• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2015

Тілін тапса, терек те табыс көзі

484 рет
көрсетілді

Cәуір айының соңы терек өсірушілер үшін ерекше жауапты күндер болып табылады. Себебі, осы уақытта олар қыстай топырақ астында көмулі жатқан терек бұтақтарын қазып алады. Оны жуандығы мен бүртіктерінің санына қарай ұзындығын 15-20 см. көлемінде кесіп алып, қалемшелер арқылы көбейту жұмысын жүргізеді. Өкінішке қарай, қосымша қаржы жұмсамай-ақ ағашты жылдам әрі тиімді көбейтудің бұл жолын білетіндер бүгінде аса көп емес. Сондықтан, «Гүлстан» республикалық ғылыми-таным­дық, көпшілік журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Кербұлақ ауда­нының Басши ауылындағы Райымбек атындағы және Алматы қаласының Алатау ауданындағы №178 лицейде арнайы шаралар өткізіп, осы саладағы өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті. Онда терек қалемшесін әзірлеу және оны отырғызу жолдары көрсетілді. Мәселен, тәжірибелік жиында Басшиде Алматы облысының Кербұлақ, Көксу және Панфилов аудандарынан келген әлеуметтік сала өкілдері, ал Алматыда негі­зінен мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Бұл шара барысында қатысушыларға терек қалемшесін тәжірибелік алаңқайға өз қолдарымен отырғызып қана қоймай, оны өздері қызмет жасайтын мекемелер мен үйлерінде де өсіруі үшін терек қалемшелері тегін таратылды. Елімізде жыл сайын білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен жергілікті атқару органдарына және түрлі деңгейдегі елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарына бюджеттен қомақ­ты қаржы жұмсалады. Аулаға, көше мен саябаққа егу үшін сатып алынатын мыңдаған көшет­тердің, өкінішке қарай, көп­шілігі өнбей қалады немесе күтім жасалмағандықтан, белгілі бір уақыттан кейін қурап қалады. Алайда, оның есебін жүргізіп, атқарылған жұмыстың қанша­лықты тиімді-тиімсіз болғанын талдап, сараптама жасап жатқан ешкім жоқ. Сол себепті әрдайым көктемде және күзде жүргізілетін ағаш егу акциялары кезінде ұрандатып бастаған жұмыстардың басы таудай болғанымен, аяғы қылдай болып жататыны ешкімге құпия емес. «Біздің мақсатымыз – түйткілді мәселенің түйінін қалай шешуге болатынын көрсету. Ағаш егуді жалаң ұранға айналдырмай, оған жұртшылықты ерікті түрде қызықтыру. Қоршаған ортаны көгалдандыру мәдениетін дамытып, бұл саланы табыс көзіне айналдыру жолын көрсету», дейді «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бәтима Қаймолданова. Энергетика саласында жоғары оқу орнынан арнайы білім алып, мамандық алып шыққан Гөзел Құлжабаеваның өсімдіктер әлеміне деген қызығушылығы бұл күнде көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Оның гүл өсіріп, ағаш отырғызу арқылы жас ұрпақтың бойына балабақша қабырғасынан бастап қоршаған ортаны қорғау мәдениетін сіңіру идеясы бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде түрлі деңгейдегі білім беру мекемелері арасында қызу қолдау тауып келе жатыр. «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаеваның айтуынша, қалемше арқылы көбейту жұмысын тек терекке ғана емес, өзге де ағаштар, бұталар мен гүлдерге де қолдануға болады. Тек оның өзіндік ерекшеліктері бар. Тез өсетіндігі мен әсемдігіне байланысты елді мекендерді кө­галдандыруда кең қолданылатын терек ағашын кейбір азаматтар гүлдеген кезде ұшатын ақ ұлпалары аллергия тудыратындықтан, ұнат­­пайды. Алайда, бұл қолай­сыздықтан құтылудың да жолы бар екенін олардың көпшілігі білмейді. Мамандардың айтуынша, терек егетін кезде оның еркегі мен ұрғашысын ажырата білу керек. Егер бұл ағаштың еркегін отырғызсаңыз, гүлдемейтін бол­ған­дықтан, одан ешқандай қолай­сыздық туындамайды. Жалпы, жақсы қараса бойы жылына 3 метрге дейін өсетін терек ағашын тек сәндік үшін ғана емес, табыс табудың бір көзі ретінде де өсіруге болады. Оны бал шаруашылығы, дәрі-дәрмек, қолөнер, құрылыс, парфюмерия, сіріңке, тері илеу өнеркәсібі және тағы басқа да сан алуан шаруашылық салаларында қолдануға мүмкіндік бар.  Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, журналист. АЛМАТЫ.