Жуырда барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен ұйымдастырылған семинар-кеңесте облыс тұрғындарының жартысынан астамы тұратын елді мекендердің шетін мәселелерін шешу жолдары кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов төрағалық еткен алқалы басқосуда кемшін тұстар да бүкпесіз айтылып, ауылдардың әлеуетін көтерудегі аудандардың рөліне ерекше көңіл бөлінді. Онда қияндағы Уәлиханов ауданындағы өрелі өзгерістер мен қарымды қадамдар үлгі етілді.
Біз табыс сырын білмек ниетпен аталмыш ауданның әкімі Аман ТӨРЕГЕЛДИНДІ әңгімеге тартқан едік.
– Иә, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың баяндамасында шағын және орта бизнес саласындағы оң тәжірибелеріміздің атап көрсетілгені рас. Қазір барлық ауылдық округтерде қоғамдық монша, дүкен, дәріхана, шаштараз секілді халыққа бірінші қажетті қызмет көрсету жүйелері жұмыс істеп тұр. Оның ешқандай құпия сыры жоқ. Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында жергілікті жерлерге барынша көңіл бөліп, ауылдың экономикасын нығайту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу жолындағы қағидаттарды белгілеп берді. Бүгінгі таңдағы басты міндетіміз – Мемлекет басшысының тапсырмаларын бұлжытпай орындау. Оған мүмкіндік те, күш-жігер де жеткілікті. Жұртшылықтың үлкен қолдауына ие болған бағдарламалар биік белестерге жігерлендіреді. Қолтықтасып еңбек етуге үндейді. Әлемдегі қаржылық дағдарыстарға қарамастан Қазақстан экономикасының тұрлаулылығы таңдап алған жолымыздың дұрыстығын аңғартса керек. Бес институттық реформаның басым бағыттары ұжымдарда кеңінен түсіндіріліп, «100 нақты қадам» жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, жаңа тарихи жағдайдағы ұлттың өркендеген мемлекеттердің сапына қосылу жөніндегі жоспар, күрделі кезеңнен сүрінбей өтуге жағдай туғызатын қадам екені қадап айтылды.
«100 нақты қадамның» қай-қайсысы болсын маңызды, әбден екшелген. Ойға қонымды. 61-қадамда ет өндірісі мен өңдеуді дамыту бағытында алда ұлан-ғайыр істер күтіп тұр. Ендігі негізгі міндет шикізат базасын алға бастыру және өңделетін өнімді сыртқы нарыққа шығару болып табылады. 60-қадамда айтылғандай сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту шеңберінде ТМД елдеріне шығарылатын өнімдердің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз етудің маңызы айтпаса да түсінікті.
– Бұрындары Уәлиханов ауданы даму әлеуеті төмен санатына жатқызылатын. Қазір жағдай қаншалықты өзгерді?
– Табиғаты көркем, ұлттық салт-дәстүрлері берік сақталған өңірді әлдекімдер депрессияға ұшыраған аймаққа енгізіп, қаржы «қалдық принципімен» бөлініп келгені жасырын емес. Соның салдарынан республикалық ведомстволардың тікелей әрі жедел араласуымен шешілетін түйінді проблемалар жабулы қазан күйінде қала берген. Ешкім де «артта қалушылықтың» объективті, субъективті түп тамырларына үңілуді қажет деп таппаған. Негізгі тұрғындары қазақтар саналатын өңірдің бір ерекшелігі ретінде аумағының үлкендігін айтуға болады. Кезінде алты аудан енші алып шыққан. Бастапқыда Көкшетау облысының құрамында болып, «Қызыл ту» аталған. 1997 жылы Солтүстік Қазақстан облысына қосылған. Территориялық бағыныштылығының жиі өзгеруі алға басқан адымның кері кетуіне салқынын тигізбей қойған жоқ. Облыс орталығынан шалғайда орналасуы, жолдардың сапасыздығы салдарынан ауданішілік қатынау түйінді мәселеге айналған. Петропавлдан Қулыкөл ауылдық округіне жету үшін кемі 600-700 шақырым жүріп, Павлодар облысының аумағын бірнеше рет кесіп өтуге тура келеді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілік. Соңғы жылдары мемлекеттің қаржылық қолдауы арқасында астық өндірісі әртараптандырылып, машина-трактор паркі нығайды. Жыл басынан бері 109 миллион теңгенің жаңа үлгідегі техникалары сатып алынды. Былтыр ауа райының қолайсыздығына қарамастан гектар өнімділігі 13,7 центнерден айналып, 225,3 мың тонна астық жиналды. Биыл 246,4 мың гектар жерге бітік астық өсірілді. Жанар-жағармай бағасын арзандату мақсатымен 380 миллион теңге жеңілдікті жәрдемақы алынды. Бұл шаралар көктемгі, күзгі дала жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырудың басты кепілі болмақ.
Одақ ыдырап, нарықтық экономикаға көшкен кезеңде мал санының күрт азайып кеткені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыруда Үкіметтен беріліп жатқан қаржылық демеулердің көмегі өлшеусіз. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламаларының тиімділігін ауылдықтар анық сезініп отыр. Мысалы, «Керей – 2014», «Досжан» фермерлік шаруашылықтарының, «Юнайт Инвест» ЖШС-нің 172 бас ірі қара және 108 бас жылқы алу жөніндегі өтінімдері мақұлданды. «Алтын асық» бағдарламасына қатысушылар саны арта түскенін байқауға болады. Мал шаруашылығын қолдау үшін 8 миллион 826 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы берілді. Елбасы тапсырмаларына сәйкес асыл тұқымды малдың үлесін арттыру үшін бордақылау алаңдарын, фермалар ұйымдастыру, малдың генетикалық және экспорттық әлеуетіне ерекше көңіл бөлінген. «Жолдасбай-Агро» фермерлік шаруашылығы осы бағытта жұмыс істейді. Мұхиттың арғы жағынан 393 асыл тұқымды ірі қара малын әкеліп, 890 басқа жеткізді. Енді малдарды аукцион арқылы сату, мал бордақылайтын алаң салу жоспарланған.
– Алқалы жиында мәлім етілгендей шағын және орта бизнес саласындағы жетістіктерді таратыңқырап айтсаңыз?
– Елбасы экономиканың маңызды буынын жеке кәсіпкерлік құрайтынын талай мәрте атап көрсетті. Қаржылық мүмкіндіктердің арқасында бұл сала қарқынды дамып келеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Северная Нива» серіктестігі сыйымдылығы 60 мың тонна болатын элеватор салуға кірісті. Жобаның құны – 2 миллиард теңге. «Жақсы Тұз Петропавл» ЖШС тұз өндіру жұмыстарына кірісті. Жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаға жуық. Қызыл ту кен орнынан карьер ашып, қиыршық тас өңдеуге деген қызығушылық басым. Зауыт жылына 200 мың тонна өнім шығарып, 50 адамды жұмыспен қамтиды. Биыл 8 жаңа нысан іске қосылып, 7 фермерлік шаруашылық ашылды. Олардың иеліктеріне 12 676 гектар жер бөлініп, мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндіктер жасалды.
– Аман Жақсыбайұлы, ауылдықтарды тағы қандай мәселелер толғандырады?
– Көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту – өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Жолдауларында өңірлерді байланыстыратын жолдардың маңыздылығына ерекше екпін түсірілгені мәлім. Былтыр жергілікті жолдардың жөнделуіне 491 миллион теңге бағытталды. Биыл да қомақты қаражат қарастырылды. «Қулыкөл-Қаратал» бағытындағы автомобиль жолдарын қалпына келтіруге аймақ басшысы облыстық бюджеттен 52 миллион теңге бөлдіртті. Сонымен қатар, жолаушылар санының артуына байланысты «Кішкенекөл-Астана» бағытындағы пойызға қосымша вагон қосуға ықпал жасады. «Кішкенекөл-Қулыкөл», «Кішкенекөл-Аққұдық» және «Кішкенекөл-Көкшетау» бағыттарында автобус маршруттары ашылып, 16 елді мекенге қызмет көрсетеді.
Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету – маңызды басымдықтардың бірі. 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында елді мекендердің 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Өткен жылы 36 шақырым «Ақтүйесай-Өндіріс-Жұмысшы-Жамбыл» аралығындағы және 27 шақырым «Молодая Гвардия-Мортық» бағытындағы су құбырлары жаңартылды. «Чехов-Кішкенекөл» бағыты бойынша су құбыры тартылуда. Соңғы екі жылда осы салада 1 миллиард теңге игерілді.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 2 қабатты 12 пәтерлі үй берілді. «Мөлдір су» кәсіпорнының қаражаты есебінен осынша пәтер бой көтерді.
– Елбасының апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселелерін тезірек шешу жөніндегі тапсырмасы қалай орындалуда?
– Ауданымызда мұндай проблемалар жоқ. Оқушыларымыз білім берудің негізгі көрсеткіштерінің бірі – ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен қуантып келеді. Былтыр облыс бойынша бірінші орынды иеленгенбіз. Биылғы көрсеткіштер де жақсы. Орташа балл 81,8%-ды құрап, алдыңғы орыннан көріндік. Жеті түлегіміз «Алтын белгіге» ие болды. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылардың жақсы білім алуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы Өндіріс орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді.
Жастарды спортқа баулу бағытында жұмыстар жүйелі сипатқа ие. 103 спорттық нысан жұмыс істейді. Аудан тұрғындарының 27,7 пайызы спортқа тартылып, саламатты өмір салтын ұстанған. Еркін күрестен КСРО-ның екі дүркін чемпионы Ахметжан Қазымбетовты еске алуға арналған республикалық турнир дәстүрге айналған. Облыстық қысқы ойындар өткізу үшін жаңа талаптарға сай жабдықталған хоккей корты бой көтерді. Енді денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды ойластырып отырмыз.
Ауданның жағрапиялық жағынан оңтайлы орналасуы, минералдық, шикізаттық ресурстардың молдығы, достықты, жақсы дәстүрлерді қастерлейтін тұрғындарының еңбексүйгіш қасиеттері – мұның бәрі болашаққа нық сеніммен қарауға жол ашары анық. Өңірді теміржол және автомобиль жолдарының тоғысқан күретамыры десе де болады. Солтүстік шығысында Ресей Федерациясының Омбы облысымен, шығысында Павлодар, оңтүстік-шығысында Ақмола облысымен шектеседі. Сөз арасында Бидайық – Омбы бағытындағы теміржол жүйесінің жаңғыртылып жатқанын айта кеткен жөн
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан аудан тұрғындары ел ырысын еселеуге өз үлестерін қоса беретіндері еш күмән тудырмайды.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы,
Уәлиханов ауданы.