500 теңге төлеуі тиіс. Бұл үкімге қарсы болған Шевцова-Валова апелляциялық-және касациялық сотқа шағымданбақ. Оның айтуынша, өзіне тағылған айып дәлелденбеген. «Бұл алдын ала жоспарланған дүние. Маған қарсы қолданылған скринсуреттер қолдан жасалған. Мұның артында орыс ұлтына қарсы және ұлтаралық араздықты қоздырушы адамдар тұр. Көрсетілген скринсуреттер мен жазбаларға менің қатысымның бары дәлелденген жоқ. Филологиялық сараптама да жалған суреттер негізінде жасалды», – дейді сотталушы. Ал шағымданушылар үкімнің әділ болғанын айтуда. Олардың бірі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Еліміздің біртұтастығына сызат түсіргісі келген кез келген адам жазалануы тиіс. Себебі, бір халыққа қатысты ауыр сөз айту тұтас ұлтқа кір келтіреді. Сондықтан әлеуметтік желілерге жазатын дүниелерімізге ерекше мән беруіміз керек. Мына жағдай көпшілікке сабақ болады деп ойлаймын», – деді. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың көктемінде Алматы қаласының 11 тұрғыны қалалық ішкі істер департаментіне Татьяна Шевцова-Валованың үстінен шағым түсірген болатын. Арызданушылардың айтуынша, азаматша әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздырумен айналысқан. Осы іске байланысты алғашқы сот отырысы 12 қаңтарда өтті. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: radiotochka.kz.