Тағы бір бел асқан қазақ қаламгерінің халықаралық атақ-сыйлықтарын санамалап шығуға қос қолыңыздың саусақтары жете қоймас. Мұның өзі Сәбит Досановтың жазушылық абырой-беделінің шекарасы барған сайын кеңейе түсіп отырғанын айғақтаса керек әрі бүкіл қазақ әдебиетінің мерейі десек артық болмас. Ал біздің тоқтайтынымыз – түптеп келгенде, «Егемен Қазақстан» беттерінде айтылған: «Күні-бүгінге дейін 30 томдай көркем шығарма жазып-жариялаған Сәбит шығармашылығы біздің ұлттық әдебиетіміздің бағалы үлгілерінің бірі» деген академик Серік Қирабаевтың абыз тұжырымы. Тағдырлы жазушының осынау әділ бағаға да, бұған дейінгі сыйлы марапаттарға да әбден сай екендігі кешегі кеште айқын көрінді.
Сәбит Аймұханұлын сахна төріне Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай қолтықтай құрметтеп алып шыққанын халқымызға тән көргенділік белгісі деп білдік. Басқарма төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейгерге жолдаған құттықтау хатын жария етіп, осындай ақ тілек арқалаған жеделхаттардың Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтан, Қорғаныс министрі И.Тасмағамбетовтен, Қазақстанның Ресейдегі және Грузиядағы елшілері М.Тәжин мен Е.Ертісбаевтан, тағы басқалардан келіп жатқанын хабарлады. Н.Оразалин аға қаламдастың бар өмірін, құдай берген талантын қазақтың көркем сөзіне арнап, әдебиеттегі өзіне тиесілі биігін анықтағанын баса айтып, сонымен бірге дәуірге үн қосқан көсемсөзшілігіне, әдебиеттер арасындағы алтын көпір, қазақ руханиятының елшісі екендігіне тоқталды.
Олжас Сүлейменов досы Сәбитті туған күнімен құттықтап, қазақтың: «Жаса!» деген жақсы сөзіне көп мағына сыйғыза, ұзақ өмір сүруге, шырайлы шығармалар тудыруға тілектестігін білдірді. Алматы жұртшылығының ілтипатын қала әкімінің орынбасары Зәуре Аманжолова, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауын кеңесші Өтеген Оралбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтауын осы партияның Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов жеткізді.
Шетелдік меймандар ішінен қазақ жазушысына тәжік ақын-жазушылары Гулрухсор Сафиева мен Соттор Тұрсын, «Түріксой» және Түркия Жазушылар одағының атынан Серкен Хастүрік, қырғыз туғандардан Қырғыз Ғылым академиясының вице-президенті Абдылдажан Ақматалиев, белгілі қырғыз ақыны Мархабай Ааматов, сондай-ақ Ресей Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Мәскеу Жазушылар одағының төрағасы Владимир Бояринов, Шолохов және Твардовский атындағы сыйлықтардың лауреаты, ақын Людмила Щипахина, атақты белорус жазушысы Олес Кожедуб, армян жазушысы Станислав Огенян, Ресей ақыны Нина Попова, Қазақстан Президентінің «Руханият» сыйлығының лауреаты, француздық мейман Альберт Фишлер мен Мадлена Фишлер ханым, якутиялық қаламгер Илья Петрова, өзбек жазушысы Мехманқұл Исламқұлов, әзербайжан ақыны Елхан Зал Қарахан ақ тілектердің арнасын ағытты. Осы меймандар тарапынан Сәбит Досанов Антон Дельвиг атындағы Бүкілресейлік «За верность слову и отечеству» сыйлығымен, Ш.Айтматов қорының атынан Айтматов атындағы халықаралық сыйлықпен, сондай-ақ «Қырғыз ұлттық театр академиясының академигі» атағымен марапатталды. Қазақ жазушысы туралы мақала түріктің бір миллион таралымы бар газетінде басылғанын да осы арада естідік. Ақ пейілмен айтылған бауырластық сырларда да, шын жүректен арналған жарқын жырларда да толас болған жоқ.
Қостанай, Алматы, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан да мерейтой иесіне арнайы құттықтаулар мен сый-сыяпаттар кешікпей жетті. Әйгілі сықақшы Көпен Әмірбек аға жазушыға әзіл шуағын сыйлады. Жезтаңдай әншілеріміз Майра Мұхамедқызы, Қабылаш Әбікей, Нұрғали Нүсіпжанов пен Шахизада Сәбит ағаларын ән қанатында самғатты. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Сәбит Досанов жырларынан шашу шашты, «Дауыл» драмасынан көріністер қойылды. Құрманғазы атындағы оркестр күйінің әуенімен асқақтата орындалған «Кенесары ханның соңғы сөзі» атты толғау-жыры қазыналы қаламгердің қазақ қалыбындағы қасиетін молынан аңғартты.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Азамат ҚҰСАЙЫНОВ.
Алматы