– Қазақстанның Еуразия жүрегіндегі ерекше геосаяси және геоэкономикалық жағдайын жүзеге асырудағы басты фактор
Біз мемлекетіміздің тәуелсіздігінің 25 жылдық межесіне жақындап қалдық. Қазақстан өзінің бір ізге салынған және теңдестірілген сыртқы саясатын қалыптастырғанына байланысты әлемдік аренадағы кең танымал мемлекеттер қатарына енді. Осы орайда, қатардағы қазақстандықтардың қазіргі заманғы Қазақстанды мықты және жемісті, ғаламдық үдерістердің дамуына өз үлесін қоса алатын және негізгі халықаралық мәселелерді шешуде өзінің нақты ұстанымы бар мемлекет ретінде мақтанышпен қабылдауы жоғары марапат.
Өзіміз білетіндей, сыртқы саясат ішкі саясаттың жалғасы. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі өз жұмысында тек сыртқы саяси тапсырмалар мен Президенттің халықаралық бастамалары ғана емес, сонымен қатар, ішкі мемлекеттік құрылыс мақсаттары, инвестициялар тарту, алдыңғы қатарлы тәжірибені алу, дамудың индустриялық-инновациялық стратегиясын алға тарту секілді факторларды басшылыққа алады. Бұл тұрғыда сыртқы саяси жұмыстың жақын және орта мерзімді болашақтағы нақты бағыттарын белгілеуге мүмкіндік беретін Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы таптырмас бағдарға айналды. Елбасы қашанда жаһандық үдерістердің даму болашағын айқын бағалап, сыртқы сындар мен қауіптерге қарсы шараларды күні бұрын әзірлеп отырады. Жыл сайынғы Жолдаулар нәтижесінде Сыртқы істер министрлігі қызметінің экономикалық құрамдас бөлігі нығайып, экономикалық дипломатияның белсенділігі айтарлықтай артты.
Президенттің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы ең алдымен, әлемдік экономикадағы тұрақсыз жағдайлар аясында дағдарысқа қарсы және ынталандырушы шаралар бағдарламасы ретінде қабылданады. Жаңа жолдар құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау – мұның барлығы ұлттық экономиканың құрылысын тұрақты әртараптандыру кепілі болып табылады. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарын ашуға, ішкі тұтыну көлемін арттыруға, негізгі капиталға мемлекеттік инвестицияны ұлғайтуға және әлеуметтік маңызы бар жаңа инфрақұрылымдық объектілерді құруға септігін тигізеді. Жолдау Мемлекет басшысының халықаралық қатынастар жүйесіндегі орын алып отырған өзгерістерге теңгерілген және алдын алу жауабы болды. Бұл құжат Қазақстанның жалғасып келе жатқан халықаралық қаржы-экономикалық және геосаяси дағдарыстар жағдайында алдағы жылдардағы даму болашағын айқындады.
Елбасы атап өткендей, бүкіл әлемнің архитектуралық өзгеру кезеңі жақындап келеді және бұл кезең ғаламдық сынақ кезеңі болмақ. Одан барлық мемлекеттер бірдей өте алмайды, тек ортақ идеялармен және талпыныстармен жұмылдырылған ұлттар ғана бұл сынды еңсере алатын болады. Аталған бағдарламалық құжат тек экономикалық көрсеткіштерді көтеруге ғана емес, сонымен қатар, ұлттық бірлік, тұрақтылық және келісім секілді мемлекет құраушы құндылықтарды нығайтуға да бағытталған.
«Нұрлы Жол» сыртқы тұрақсыздық пен геосаяси нақты шындықтың трансформациялану кезеңінде барлық мемлекеттік органдар үшін, соның ішінде, Сыртқы істер министрлігі үшін ұстанымдардың квинтэссенциясы болып табылады. Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясаты біздің мекемеміз өз қызметі аясында басшылыққа алып жүрген еліміздің 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасының мақсаттарымен және тапсырмаларымен тығыз үйлесім тапқан. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясында баяндалған жаңғыртулардың жаңа басымдықтары, әлемдегі ең дамыған 30 ел қатарына кіру, «жасыл» экономикаға көшу, республикамыздың транзиттік-көліктік және экспорттық әлеуетіне басымдық бере отырып, экономикалық дипломатияны белсенділендіру қазақ халқы мен елімізді мекендейтін басқа да этностардың төл ұлттық-мәдени құндылықтарын сақтап қалу аясында түзілген.
«Нұрлы Жол» Жолдауының барлық бағдарына сәйкес, еліміздің сыртқы саяси қызметі де құрылады. Осы құжаттың негізгі тапсырмаларына сүйене отырып, Сыртқы істер министрлігі қазіргі заманғы әлемдік саясат пен экономикадағы жаңа трендтерді назарда ұстап, шетелдердегі ұлттық мүдделерді әрі қарай ілгерілетуді жалғастыру бағытында жұмыс істеуде. Біз сыртқы саяси болжамдар мен экономикалық дипломатия саласында тиімділікті арттыруға басымдық бере отырып, бір қалыпты және болжамды сыртқы саясат жүргізу арқылы халықаралық қатынастың барлық субъектілерімен өзара тиімді және достық қарым-қатынастарды нығайтуды жалғастыра беретін боламыз. Әрине, Қазақстанның Еуразия жүрегінде орналасқан ерекше геосаяси және геоэкономикалық жағдайының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруға негізгі назар аударылатыны сөзсіз.
Өңірлік геоэкономикалық тартылыс орталығында орналасуымыз аймақтағы сауда-экономикалық және өңіраралық көліктік инфрақұрылымды дамыту жөнінде шараларға белсенді атсалысуды талап етеді. Бұл өз кезегінде Азия мен Еуропа арасында ұзақ мерзімді ықпалдастықтың негізі болмақ. Біз 2020 жылғы дейін Қытай, Орталық Азия, Ресей және Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемі жылына 33 млн. тоннаға жетеді деп күтіп отырмыз. Бұл болашақта Қазақстанның аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыра түсіп, транзит пен экспорттық түсімдерден айтарлықтай дивиденттер беретін болады.
2015 жылғы 1 қаңтар күні Еуразиялық экономикалық одақ туралы тарихи келісім күшіне енді. Бұл Президенттің еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының нақты іске асуының көрінісі болды. Біз бұл бірлестіктің барлық қатысушыларымен экономикалық интеграциялық ықпалдастықты дамытуға үлкен мән береміз. ЕАЭО бұл тең құқықтық, өзара тиімділік және барлық қатысушылардың мүдделерін назарға алу принципімен жұмыс істейтін ортақ нарық. Экономикалық интеграция дәл ұлттық мемлекеттілікті нығайту үшін, оны экономиканы күшейту арқылы бекемдей түсу үшін дамиды.
Біз экономикалық интеграция күрделі жолының тек басында ғана тұрмыз, осыны түсіну өте маңызды. Мәселен, ЕО құрылуының бастамасы – Еуропалық көмір бірлестігінің негізін салған 1951 жылғы Париж келісіміне 60 жылдан астам уақыт өтті. Яғни, Еуропа елдерін қазіргі интеграция деңгейіне жету үшін осыншама уақыт қажет болған деген сөз. Сол себепті, ЕАЭО-ны ең тиімді интеграциялық құрылым ретінде қалыптастыру біздің басты мақсатымыз болып табылады. Біз бұл мақсатқа жетуге міндеттіміз және жетуге тырысамыз.
Сыртқы саяси міндеттемелерімізді жүзеге асыру Қытаймен инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге жол ашады. Екі елдің стратегиялық серіктестігі жемісті болғалы жатыр. Жақында ғана Ляньюньган – Алматы теміржол бағыты іске қосылды.
Ляньюньган қаласы портында біріккен Қазақстан-Қытай терминалы Қазақстан Президенті бастамасымен құрылғанын естеріңізге сала кетейін. Көлік-логистикалық терминалының жұмысы Азия-Тынық мұхит өңірі мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне ең тиімді шығу жолын қамтамасыз етіп, республиканың экспорт-импорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Қазақстанның жоғары транзиттік әлеуетін ескере отырып, біз Мәскеу – Бейжің еуразиялық жылдамдығы жоғары көлік дәлізі жобасын зерттеп, оған өзара тиімді шартымен қатысуға мүдделіміз.
«Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы транзиттік әлеуетін пайдалану мен халықаралық сауданы кеңейту жолында қосымша мүмкіндіктер береді. Сарапшылардың пікірінше, Орталық жаңа Еуразиялық экономикалық көпірінің маңызды іргетасына айналмақ.
Көлік-транзиттік әлеует еліміздің Иранмен ықпалдастығының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл тұрғыда 2014 жылы 3 желтоқсанда Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол магистралінің ашылуының маңызы зор. Ол Қазақстан өнімінің оңтүстікке экспорт көлемі мен құрамын арттырып қана қоймай, Ұлы Жібек жолының қазіргі сатыдағы қайта жандануына зор үлес қосады.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы еліміздің Еуразия жүрегіндегі геосаяси және геоэкономикалық жағдайын тиімді ілгерілету саясатын ұстанады. Барлық шетелдік серіктестермен қатынастарымызды дамытуда бұл міндетіміз жоғары қойылады. Айталық, ірі инвестициялық, ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетке ие Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықта да, өткен жылы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық, соның ішінде ықпалдастықтың 29 саласында ынтымақтастық туралы жаңа келісімшарт бойынша келіссөздер сәтті аяқталған Еуропалық одақпен де. Біз ЕО-мен осы тектес құжатқа қол қойған орталықазиялық алғашқы елміз.
Орталық Азияға да зор көңіл бөлеміз. Жаңа тұжырымдамада бұл өңір қазіргі Қазақстанның сыртқы саясатының аса маңызды стратегиялық басымдылығы ретінде қарастырылады. Жолдау мақсаттарына сай, біз барлық бағыттарда, соның ішінде Азия, Африка, Латын Америкасы елдерімен ықпалдастықты тереңдетуде шаралар қолдануды жалғастырамыз.
Қазақстан сыртқы саясатының жаңа нұсқамаларында еліміздің дамудың «жасыл» жолына өтуі және әлемнің 30 ең дамыған елдері қатарына кіруі мақсаттарын ерекше бөліп атауға болады. Еліміз «жасыл экономика» құруға тиісті инфрақұрылымның дамуын қамтамасыз ету үшін жоғары экологиялық және энергия үнемдеуші стандарттарға негізделген шетел тәжірибесін қолдануға ниетті.
Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбымен сәтті өткізілуі «жасыл экономика» мақсаттарына жету жолында маңызды қадам болады деп күтеміз. Аталған шара энергияны ұтымды пайдалану мәселесінде және экономиканы жаңарту үшін ғылыми жаңалықтарды ілгерілету саласында өзге елдер тәжірибесін зерттеуге аса бағалы мүмкіндік береді.
Құзыретті меморгандармен бірлесіп СІМ еліміздің транзит-көліктік әлеуетін пайдаланып, оны дүниежүзі мұхитына тура жолы жоқ географиялық жағдайы кемшілігінен құрлығымыздың трансконтинентальді жолдарын қосатын тарап ретіндегі артықшылығына айналдыру жұмысын жүргізіп жатыр. Осы бағытта маңызды қадамдар жасалынған болатын: бұл, ең алдымен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәліздерінің құрылысын, «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын, «Орталық Азия – Қытай» газ құбырын іске қосу, «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» маңызды ішкі теміржол бағыттары құрылысының аяқталуы.
СІМ экономиканың басты секторларына трансұлттық компанияларды тартуға зор көңіл бөледі, бұл ҮИИДМБ және Инвестициялар тарту, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және экспортты ынталандыру бағдарламасын жүзеге асыруға жол ашады. СІМ 2015-2019 жылдарға арналған ҮИИДМБ мен Тікелей шетел және отандық инвестицияларды тарту бойынша кешенді жоспарлардың жүзеге асырылуына жұмылдырылған.
Инвестициялық саясатты ілгерілету тетіктері шеңберінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілген. Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсартылуы, соның ішінде «Инвестициялық климатты жақсарту туралы» жаңа Заң шеңберіндегі ынталандыру пакеті туралы шетел бизнес-қауымдастығын хабардар ету жұмысы жүргізілуде.
Қазақстанның қазіргі қатерлер туралы түсінігі анық және оның қатерлерден өту жоспары мен ресурстары бар. Орта мерзімді және ұзақ мерзімді даму бағдарламалары бүкіл елдегі тұрақтылықты, өркендеу мен өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру және «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру секілді ұзақ мерзімді міндеттер орындау назарымызды басымдықтарға шоғырландырып, өнімді жұмыс істеуді қажет етеді. Үкіметтен дәйекті, тиімді, кей кезде өжет іс-қимылдар талап етіледі.
Бүгінгі таңда біз еліміздегі маңызды саяси оқиға қарсаңында тұрмыз. 26 сәуірде республика азаматтары ең білікті және халық сенімін ақтайтын Қазақстан Президентіне кандидатқа өз дауыстарын береді. Жаңа мандат еліміз бен ел басшылығына тез арада алдымызға қойылған талаптарды орындауға кірісіп, сыртқы факторлардың жағымсыз ықпалдарынан өтіп, жоспарлардың орындалуын қамтамасыз етіп, елдің өмір сүру деңгейін және өркендеуін арттыруға жол ашады деп сенемін.
Ерлан ЫДЫРЫСОВ,
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрі.