Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда 2010 жылға арналған “Жол картасын” іс жүзіне асыру барысы, өңірлердің алдағы қысқы маусымға дайындығының жағдайы және 2020 жылға дейін еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен кең көлемде модернизациялау бағдарламасы қаралды. Сонымен бірге, осы отырыста еліміздің ішкі рыногындағы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі де талқыланды.
Күн тәртібіне енгізілген алғашқы үш мәселе бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Серік Нокин баяндама жасады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында атап көрсетілгендей, “Жол картасы – 2009” жоспары бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу және қайта құру жөніндегі жұмыстар биылғы жылы да жалғастырылады. 2010 жылға арналған “Жол картасы” аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу және жаңғырту жұмыстарына 50,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 32,8 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 17,6 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттерден қарастырылған. Облыс әкімдіктері мен Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің берген мәліметі бойынша, қазіргі уақытқа дейін республикалық бюджеттен бөлінген қаржы – 93 пайыз, жергілікті бюджеттің қаржысы 84 пайыз игерілген.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жобаларын іс жүзіне асыру барысында 39 мың адам жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылы “Жол картасы” шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 653 жоба іске қосылмақ. Оның ішінде Қарағанды облысында 11 жоба, Солтүстік Қазақстан облысында 2 жоба, Маңғыстау облысында 1 жоба қазірдің өзінде жүзеге асқан. Жалпы алғанда, “Жол картасы” шеңберінде атқарылып жатқан жұмыс тәжірибесі еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және кең көлемде модернизациялау бағдарламасын белгілеуге негіз болып отыр. Серік Нокиннің айтуы бойынша, бұл бағдарлама 200-ден астам нормативтік-техникалық құжаттарды жетілдіру және белгілеу, ғылыми және қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізу, коммуналдық саладағы тариф тетіктерін жетілдіру шараларын қарастырады және 5 мыңнан астам кәсіби білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның 2011-2015 жылдарға арналған бірінші кезеңіне белгіленген шараларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 173 миллиард теңге бөлінуі керек. Оның ішінде 123 миллиард теңге коммуналдық жүйені дамыту мен модернизациялауға, 43,5 миллиард теңге көпқабатты тұрғын үйлердегі энергетикалық тиімділікті арттыруға жұмсалмақ. Агенттік төрағасы мәлімдегендей, осы қаржының 46 миллиард теңгесі 2011 жылы игерілуі керек. Ал Қаржы министрлігі 2011 жылға арналған бюджет жобасын белгілеген кезде бұл қаржының 24,5 миллиард теңгесін ғана қарастырған. Агенттік 2011 жылға бөлінген қаржыны тағы да 21,7 миллиард теңгеге өсіруді ұсынып отыр. Егер осы аталған қаржы толық мөлшерде бөлінбейтін болса, Астана қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысынан басқа бірде-бір өңір 2011 жылы инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын орындай алмайды.
– Менің ойымша, 2020 жылға дейін еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және кең көлемде модернизациялау бағдарламасы негізінен жақсы жасалған. Бұл бағдарламаны бүгінгі отырыста айтылған сын-ескертпелермен толықтырып, жақын арада қабылдауымыз керек, – деді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.
Өңірлердегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын алдағы қысқы маусымға дайындау шаралары белгіленген кесте бойынша жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылға белгіленген шаралар ауқымында республикамыз бойынша 4015 бу қазанын, 716 шақырым жылу жүйесін, 1815 шақырым сумен жабдықтау және су тарату жүйесін, 43303 шақырым электр желісін күрделі жөндеуден өткізу қарастырылған. Ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша, 2139 бу қазаны (53 пайыз), 391 шақырым жылу құбыры (54 пайыз), 984 шақырым сумен жабдықтау және су тарату жүйесі (54 пайыз) күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен бірге, белгіленген 43,3 шақырым электр тарату желісінің іс жүзінде 20,8 мың (48 пайыз) шақырымы дайындық сапына қойылды.
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін еліміз бойынша 10 204 оқу мекемесін дайындау керек болатын. Қазіргі күнге дейін 4844 нысан (47 пайыз) жаңа оқу жылына толық дайын болды. Дегенмен, бұл салада әлі де қолбайлау болып отырған мәселелер баршылық. Мәселен, мекемелерді жаңа оқу жылына дайындау шаралары Оңтүстік Қазақстан облысында бар болғаны 20 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 23 пайыз, Алматы қаласында 26 пайыз ғана жүзеге асырылған.
Статистика агенттігінің дерегі бойынша, елімізде жыл басынан бері инфляция деңгейі 4,4 пайызды құраған. Инфляция мөлшеріндегі азық-түлік тауарларының үлес салмағы 5,6 пайыз болып отыр. Азық-түлік бағасының өсу деңгейін жекелеген өңірлер бойынша алып қарасақ, бұл көрсеткіш Астана қаласында 7,3 пайыз, Батыс Қазақстанда 6,4 пайыз, Жамбыл облысында 6,1 пайыз және Оңтүстік Қазақстан облысында 5,9 пайыз деңгейінде болған. Үкімет отырысында ішкі рыноктағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, республикамызда негізгі азық-түлік бағалары шілде айында біршама тұрақтанған. Бірқатар азық-түлік түрлері, атап айтқанда, жұмыртқа 8,6 пайыз, картоп 6,4 пайыз, пияз 4,3 пайыз, сүт 3 пайызға арзандаған. Сонымен бірге, сәбіз 16,1 пайыз, қырыққабат 4,5 пайыз, сары май 2 пайыз, құс еті 1 пайызға қымбаттаған. Бұл азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына сараптау жүргізген кезде өнім өндірушілердің бағаны ешбір өзгертпегені, бағаның қымбаттау себебі тек қана делдалдар мен сауда нүктелерінің тойымсыздығынан болып отырғандығы анықталды. Бұл жергілікті атқарушы органдарда құрылған бағаны бақылау жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысының әлсіздігін көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы министрінің мәлімдеуінше, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысынан басқа еліміздің бірде-бір өңірлерінде нан бағасы өзгермеген. Шілде айында Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында нан бағасының қымбаттауына ешқандай негіз болған жоқ. Бұл жекелеген құрылымдар мен алыпсатарлардың биылғы қуаңшылық дақпыртын өз қалталарын қалыңдату үшін пайдалану пиғылынан туындаған. Еліміз бойынша нан бағасының қымбаттауына еш негіз жоқ. Оған биылғы ауа райының қолайсыздығы да ешқандай ықпал етпейді.
Біріншіден, деді А.Күрішбаев, еліміздің кейбір өңірлеріндегі қуаңшылыққа қарамастан, республикамыз бойынша биылғы жылы алдын ала жасалған есепке қарағанда, 13,5-14,5 миллион тонна астық жиналатын болады. Мұндай жоғары көрсеткішке егіншілікпен айналысатын шаруашылықтарда ылғал сақтау технологиясының кеңінен өндіріске енгізілуінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Екіншіден, еліміздің құт қамбасында өткен жылдан қалған 7 миллион тонна сапалы астық сақталып тұр. Міне, жоғарыда айтылған осы астық көлемі еліміздің ішкі рыногын толық қамтамасыз етуге және жоғары экспорттық қуатын сақтауға барынша жеткілікті.
Министрдің айтуынша, Үкіметтің дер кезінде қабылдаған кешенді шараларының арқасында еліміздің барлық өңірлерінде шегірткеге қарсы күрес сапалы әрі кең көлемде жүргізілген. Соның арқасында көрші мемлекеттердің жүздеген мың гектар алқаптарын шегіртке басып кеткенде, біздің елімізде бірде-бір гектар алқап бұл кеселді жәндіктің кесіріне ұшыраған жоқ. Тағы бір айта кететін мәселе, 2008 жылы астықтың әрбір тоннасы 230-250 АҚШ доллары деңгейінде болғанда, республикамыз бойынша бір бөлке нанның бағасы 46 теңгеден айналды. Ал қазір астық бағасы 140-150 доллардан болып отырғанда, бір бөлке нан 43 теңгеге сатылуда. Бұдан шығатын қорытынды, нан бағасына ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің де, ұн өндірушілердің де ешқандай қатысы жоқ. Соңғы кезде Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысында қалыптасқан жағдайға келетін болсақ, қазір бұл өңірлерде Азық-түлік корпорациясы тарапынан әрбір тоннасын 20,6 мың теңгеден босатқан 49 мың тонна астық бар. Алдағы уақытта корпорация бұл өңірлерге осындай бағамен тағы да 100 мың тонна астық жөнелтеді.
Үкімет отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді. Үкімет басшысы, әсіресе, оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын қатаң бақылауды тапсырды. Егер, оқу жылы басталғаннан кейін бұл салада күрделі кемшіліктер анықталатын болса, олқылық орын алған жерлердегі аудан әкімдері мен білім беру бөлімдерінің бастықтары орындарынан алынатындығын ескертті. Сонымен бірге, Премьер-Министр барлық өңірлердің әкімдеріне және тиісті атқарушы билікке еліміздің ішкі рыногындағы азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.