«Біз Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік жүйесіндегі рөліне таңғаламыз»
Біздің елімізге Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Миан Мохаммад Наваз Шариф ресми сапармен келді, ол Қазақстан Республикасы басшылығымен кездесу өткізеді. Оның қорытындысы бойынша өзара мүдделерді білдіретін бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылу күтілуде. Сапар қарсаңында пәкістандық Премьер-министр көпжақты пішімді қоса алғанда, қызметтестіктің түрлі салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылдардың перспективалары туралы өз елінің экономикалық бастамалары туралы әңгімелеп, өңірлік қауіпсіздіктің көкейкесті мәселелері бойынша ой бөлісті, сондай-ақ, оқырмандарды Пәкістанның мәдени дипломатиясының постулаттарымен және өзінің саяси кумирлерімен таныстырды. – Сіздің алдағы Қазақстанға сапарыңыздың негізгі мақсаты қандай? – Менің сапарымның мақсаты Пәкістан-Қазақстан қарым-қатынастарын одан әрі нығайту, түрлі салалардағы ынтымақтастықты ұлғайту, екіжақты сауданы, инвестициялар мен экономикалық ықпалдастықты арттыру болып табылады. Біз, сондай-ақ, бейбіт және тұрақты өңірге қол жеткізу үшін қандай қызметтестіктер қажет екендігі туралы да пікір алысатын боламыз. – Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы өткен жылы 33 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіштің екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетіне сәйкес келмейтіні анық. Біздің еліміздің ДСҰ-ға өтуіне байланысты сіз сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтың қандай перспективалы бағыттарын көре алар едіңіз? – Пәкістан мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда өз әлеуетінен әлдеқайда төмен. Дей тұрғанмен, екі ел арасындағы сауданы кеңейту үшін орасан зор әлеует бар. Ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын бір мезгілде зерттей отырып, барлық қолжетімді нұсқаларды пайдалану үшін екіжақтың да күш-жігер жұмсауы қажет. Осыған байланысты Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы елдің Ұйымның құрылтайшы елі Пәкістанмен сауданы белсенді жүргізуге жағдай жасайтын болады. – Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бастап Пәкістан қазақстандық сыртқы саяси бастамаларға белсенді қолдау көрсетіп келеді. Бүкілазиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара іс-қимылдарға бағытталған және пәкістандық тарап оған барынша белсенді атсалысатын АӨСШК үдерісі оған мысал болып табылады. Сіздің ойыңызша бүкілазиялық қауіпсіздіктің негізгі постулаттары қандай? – Пәкістан АӨСШК үдерісін қолдайды және оның қызметіне белсенді атсалысады. Біз таяуда Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының қызметіне қосылдық, оның қызметі де қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды болып табылады. Пәкістан БҰҰ Хартиясына қосылу Азиядағы бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін маңызды сипатқа ие деп есептейді. Өзгенің ішкі ісіне араласпау, достық қарым-қатынастарды дамыту және дау-дамайларды үнқатысу жолымен реттеу қағидаттарын ынталандыру қажет. Даму мен қауіпсіздік арасында ішкі байланыс болады. Соған сәйкес біз өңірлік өзара байланыстар мен экономикалық ынтымақтастық орнатуға бағдар ұстануымыз қажет. – Пәкістан 2012-2013 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Қазақстан 2017-2018 жылдар кезеңіне кандидат болып табылады. Бұған қатысты сіздің еліңіздің ұстанымы қандай? – Пәкістан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайлау барысында Қазақстанның кандидатурасына қолдау көрсететін болады. – Сіз Қазақстан бітімгершіліктің жаңа орталықтарының бірі бола алар еді деген саясаттанушылардың көптеген пікірлеріне қандай баға берер едіңіз? – Пәкістан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау ісіне үлкен маңыз береді. Біз БҰҰ-ның бүкіл әлем бойынша бітімгершілік операцияларында ең ірі әскерлер доноры болып табыламыз. Біз Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік құру жүйесінде атқаратын рөліне таңғаламыз және өзіміздің бауырлас елге және оның алысты болжайтын басшылығына толық сенімдіміз. Қазақстан басшылығы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға жағдай жасайтын АӨСШК-ні құрды. Қазақстан, сол сияқты, ШЫҰ-ның маңызды мүшесі болып табылады. Біз Қазақстанның бітімгершілік орталық ретіндегі өскелең рөліне қолдау көрсетеміз. – Ауғанстан проблемасы өңірде ғана емес, сонымен бірге, әлемде де шешуші проблемалардың бірі болып табылады. Ол елдегі ахуалды тұрақтандыруға қол жеткізу жөнінде Исламабадтың рецепті қандай? Ауғандық есірткі тасымалының жолын қалай кесуге болады? – Біз ауғандық биліктің өзі жүзеге асырып жатқан бейбітшілік пен бітім орнату үдерісін толық қолдаймыз. Бұл елдегі тұрақтылық пен бейбітшілік Пәкістан үшін де және бүкіл өңір үшін де өте маңызды. Біздің бейбіт және тұрақты Ауғанстанға қатысты мүддеміз ортақ. Мен ол лауазымына кіріскен сәттен бастап президент Ашраф Ганимен үнемі байланыс орнатып отырамын. Таяуда 2015 жылдың 12 мамырында Ауғанстанға барған сапарымда мен ауған басшылығымен кездесу өткізіп, оның барысында біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың барлық аспектілерін, әсіресе, Ауғанстандағы бітімге келу, бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін талқыладық. Экономикалық даму үшін қолайлы орта туындататын бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатқаннан кейін есірткі сияқты бүкіл апаттар елден аласталады деп ойлаймын. – «Ислам мемлекеті» деп аталатын ұйымды жою үшін қалайша күрес жүргізу қажет? – Пәкістан ИГИЛ деп аталатындар жүзеге асырып жүрген террорлық актілерді үзілді-кесілді айыптайды. Ол ислам қағидаттарына қайшы келеді. Біз экстремизм мен терроризм қатерін жою жөніндегі «Зарб-э-Азб» операциясына атсалысамыз. Операция табысты жүруде, біз көп ұзамай терроршылар мен экстремистерден арылатын боламыз. Халықаралық қауымдастық БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ИГИЛ-ге қатысты 2170 және 2178 қарарларын толық дәрежеде орындауы тиіс. Қауіпсіздік Кеңесі қарарларының шеңберінде, БҰҰ Жарғысының VII тарауына сәйкес халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру ол қауіп-қатерлерді жоюда маңызды болып табылады. – Пәкістандық іскер топтар өкілдері Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) кеңістігінің әлеуетін пайдалануға атсалысуды жоспарлап отыр ма? – Пәкістан мүше елдермен сауда қатынастарын тереңдету үшін Еуразиялық экономикалық одақпен Еркін сауда туралы (ЕСК) келісімге келмек ниетте. Ол ЕАЭО мен Пәкістанның бизнес-қауымдастығы арасындағы жемісті ықпалдастыққа жағдай жасайтын болады. Қазақстан осы бірлестіктің белсенді мүшесі бола отырып, Пәкістанның ЕСК бекіту жөніндегі ұсынысына қолдау жасауда өте пайдалы бола алар еді. – Исламабад Қазақстанды аса зор «Пәкістан-Қытай экономикалық дәлізі» жобасының қызметіне қатысу үшін тартуға мүдделі ме? – Пәкістан Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізін өңірлік өзара байланыстар мақсатына қол жеткізу құралы және өз өңірі үшін өсу мүмкіндіктері ретінде қарастырады. Біз осы мақсатқа қол жеткізуге алып баратын кез келген бастаманы қолдаймыз. Біз әрқашанда үлкен экономикалық мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін және барша үшін де ұтылмайтындай ахуал құратын Орталық Азия өңірімен өз байланыстарымызды дамытуға ұмтылып келдік. – Пәкістанның ұзақ та бай тарихы бар, сонымен бірге, салыстырмалы түрде жас мемлекет болып табылады. Пәкістанның мәдени дипломатиясының негізгі постулаттары қандай? – Пәкістанның мәдени дипломатиясы оның Оңтүстік Азиядағы географиялық жағдайымен және Орталық Азиямен тарихи байланыстарымен бір қатарда оның исламдық біртектілігінің көрінісі болып табылады. Пәкістан жас мемлекет болып табылғанымен, біздің еліміздің негізі Инд жазығы өркениетінде жатқан бай тарихы бар. Соған сәйкес Пәкістан бүкіл осы факторлар арқылы орасан зор мәдени тиімділікке ие болды. Пәкістан өзінің мәдени дипломатиясын өзінің ас үйі, киімі, тілі мен өнері арқылы жүргізеді. Пәкістандық қоғамдастық пен Пәкістанның шетелдердегі миссиялары да біздің еліміздің мәдениетін жаһандық ауқымда дамытуға ықпал жасайды. – Өкінішке қарай, кейде Исламды зорлық-зомбылықпен және террормен астастырып жатады. Осынау стереотипті өзгерту үшін не істеу керек? – Исламды зорлық-зомбылықпен және экстремизммен байланыстыру мүлде дұрыс емес. Ислам бейбітшілік пен ұстамдылық діні болып табылады. Шағын ғана азшылықтың іс-әрекеттері, өкінішке қарай, Ислам зорлық-зомбылықпен және террормен байланысты деген негізсіз әсер тудырады. Дегенмен, тенденция өзгеріп келеді. Ол халықаралық алмасу бағдарламалары мен түрлі елдердің жекелеген адамдарының арасындағы байланыстар арқасында жүзеге асуда. Бүгінде әлем Ислам туралы анағұрлым құлағдар болып, ақпараттана түсуде. Біздің дініміздің бейнесін ашып көрсету үшін бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді де күшті құрал ретінде пайдалануға болады. Дәл сол сияқты әлемді жақсы жағына қарай өзгерткен мұсылмандардың жетістіктері туралы да әлемнің есіне салуға тиіспіз. – Сіздің ең жоғары деңгейде өте бай және ұзақ саяси тәжірибеңіз бар. Қазіргі заманғы саясаткердің бойында қандай қасиеттер болуы тиіс? Сіздің саяси идеалыңыз кім? – Қазіргі заманғы саяси көшбасшы үшін адалдық, сезімталдық және ар тазалығы неғұрлым маңызды қасиеттер болуы тиіс. Саясаткер жұртшылық үшін қолжетімді болып, қоғамның бүкіл топтарының әл-ауқатын жақсарту үшін тынбастан жұмыс істеуі керек. Дәл сол сияқты ол өз елінде үйлесім, бірлік пен өркендеу орнату жолдарын көре білуі қажет. Оның сыртында саясаткер өз адамдарының сенімі мен қолдауына ие болуы тиіс. Өзімнің саяси идеалым деп санайтын Пәкістанның негізін қалаушы Каид-и-Азам Мухаммад Али Джинна бізге қымбат отанымызды сыйлады және бізге ар-ожданмен және абырой-даңқпен бірге қалай өмір сүру керектігін үйретті. Әңгімелескен Ілияс ОМАРОВ.
•
26 Тамыз, 2015
Пәкістан Премьер-министрі Наваз ШАРИФ:
420 рет
көрсетілді