• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

Конституция және медиация

715 рет
көрсетілді

Біздің мемлекет өзінің ең қымбат қазынасы ретінде адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын тану арқылы сотпен қорғалудың конституциялық принципін жүзеге асыру тәсілдерінің қағидатты жолдарын айқындайды. Сөйтіп, Ата Заң арқылы келісімге келтіру үрдістерін белсенді қолдану арқылы дауларды жоюға, нақты мән-жайларды анықтауға, ауырға соқпайтын істер бойынша сот өндірісін жеңілдетуге бағытталған әрекеттер жасалуда.

Бұл турасында Елбасы Нұр­­сұлтан Назарбаев «қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі өн­дірісті жеңілдетудің маңызды ба­ғыты ретінде тараптарды бітім­гершілікке келтіруге көп ықпал ететін медиация институтын дамытуды» атап өткен болатын.

Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласында қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, оның принциптері мен жүргізу процедурасы мен медиатордың мәр­тебесін айқындаған Қазақстан Респуб­ликасының «Медиа­ция туралы» Заңы қабылданды. Дауларды шешудің балама тәсілі ретінде медиация институты шетел мемлекеттерінің көбінде кеңінен белгілі және белсенді түрде қолданылады. Алғашқы рет медиацияны АҚШ қолданды. Кейін келе медиация институты Еуропа, Канада, Австралия, Ұлыбритания мен өзге де елдерде кеңінен қолданысқа енген.

Заң туралы әдебиеттерде медиация институтының жекелеген тұстары әсіресе, оны қылмыстық құқықта пайдалану мәселелері түгел зерттеле басталды. Медиацияның маңыздылығы халықаралық деңгейде 1966 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясымен құрылған Халықаралық сауда құқығы (ЮНСИТРАЛ) жөніндегі комиссиямен 2002 жылдың 24 маусымында қабылданған Халықаралық ком­мерциялық келісім процедуралары туралы шартында ескерілді.

Мұндағы зерттеулерде ме­диа­цияны «қылмыс жасау арқылы пайда болған жанжалды шешуде ол нәтижелі амал ретінде алғышарт бола тұра, қоғам мен мемлекеттің бүкіл даму эволюциясында қандай да болсын нысандағы татуласу ­инс­титутымен тығыз байланыстағы делдалдық инс­титут» ретінде көрсетілген. Медиация (латынша mediation – делдалдық) көп­шілік және жеке адамдар арасын­дағы қарама-қайшылық­тарды диалек­тикалық шешу әдісі ретіндегі делдалдық, яғни дауды тікелей үшінші тұлғаның қатысуымен шешудің бейбіт тәсілі болып табылады. Ал, Медиация туралы заңның 2-бабында «Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиа­тордың (медиа­­торлардың) жәрдем­десуі­мен тарап­тар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі» делін­ген. Демек, жеке және заң­­ды тұлғалар арасындағы, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлы­ғы орташа қылмыстар мен қыл­мыс­­тық теріс қылық істері бо­йын­­­ша қылмыстық сот ісін жүр­гі­зу­ді орындау кезін­де туын­дай­тын­ қа­тынастар медиация­ның қол­­данылу саласы болып табылады.

Әрине, заңмен медиация рәсімі қолданылмайтын негізді жағдайлар да болады. Бұл даулар медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам­ның мүдделерін қозғауы мүм­кін. Екіншіден, бұл даулар тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылса және бұл дау­лар сыбайлас жемқорлыққа қатысты және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы қылмыстар туралы қылмыстық істер болса, медиа­ция қолданылмайды.

Медиация сот айтыстарына кететін уақытты үнемдейді және қосымша шығыннан қор­ғайды. Медиация процесі жеке және құпия болып табылады. Медиатор екі жақтың арақа­тынасын жеңілдетеді, дауды шешуде екі тарапты да қанағат­тандыратын жолдарды іздейді.

Медиатордың құқықтық мәр­тебесіне «Медиация туралы» Заңда: «Медиация – осы заңның тараптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізінде медиация жүргізетін тәуелсіз жеке тұлға» деп анықтама берілген. Демек, заң медиатордың екі түрін көрсе­теді: кәсіпқой және кәсіби емес.

Қазіргі уақытта қоғамда ме­диа­торға байланысты әртүрлі пікірталастар бар, яғни медиация әрекетін жүзеге асыруда нотариустерге барынша мүмкіндік беру керек деген ой айтылады. Әрине, бұл пікірді орынды деп есептеу­ге болады. Өйткені, азаматтар арасындағы алимент, мұрагерлік, некелік қарым-қатынасқа байланысты көптеген даулар болатыны белгілі. Олардың көлемін азайтуға нотариустың да ықпалы болуы мүмкін деген ойдамыз.

Ал қылмыстық сот ісі барысында жүргізілетін медиацияның өзіндік ерекшеліктері бар. Бірін­шіден, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қыл­мыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатпайды. Екіншіден, медиа­ция­ға қатысу кінәні мойын­дау­­дың дәлелі бола алмайды. Үшін­шіден, егер медиацияны жүргізу кезінде тараптардың бірі кәмелетке толмаған адам болса, педагогтің немесе психологтің немесе кәмелетке толмаған адамның заңды өкіл­дерінің қатысуы міндетті. Төр­тіншіден, қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейін және сотта іс жүргізу мерзім­де­рінде жүзеге асырылуға тиіс. Бесіншіден, дауды реттеу туралы келісімге қол қоюдан бас тарту медиация тарапы болып табылатын тарапқа әсер ете алмайды.

Сонымен қатар, медиацияның отбасылық қатынастар сала­сындағы ерекшеліктері де бар.

Қорыта келе, Ата Заңымызға сай біз­дің елде медиация сияқты, келіс­пеушіліктерді қарас­ты­ру­дың баламалы құралының дамуы, өркениетті құқықтық кеңістіктің әрі жоғары сатылы демократиялы қоғамның көрсеткіші болып табылады деп түйіндейміз.

Ербол ҚАРЖАУБАЕВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі.