• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2015

Жас ғалымдарға барлық жағдай жасалған

580 рет
көрсетілді

Еліміз өз тәуелсіздігін алғалы бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сапына ену жолында талай белестерді бағындырды. Тамыры тереңге бойлаған төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне де ұйытқы бола алдық. Ең бастысы, даму бағытымыз айқындала түсті. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне «Болашақ энергиясы» тақырыбы таңдап алынғаны белгілі. Қалай десек те, ЭКСПО сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген керемет мүмкіндік. Осыған орай жақында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік унверситетінде «ЭКСПО-2017 – жастар көзімен» атты көрме ұйымдастырылып, жас ғалымдар жаңа жобаларымен таныстырды.

Өңірлер арасында «жасыл экономикаға» қатысты жобаларды жүзеге асыруда Жамбыл облысы алда тұр. Мұны соңғы жылдары Әулиеата жерінде электр қуатын жаңартылған немесе балама көздерден өндіру бойынша іске асырылып жатқан ауқымды жобалардан байқаймыз. Олардың қатарында Шу ауданындағы Тасөткел су электр стансасы да бар. Бұған дейін облыста күн және жел электр стансалары пайдалануға берілген болатын. Шу ауданында қуаты 9,2 мВт құрайтын гидроэлектр стансасы халыққа мінсіз қызмет көрсетуде. Стансаның қуаты 95 мың халқы бар Шу ауданымен қоса тағы бір ауданды жарықпен қамтамасыз етуге толық жетеді.

Қазақстанда алғашқы өнер­кәсіптік деңгейде жұмыс істейтін күн электр стансасы да Жамбыл облысының Қордай ауданы аумағында іске қосылған. Бүгінде 504 кВт электр қуатын өндіріп отырған станса болашақта электр қуатын 7 мВт-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын толыққанды жұмыс істегенде 70 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, 200-ден астам үйге жарық береді. Дәл осы Қордай ауданында екі бірдей желден энергия өндіретін электр стансасы бар. Желден қуат көзін өндіру жұмысы су мен күнге қарағанда әлде қайда арзан. Қазірдің өзінде 1 500 кВт қуат көзін өндіріп отырған жел электр стансасы Қазақстандағы желден энергия алатын тұңғыш электр стансасы болып саналуда. Сонымен қатар, Жуалы ауданындағы күн электр стансасының құ­ры­­лысы облысымыздағы Ин­дус­­трияландыру картасына ен­гізілген тоғыз жобаның бірі. Стан­са толық қуатында жұ­мыс істегенде аймақтың энер­гияға деген қажеттілігінің едәуір бөлігін өтейтін болады. Атал­ған жобалардың қызметімен ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін шетел­дік қонақтар да танысатын болады.

«Міне, осындай жетістіктер барда біздің жастарымызға ғылыммен айналысуға мүмкіндік мол деп есептеймін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде энергетикаға ауқымды инвестиция салу бүкіл әлем үшін өте маңызды мәселе болып табылатынын атап өткен болатын. Облыс жастарының ғылымға қызығушылығын тудыру және дарындыларды анықтау, оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отырған «ЭКСПО-2017 – жастар көзімен» атты көрме жас ұрпақтың ин­новациялық жобаларына арналып отыр», дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов.

Көрмеге «Үздік көрме экспонаты» («жасыл экономика» және дәстүрлі емес энергия көздері тақырыбы бойынша), «Үздік инновациялық жоба» аталымдары бойынша 14 пен 35 жасқа дейінгі облысымыздың жас ғалымдары қатысып, көрме барысында «Заманауи компрессор және мұнай айдау бекеттері», «Жел энергетикалық қондырғы», «Қолжетімді дайын баспана», «Өсімдік қалдықтарынан биоэтанол өндіру», «Ауылдық жерлерде баламалы энергия көздерін қолдану», «Ион» аппаратын жасау», «Күннің энергиясын пайдалана отырып жылыжайда банан өсіру», «Тұрғын үй ғимараттарының электр тартылымдары мен жарықтандырылуы» және тағы да басқа жобалар қойылды.

«Бұған дейін көрменің ірік­теу кезеңі өтіп, оған жас ғалым­дардан 35 жоба келіп түсіп, арнайы құрылған сараптамалық комиссияның сараптауынан кейін ақтық кезеңге 23 жоба жолда­ма алды. Қатысушылардың бар­лығы да тың идеяларымен ерекшеленеді. Елбасы Жол­дауын­да айтылған заманауи ғы­лымды коммерцияландыру да осы жобалардан бастау ала­ды. Аталмыш көрме озық тех­но­логиялық жобаларды түрлі кәсіп­орындар мен шаруашылық жүр­гізуші субъектілерге қолдау көрсету мақсатын көздеп отыр», дейді Жамбыл облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев.

Көрме қорытындысы бойынша бірінші орынды М. Х. Дулати атындағы ТарМУ оқытушысы Роллан Нүсіпәлі иеленсе, одан кейінгі жүлделі орындарды тағы осы оқу орнының аға оқытушысы Бекжан Абзалбекұлы, Назарбаев зият­керлік мектебінің оқу­шы­лары Т.Ажмаханбетов, А.Мұрзаев, Р.Каримов, Жуалы ауда­ны, Қош­қарата ауылы, Абай атындағы мек­тептің мұға­лімі Әйгерім Әшір­баева, «Қа­зақ­телеком» АҚ облыстық фи­лиа­лының жетекші маманы Н.Тілегенов пен ТарМУ студенті Б.Кемпірбаев бөлісті.

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады», деп Абай атамыз айтқандай ел ғылымының болашағы жастар. Жастардың білімі, тәжірибесі, қарымды азаматтық көзқарасы мемлекетіміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал етері сөзсіз. Ғылым саласы қажырлы қайрат пен темірдей төзімділікті талап етеді. Сондықтан өздерінің алтын уақытын осы жолда сарп етіп жүрген жамбылдық жас­тардың шығармашылық ойлары табысты бола бергей!

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.