• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2015

Исламдық қаржыландыру

5488 рет
көрсетілді

Елдің бүкіл экономикалық салалары үшін жұмыс істейді Соңғы жылдары дамыған және дамушы елдер исламдық қаржыландыру жүйесін енгізуге белсене кірісуде. Өйткені, оларды исламдық банкинг, исламдық құнды қағаздар, исламдық инвестиция тартудың ерекшеліктері мен артықшылықтары қызықтырады. Жасыратыны жоқ, әлемдік экономика мен қаржылық жүйенің тірегі болып келген батыстық экономикалық үлгі бүгінде әлсірей бастады. Сарапшылардың пікірінше, еуропалық үлгінің басты кемшілігі – несиелік пайыздық өлшемдер. Ал қаржылық жүйесі исламдық қағидаларға сай құрылған мемлекеттер дағдарыстан онша зиян шеккен жоқ. Қаржыгерлер мұны исламдық қаржыландыру жүйесінің артықшылықтарымен байланыстырады. Ең бастысы, мұсылман елдері инвес­торлардың исламдық заңдарына сәйкес келмейтін жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ, қару-жарақ, арақ-шарап, темекі, шошқа өнімдері, көңіл көтеретін орындар, сақтандыру және келісімнен түсетін пайыздар есебінен қызмет ететін қаржылық компаниялардың акцияларын сатып алуға құқығы жоқ. Қарыздардың үстінен түсетін пайыздық ақыны алуға да қатаң тыйым салынған. Дүниежүзілік дағдарыс кезінде исламдық қаржыландыру өзінің тұрақтылығы мен әлеуметтік өміршеңдігін көрсетті. Себебі, ол дағдарысқа мейлінше бейімделген және экономиканың нақты секторын тікелей инвестициялауға мүдделі, сонымен бірге, халықтың жұмысбастылығы мен жағдайының деңгейін арттыруға әсер ете алады. Осы және тағы басқа жағ­дай­лар исламдық қаржыландыруға деген сенімді арттырады, ал бұл индустриялық-инновациялық даму жағдайында эконо­миканың жаңғыруына алып келеді. Исламдық қаржыландыруда ақша тауар ретінде емес, құнның мөлшері ретінде ғана қарастырылған. Сол себепті валютаны алып-сатуға рұқсат берілмейді. Біріншіден, исламдық қаржыландырудың негізгі қағидасына сәйкес пайыздық мөлшерлемеге шектеу қойылған. Сондықтан дәстүрлі банк депозиттері мен несиелері болмайды. Екіншіден, тәуекелдерді өзара бөлу. Банк клиенттің жобасын қаржыландыра отырып, оның инвесторы болып табылады, осы жобадан түскен табыспен тәуекелді бөледі. Үшіншіден, алып-сату іс-әрекеттеріне шектеу қойылған. Тағы бір ерекшелігі – анықтылық, яғни мәмілеге тұрар алдында шарттардың барлығы нақты және анық болуы тиіс. Исламдық қаржыландыру жүйесі дүние­жүзінде соңғы жарты ғасырда белсенді дамуда. Атап өтуіміз керек, ТМД елдері арасында Қазақстан бірінші болып исламдық қаржыландыру үлгісін құрды. Сарапшылардың пайымдауынша, ол елдің дамуында үлкен рөлге ие, дүниежүзілік қаржылық дағдарыс кезінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде қосымша көздерді қарастырады. Оның үстіне исламдық және дәстүрлі банктердің жүргізетін операцияларының арасында елеулі ерекшеліктер бар. Ал елімізде қолданылып жүрген заңдар мен ережелер тек дәстүрлі банктің қызметін ғана реттейді. «Банк және банк қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңдарға, т.б. нормативтік-құқықтық актілерге исламдық қаржыландыру жөнінде өзгертулер енгізгеннен кейін елімізде исламдық банкингтің дамуына жол ашылды. Сөйтіп, посткеңестік кеңістікте қаржыландырудың үлгісін ұсынумен қатар, оның классикалық жүйемен үйлесімді дамуын қарастырды. Қазақстанда исламдық қаржылан­дыру­дың қалыптасуы мен дамуына себеп болған алғышарттардың бірі – индустриялық аймақтарды дамыту үшін сырттан ұзақ мерзімді инвестициялардың ағынын тарту. Екіншісі – тек дәстүрлі қаржыландыру көзіне тәуелділікті төмендету және инвестициялық ағынды ынталандыру. Үшіншісі – қаржы жүйесін қалыптастыру көздерін реттеу арқылы экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу болып табылады. Елімізде көптеген қаржылық институттар исламдық банкингке қызығушылық танытуда. Бірақ, ол Еуропадағы қаржылық қиыншылықтарға байланысты өте баяу жүргізілуде. Қазіргі кезде кейбір Ислам банктері Қазақстан нарығын зерттеп, нарыққа шығу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Көптеген дамыған елдерде исламдық қаржыландырудың қағидаларына негізделе отырып, дәстүрлі қызметтер көрсетіп келеді. Ал 1975 жылы Дубайда алғашқы коммерциялық ислам банкі ашылды. Бүгінде әлемнің 50 елінде 400-ден астам Ислам банкі жұмыс істейді. Қазіргі кезде әлемде исламдық құнды қағаздың 20-дай түрі бар екен. Қазақстанда заңдастырылған исламдық құнды қағаздар: сертификаттар (сукук аль-мушарака) және исламдық жылдық сертификаттар (сукук аль-иджара) нысанында ұсынылған. Мемлекеттің қолдауымен және қабылданған заңдардың көмегімен кейбір қаржылық институттарды қаржыландыруда. Осылайша, 2010 жылы наурызда лицензия алған, 100% Абу-Дабиге тиесілі Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бөлімшелері бар «Al-Hilal» Ислам Банкі» АҚ алғашқы Ислам банкі ашылды. Сонымен қатар, «Исламдық қаржыны дамыту ассоциациясы» мен алғашқы исламдық сақтандыру компаниясы «Такафул» өзара сақтандыру қоғамының бірігуінен пайда болған заңды тұлғалар – «Fittah Finance» алғашқы исламдық брокерлік компания және исламдық қаржыландыру бойынша консалтингтік қызмет көрсететін компания тіркелді. Маңызды бағыттарға Қазақстанда исламдық микронесиелік ұйымдарды ашуға және қызмет көрсетуге байланыс­ты шарттарды құру, сондай-ақ, лизинг және ипотека секторын дамыту да жатады. Осының барлығы 2020 жылдары Қазақстан Республикасының өңірлік исламдық орталығы болуына өзінің септігін тигізеді. Осыған дейін «Al-Hilal» банкі көмегімен 23 млн. доллар көлемінде телекоммуникация, сауда, құрылыс, т.б. салаларда бірнеше жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен «Al-Hilal» банкі бірігіп, ҮИИД бағдарламасы шеңберінде бірқатар жобаларды қаржыландыру және банктің меншікті капиталын 70 млн. долларға дейін арттыру қарастырылған. Мысалы, «ҚазАгроФинанс» жабдықтар мен АӨК үшін техникаларды лизингке алуға Ислам Даму банкінен (ИДБ) 30 млн. доллар көлемінде қарыз алды. ИДБ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік жоба аясында 400 млн. доллар болатын қаражат бөлді. Исламдық қаржы жүйесі мен оның заңнамалық тетіктерін оқыту үшін жүйелі түрде кешенді шаралар қарастырылуда. Мысалы, Малайзия, Бахрейн, БАӘ елдерінде исламдық қаржыландыру мен құқығы туралы оқу орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Экономика және бизнес жоғары мектебінде осы бағытта тиісті шаралар жүргізілуде. Исламдық қаржыландыру жүйесінің қазіргі жағдайы мен даму перспективасы жайлы Ұлттық банкпен «Al-Hilal» банкінің мамандары мен ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Оқу бағдарламасына сәйкес магистратура мен бакалавриатқа «Исламдық қаржы негіздері» атты пән енгізілген, сондай-ақ, дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертациялар да қорғалады. Ислам банкингі мен исламдық қаржыландыру құралдарын енгізу мақсатында бұдан алты жыл бұрын «Исламдық банктерді ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат Қазақстанда исламдық банктердің, исламдық инвестициялық қорлардың қызметін ұйымдастыруға және исламдық қаржы құралдарын енгізуге кең мүмкіндік ашты. Исламдық қаржы институттары дәстүрлі кредиттік институттар сияқты қаржылық қызметтердің жүйелік қауіп-қатерін төмендету және тұтынушылар құқықтарын қорғау мақсатында реттеуші ұйым – Ұлттық банк тарапынан лицензияланып және реттеліп отырады. Ал «Ислам банктері туралы» Заңға қол қойылғаннан кейін, «Банктер және банк қызметі туралы», «Бағалы қағаздар туралы» заңдарға, Салық кодексіне ислам банктерінің қызмет ерекшеліктерін есепке ала отырып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар, 2010 жылдың тамыз айында республикада исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі 2010-2012 жылдарға арналған Жол картасы бағдарламасы бекітілді. Бағдарламада ислам қаржы құралдарын мемлекеттік органдармен дамыту және енгізу шараларын үйлестіру, ислам қаржы институттарын ашу және тартуға жағдай жасау, халықаралық ислам қаржы ұйымдарымен өзара қарым-қатынастарды ұйымдастыру, ислам қаржысы бойынша сауаттылықты жетілдіру және инвестицияларды тарту көзделген. Жол картасын жүзеге асыру – елімізде Ислам қаржы қызметінің индустриясының тұрақты дамуына жағдай жасауға, эмитенттердің көлемін, инвесторлар мен кәсіби нарықтық қатысушыларды жасақтауға себепші болады. «Исламдық қаржыландыруды дамыту­дың 2020 жылға дейінгі жол картасы» ел Үкіметінің 2012 жылғы 29 наурыздағы №371 қаулысымен бекітілді. Жол картасын жүзеге асыру елімізде ислам қаржы қызметінің индустриясының тұрақты дамуына жағдай жасауға, эмитенттердің көлемін, инвесторлар мен кәсіби нарықтық қатысушыларды жасақтауға себепші болады. Құжат 2020 жылға дейін Алматының өңірлік қаржы орталығы болып қалыптасуына, ислам қаржысы орталығы ретінде Қазақстанның мәртебесін халықаралық деңгейде күшейтуіне қолғабыс етпек. Ислам банктерінің жұмысы жалпы­адамзаттық құндылықтарға негізделеді. Банктер несиені үстеме ақысыз береді, бірақ кәсіпкерлерге тиесілі табысқа ортақтасады. Расында да, ислам қаржы мекемелерінің пайызсыз несие беруі, кәсіпкердің тәуе­келін бірлесе көтеруі, қаржылық және мораль­дық жауапкершілікте болуы ислам банкингінің танымалдығын артты­рып, тұтынушылардың сенімін қалып­тастыратынын танымал экономистер мойындап отыр. Ислам банкінің операцияларын жүргізудің жалпы талаптары туралы ережені және Ислам банкінің ішкі кредиттік саясаты туралы ережені исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңестің оң қорытындысы болған кезде ислам банкінің директорлар кеңесі бекітеді. Кеңес ислам банкінің қызметіне ислам банкі сақтауға міндетті өзге де талаптарды қосымша айқындауға құқылы. Ислам банкі табыс алу немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарға қол жеткізу үшін әріптестік туралы шарттың негізінде өндірістік және сау­да қызметін қаржыландыруға да құқы бар. Әріптестік туралы шартта заңды тұлғаны құру жөніндегі талап көзделуі мүмкін. Шарт исламдық қаржыландыру принциптері бойынша кеңестің оң қорытындысын алғаннан кейін жасалады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүліктегі үлесінің мөлшері бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін енгізілген мүліктің құны бойынша айқындалады. Шартта, сондай-ақ, бірлескен қызметтен түскен табыс бөлігін қайырымдылық мақсаттарға пайдалану туралы талаптар да көзделуі ықтимал. Жалпы, елімізде исламдық қаржы­ландырудың ең басты қолдаушысы Елбасы екені белгілі. Президенттің тікелей ұйытқы болуымен 2003 жылы қазан айында Алматыда Ислам Даму Банкі басқарушыларының кеңесі өтті. Бұл – беделі өте жоғары, жылына бір рет өтетін мәртебелі жиын. 56 елден министр деңгейіндегі арнайы өкілдері қатысқан сол жиында Елбасымыз Халықаралық Ислам Даму банкінің президенті, доктор Ахмед Мохамед Алимен кездесті. 84 жастағы ол осы саладағы ең білікті адамдардың бірі. Сол кездесу барысында көптеген мәселелер сөз болып, елімізде ислам банкингін дамыту кеңінен талқыланды. Бұрын елімізде исламдық қаржы­лан­дыруға басшылық жасайтын үкіметтік орган болмаған еді. Осы мәселе бойынша тек Алматы өңірлік қаржы орталығы ғана жұмыс істеп келген еді. Алайда, олардың қолында ешқандай реттеушілік құзірет болмады. Сондықтан көп жұмыстар сөз жүзінде қалып қойып жатты. Президентіміздің тапсырмасына орай, аталмыш салаға тікелей қолдау білдіру еліміздің Ұлттық банкіне жүктелді. Сондай-ақ, бүгінде осы саладағы білім және кадр дайындау мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені, қаржыландырудың бұл жүйесін қарапайым халық көп біле бермейді. Себебі, ол жоғары оқу орындарында бұған дейін оқытылмай келді. Міне, осы мәселені шешу үшін аталған экономикалық жүйені бүгінде тәжірибе ретінде елордадағы Қаржы академиясы мен Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің оқу бағдарламасына арнайы курс ретінде енгізілді. Исламдық қаржыландырудың болашағы аса зор. Біріншіден, бұл жүйе тазалыққа негізделген. Сондай-ақ, оның мақсаты да айқын, ол – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Екіншіден, қаржыландырудың бұл түрі нақты экономикаға өте үлкен пайда әкеледі. Бүгінде индустрияландыру жоспары жүзеге асуда. Осының аясында елімізге тікелей инвестиция тартылып жатыр. Ал тікелей инвестиция дегеніміз, несие емес. Бұл жерде қаржы бізге серіктестік ретінде беріледі және осы инвестициямен Үкіметтің сыртқы карыздары ешқашан көбеймейді. Сондай-ақ, ол экономиканың қосымша құнын көтеруге пайдалы. Қосымша құн артып жатса, еліміздің өмір сүру деңгейі қөтеріліп, орасан зор пайда әкелмек. Үшіншіден, исламдық қаржыландыру, аты айтып тұрғандай, барлық жұмыс істеу жүйесі шариғатқа негізделген. Бұл Алланың қалауы бойынша жұмыс істеу дегенді білдіреді. Осылайша, халықтың санасын әбден жаулап алған өсім, үстеме, несие, пайыз деген дерттерден арылуға болады. Исламдық қаржыландыруға қатысты тағы бір мәселе, қазіргі кездегі жай банктердегі қолданылып жүрген жүйе бойынша, яғни ақшаның үстінен ақша жасау тек қаржы секторын ғана дамытса, исламдық қаржыландыру елдің бүкіл экономикасы үшін жұмыс істейді. Ислам банкінің алғашқы толқыны елімізге тәуелсіздіктің бастапқы жылдары келді. 1993-1994 жылдары Қазақстанда «Әл-Барака Қазақстан» деген ислам банкі өз жұмысын бастады. Ол банктің иесі ислам әлемінде, сондай-ақ, дүниежүзілік банк ісінде өте үлкен беделге ие тұлға, ірі инвесторлардың бірі, Ислам сауда және индустриялық палатасының президенті шейх Салех Кәміл мырза болатын. Оның шариғатқа сәйкес инвестициясының нәтижесінде бүгінде әлемнің 36 елінде осындай банк ашылып, табысты жұмыс істеуде. Алайда, сол банктің біздегі ғұмыры ұзаққа созылған жоқ. Себебі, еліміздегі кейбір лауазым иелерінің теріс әрекеттері банк жұмысына айтарлықтай кедергі келтірген еді. Екінші толқын дағдарыстың алдында, 2004-2006 жылдары келді. Сол кезде еліміздегі екінші деңгейдегі ірі банктер ислам банктерінен мурабаха әдісі бойынша синдикаттық несие алды. Кейін дағдарыс болып, несие алған банктер дефолтқа ұшырады. Солармен бірге несие берген ислам банктері де өте үлкен мөлшерде шығынға тап болды. Кейін де ол қарыздар қайтарылмады. Исламдық қаржыландыру 1974-1975 жылдардан бастап жұмыс істеуде. Бүгінде қанатын кеңге жайып, ең ірі дамыған елдерде филиал-бөлімшелері ашылды. Соның ішінде Таяу Шығыс, Солтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа елдерінде жақсы дамыған. Мәселен, Ұлыбританияда бес ислам банкі жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2010 жылы Люксембург қор биржасында 14 сукук шығарылып, 40 млрд. АҚШ доллары айналымда болды. Бүгінде оның нақты активтері 1 трлн. АҚШ долларынан асып отыр. Қандай дағдарыс болса да бұл беделді активтерге еш зиян келмейді. Өйткені, ислам қаржы секторы нақты экономикаға инвестиция салу арқылы жұмыс істейді. Олар ешқашан басқа қаржылық секторлармен бәсекеге түспейді. Себебі, екі жүйенің жұмыс істеу тәсілі және мақсаттары мүлдем бөлек. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».