• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2015

Серпін берді

412 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарының индустрияландыру және экономикалық өсімді арттыруға бағытталған 77 қадамында алты негізгі сала бойынша білікті кадрлар әзірлеуді еліміздің он алдыңғы қатарлы колледжі мен он жоғары оқу орнына тапсырды. Соның бірі – жаңа технологиялар колледжі.   Қазақстан Республикасы Президентінің кәсіби мамандарды даярлау тәжірибесін кейіннен еліміздің басқа да оқу орындарына таратуды міндеттеуі аса үлкен жауапкершілік жүктейді. Елбасы сенімі республикадағы 800-ге жуық орта арнаулы оқу орын­дары­ның арасында үздік ондыққа енген коллледж ұжымына жаңа серпін берді. Бұл таңдау тегіннен тегін емес. Өйткені, Жаңа технологиялар колледжі облыстың ғана емес, тұтас мемлекетімізді бәсекеге қабі­летті білікті кәсіби мамандармен қамтуға елеулі үлес қосып келеді. Ұлт жоспарының 79-қадамында білім беру жүйесінде жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу міндеттелген. Басты мақсаты – даярланатын мамандардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының эскпорттық әлеуетін көтеру. Елбасының бұл тапсырмасы колледжде әзірдің өзінде жүзеге асуда деп айтуға негіз бар. Өйткені, «Otrar Education» жеке шағын серіктестігімен бірлескен жоба аясында 4 топта 60 студент ағылшын тілінде тереңдетіп білім алуда. Оларға АҚШ-тың жоғары оқу орындары Калифорния, Сол­түс­тік және Оңтүстік Каролина уни­вер­ситеттерінің түлектері дәріс оқиды. Кәсіби маман даярлау ісінде колледж еліміздің оқу орындарымен ғана емес, шетелдік әріп­тестерімен де халықаралық байланыс орнатқан. Олармен тәжірибе алмасып, халықаралық жобалар аясында бірге ізденіп, бірлесіп жұмыс істейді. Соның бірі – Кембридж аймақтық колледжімен «2+2» жобасының негізінде 7 студент Англияда білімдерін жетілдіріп қайтты. Олар британдық бағдарламамен оқып, британ квалификациясын иемденді. Студенттерді практикалық оқыту арнайы мекемелер мен құры­лыс нысандарында жүзеге асады. Бұл бағытта колледж әртүрлі саладағы жекеменшік әлеуметтік әріптестерімен бірлесіп жұмыстар атқаруда. Колледж бен мекемелер арасында бірлесіп әрекет ету және стратегиялық әріптестік туралы меморандумдар түзілген, екі-үш жақты келісімшарттар бар. Бұл өз кезегінде түлектерді тұрақты жұмысқа орналастыруға, өндірісте тәжірибелі инструкторлармен жұмыс жасауға, заманауи оқу құралдарына жол ашты. Олардың қатарында «Өрлеу – Сапа» өндірістік бірлестігі, «СтройСервис – ТИК», «Аль-Декей» жеке шағын серіктестіктері мен «Электромонтаж» акционерлік қоғамы, тағы басқалар бар. Инженерлік білім беруде заманауи мамандарды даярлау аталған кәсіпорындардың кадрлық қажеттіліктерін өтеуге негізделген. Оқу бағдарламасы да өндіріс орындарының талаптары бойынша әзірленеді. Сондықтан студенттер өндірістік іс-тәжірибелерден өткен кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа қабылданады. Осы күнге дейін орта арнаулы оқу орны 30 мыңнан астам маман әзірлеген болса, олардың  95 пайызы жұмысқа орналасқан. Жалпы мамандардың кәсіби дайындығы мен өз квалификациясын игеру көрсеткіші – 98 пайыз. Білім беру қызметінің сапасы СТ РК ИСО 9001-2009 «EUROASIA MS» және халықаралық AFNOR француз ассоциациясының  ИСО 9001:2008 талаптарына сай. Колледждің өнімділік сапа жүйесін енгізу тәжірибесі 2010 жылдың 19 наурызында республикалық оқу орындары директорларының кеңесінде қаралып, техникалық және кәсіби білім беру жүйесі бойынша Білім және ғылым министрлігінің жоғары бағасын алған. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының ұйғаруымен құрылысшы мамандарын даяр­лаудың бір тобы Елбасы тап­сырмасына сай дуальдік оқыту жүйе­сінің эксперименттік алаңша­сы ретінде қарастырылған. Мемлекет басшысы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында қа­лыпт­асқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Елбасы «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді», деген еді. Осы мақсатта колледж бірқатар мамандықтар бойынша жоғары техникалық мектеп (ЖТМ) үлгісіне көшуде. ЖТМ қанатқақты жобасының оқу бағдарламасын Білім және ғылым министрлігінің келісімімен колледж ұжымы жасап шықты. Мұнда білікті мамандар даярлау әдістері дағдылы орта арнаулы оқу орындарындағыдан өзгешелеу. Маман өз саласындағы барлық сатыдан өткен жағдайда ғана инженер деп танылады. Осылай теңдестірілген оқу жүйесі үзіліссіз жүзеге асады. Жаңа технологиялар колледжі Үкіметінің 2011 жылғы 7 маусымдағы №777 қаулысымен құрылған «Кәсіпқор» холдингінің талаптарына сай жұмыс істейді. 2015 жылдың 27 мамырында холдинг пен колледж арасында еліміздің еңбек нарығына қажетті бәсекелестікке қабілетті жоғары сыныпты кәсіби техника мамандарын бірлесіп даярлау туралы келісімшартқа қол қойылды. Нәтижесінде арнаулы оқу орны «Үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану», «Электронды есептеу техникасы және бағдар­ламалық қамсыздандыру» мамандарын даярлау ісінде еліміздің эксперименттік оқу бағдарламасын енгізу базасына айналмақ. Яғни, алдыңғы қатарлы Құрылыс және коммуналдық қамсыздандыру мектебі, Информация және коммуникация мектебі, Энергетика мектебі атануға толық негіз бар. Бұдан бөлек «Кәсіпқор» хол­дингімен бірлесіп стратегиялық серіктестік бағытында колледж­ішілік эсперименттік оқу бағдар­ламалары мен оқу орнының 5 жылдық даму жоспары жасалды. Колледжде жоғары кваликациялы кадрлар жұмыс істейді. Оларды қатарында бір ғылым докторы, 6 ғылым кандидаты, 37 магистр оқытушылықпен айналысса, ұжымның 52%-ы жоғары санатты және бірінші дәрежелі ағарту ісінің мамандары. «Кәсіпқор» холдингімен бірлесе әрекет ету­дің нәтижесінде колледж оқыту­шылары кәсіби-техникалық және жоғары білім беру жүйесіне сай оқу бағдарламаларының жаңа прин­циптері мен әдістемелері бойынша біліктілік курстарынан өткен. Колледждің 2 оқу ғимараты, 70 оқу кабинеті мен лабораториялары,  оқу шеберханалары, 2 конференция залы, жергілікті тораптық телестудиясы, баспаханасы, 500 орынды акт залы, 260 шаршы метрлік кітапханасы, 150 адамдық асханасы, 170 орынды жатақханасы, медициналық және психологиялық қызмет кабинеттері бар. 20 компьютер, 6 лингофон кабинеттерінде 600 компьютер (4 студентке 1 компьютер) секундына 10 мбайттық 2 мегалайн жүйесі бойынша интернетке қосылған. Тестілеу және бақылау орталығының барлық кабинеттері мен лабораториялары заманауи оқу құралдарымен жабдықталған. 10 тасымалды бейнепроектор, 85 теледидар, қолданбалы бағдарламалы 28 интерактивтік тақта, т.б. Бір мезетте 120 адамды қамти алатын оқу залы бар кітапхананың кітап қоры 160 мыңды құрайды, оның 160-сы электронды нұсқада ізденушілер сұранысын өтейді. Сонымен қатар, мұнда бизнес-инкубатор, ғылыми әдістемелік және мониторинг орталықтары жұмыс істейді. Спорттық кешен құрамына 2 спорт залы бар десек, оған күрес залы, 2 футбол алаңы кіреді. Қорыта айтқанда, еліміздің алдыңғы қатарлы он колледжінің бірі – Жоғары техникалық мектеп Елбасының 100 нақты қадам Ұлт жоспарын жүзеге асыруға атсалысуға дайын деуге болады. Қанатбек ДОСАЛИЕВ, жаңа технологиялар колледжінің директоры.