• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2015

Заң жобалары мағыналы болғанда ұтымды

281 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда бірнеше жаңа заң жобасы қаралып, тұтастай мақұлданды. Күн тәртібіне сәйкес Мәжіліс алдымен Марат Сәрсембаев пен Владимир Фоосты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындады. «Сайлау туралы» Заңға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін Мәжіліс тағайындайды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев екі үміткердің өмірбаяны мен еңбек жолы туралы айтып берді. Үлкен еңбек жолынан өткен екеуі де қазір Орталық сайлау комиссиясында жұмыс істейді. Депутаттар екеуінің де кандидатураларына қарсылық білдірмей, оларды ОСК мүшесі қызметіне бірауыздан тағайындады. Сондай-ақ, жалпы отырыс­та «Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенция туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру қолдау тауып, Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Беларусь Респуб­ликасы үкіметтерінің арасын­дағы реадмиссия туралы, Қазақ­стан Республикасы Үкіметі мен Вьет­нам Социалистік Республи­касының Үкіметі арасындағы Та­бысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салу­дан жалтаруға жол бермеу тура­лы келісімдерді ратификациялау туралы заң жобалары талқы­ланып, мақұлданды. Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы туралы Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель баяндап, бұл заң жобасы да ешқандай кедергісіз мақұлдануға тиісті еді. Алайда, осы жерде депутат Омархан Өксікбаев орынды сұрақ қойып, баяндаушыны да, басқаларды да біршама тосылдырып тастады. Мәселе заң жобасының қазақ тіліндегі атауының орыс ті­ліндегі түпнұсқадан дәл ауда­рыл­мағандығынан туындаған еді. Орыс тіліндегі «О ратификации Договора между Республикой Казахстан и Венгрией о выдаче» деген тақырып қазақшаға «Қазақстан Республикасы мен Ма­жарстан арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау» болып аударылған. Демек, орыс тіліндегі мағы­на­сына қарағанда ұсталған қазақ­стан­дық қылмыскерлерді беру де­генді білдіретін заң жобасы қа­зақшасында Мажарстан тарапына «ұстап бер» деп, яғни жұмыс жүктейтін мағынаға ауысып кеткен. Депутат осы сәйкессіздікке өте дұрыс назар аударды. Әрине, аудармамен айналысқандар «о выдаче» деген сөзді тек «беру туралы» деп аударса ешқандай көл­денең пікір тумас еді, алай­да, олар заң жобасының мағы­насын ашу үшін осындай қа­дамға барғаны көрініп тұрды. Сол жерде отырған аударма жа­са­ған­дардың өкілі де осыны айтты және ол «выдача» деген сөздің «ұстап беру» деп аударылатыны сөздікте бекітілгенін жеткізді. Бі­рақ осы жерде заң жобасы «...ұс­тап беру туралы шартты...» емес «ұсталғандарды беру тура­лы шартты...» деп аударылса ма­ғынасы да ашылып, сұрақ та тудыр­мас еді деп ойладық. Жал­­пы, заң жобаларын орысша дай­ын­да­ған­дар да «о выдаче» деп тым қыс­­қа қайырмай, мағынасын ха­­лыққа түсініктірек еткені жөн еді. Одан кейінгі «Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сот­тал­ған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мағынасы да, аудармасы да түсінікті болғандықтан, ешқандай сұрақ тудырмай, толығымен мақұлданды. Сөйтіп, күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, депутаттар өздерінің сауалдарын жариялауға көшті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».