Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты Ұлттық қордан тағы 76 млрд. теңге бөлінетінін айтты.
Қаржы министрлігі өткен айдың 11-ші жұлдызында болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар бойынша бірқатар шаралар қарастырыпты. Атап айтқанда, ағымдағы жыл мен орта мерзімдегі болашақта экономикалық саясатты жүргізу жөніндегі тапсырмаларды орындауға байланысты нақты шешімдер қабылданған. Осы туралы әңгімелеген министр, мақсатқа жету үшін қысқа мерзімде дайындалған арнайы заң Парламент Сенатының қарауында екенін айтты.
Соған қарағанда, таяуда Парламент Сенаты ағымдағы жылғы бюджет жобасын нақтылау туралы өз шешімін қабылдайтын болады. «Ағымдағы жылдың 11 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы біраз тапсырма бергені мәлім. Солардың ішінде ең маңызды мәселелердің бірі сыртқы экономикадағы ахуалдардың бүгінгі еліміздің экономикасына кері әсерлеріне қарсы шараларды дер кезінде қабылдау болып тұр, олардың қатарында қаржылық шаралар да бар», деді Б.Сұлтанов.
Министр ел күткен «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық қордан қосымша 76 млрд. теңге қаржы бөлінетіндігін де айтып өтті. «Бүгіндегі экономикамыздың өсу деңгейі мен импорт пен экспорт көрсеткіштерінің төмендеуіне байланысты бюджетімізді нақтылауымыз қажет. Осыған орай арнайы заң жобасы қысқа мерзім ішінде әзірленіп, Парламентке ұсынылған еді. Енді, ертең Сенат ағымдағы жылғы бюджет жобасын нақтылау туралы өз шешімін қабылдайтын болады», деген ведомство басшысы, жаңа заң әр теңгенің тиімді жұмсалуын қатаң қадағалайтындығын меңзеді.
Бұйыртса, биылғы жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсімі 1,5 пайыз деңгейінде сақталатын көрінеді. Үкімет әлемдік экономиканың өсу қарқынының бәсеңдеуіне, мұнай бағасының төмендеуіне және еліміздің экономикасына кері ықпал ететін басқа да жағымсыз факторларға байланысты бюджетті оңтайландыру жұмыстарын жүргізіпті. «Мәселен, бюджетті оңтайландыру кезінде біз мұнайдың бір баррелін 50 доллар мөлшерінде нақтыладық. Бұдан шығатын нәтиже, ішкі жалпы өнімнің өсімі биылғы жылы 1,5 пайыз деңгейінде сақталады деп үміттенеміз», деді ол.
Елімізде мүлікті заңдастыру акциясы да өз нәтижесін беріп жатыр екен. «Мүлікті заңдастыру акциясы барысында 200 млрд. теңгеден астам қаражатқа мүлікті жария ету бойынша өтініштер келіп түсті. Шамалап айтар болсақ, бұл 1 млрд. доллар болады. Бұған қоса, екінші деңгейлі банктерде 69 шот ашылды, оған 10 млрд. теңгеге жуық қаражат салынған. Бұл қаржылар айналымға да түсіп үлгерді», деген министр, осы соманың үштен бірін иелері уақытынан бұрын алуға тілек білдірген, соның арқасында оның 10 пайызы мемлекет бюджетіне келіп қосылғанын жеткізді. Осы пайызды ақшаға айналдырып көрсек, бюджетке шамамен 300 млн. теңге кіріс кірген. Оның үштен бірі Қазақстан экономикасына салынып, олар 10 пайыздық алымнан босатылыпты. Осылайша, бұл қаражаттар жұмыс істей бастапты.
Баспасөз мәслихатында кезектен тыс өткелі тұрған президенттік сайлауды өткізуге қанша қаражат қарастырылғаны да сұралды. «Тиісті мемлекеттік органдармен бұл мәселені талқыладық. Арнайы жұмыс тобы да құрылған болатын. Сайлауға қажет ақшаны жан-жақты есептей келіп, 5,5 млрд. теңге көлеміндегі қаражат жеткілікті болар деп шештік. Бүгін бұл соманы Үкіметтің қорынан бөлу қарастырылып жатыр», деді Б.Сұлтанов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».