күзде көрерменге Асанәлі Әшімовтің «Қаза мен жаза» спектаклін ұсынады
Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының биылғы 89-шы маусымы КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің режиссерлығымен қойылған Игорь Вовнянконың «Қаза мен жаза» криминалдық драмасының премьерасымен аяқталды. Жаңа спектакльдің тұсаукесері аншлагпен өтіп, өнер сыншылары қойылымды жылы қабылдады. Осылайша 90-шы маусымына аяқ басқан театр репертуары тағы бір қойылыммен толықты.
Әйгілі актер Асанәлі Әшімов бұған дейін де бірнеше рет режиссураға барғаны белгілі. «Әлі де жаспыз ғой, жоспар көп. Енді ең басты жоспар – сахнадан абыроймен кету», деп қалжыңдайтын Асекең өнер жолындағы тәжірибесі мен көрген-білгенін кейінгі жастарға үйрету мақсатында осы жобаны қолға алғанын айтады.
Театр табалдырығын аттаған жас өнер иелеріне рөл беріп, қабілеттеріне қанат бітіруді көздеген жаңа спектакль тағдыр жазуымен туған әкесінің үйінде қызметші болып жүрген Әсел атты қыздың өмірі туралы. Кісі өлтірді деп жала жабылған жас әділет іздегенде өзін әлемде жалғыз қалғандай сезінеді. Қысқасы, замана тақырыбына барған драма өзін өзі ақтайды деп білеміз.
– «Қаза мен жаза» негізінен кинематографияға арналған дүние. Біздің театр криминалдық тақырыпқа бірінші рет барып отыр. Актерлердің екі құрамы да бір-біріне тең өнер көрсете алады. Жастарды кеңдікке, өнердегі адал бәсекелестікке үйреткіміз келеді. Бұл спектакльдің басты репетициясын екі рет қойып, екі құрамның ойынын бөлек-бөлек өткіздік, – дейді Асанәлі Әшімов.
– Театр маусымының жабылуы – мереке. Жаңа спектакль қойған сайын көрермен есімізде тұрады, залда отырған халыққа айтпағымыз сонда не болады деген сұрақты ойымыздан шығармаймыз, – дейтін Асанәлі ағамыздың жаңа спектаклі жұрттың көңілінен шықты. Кем-кетігі жүре түзелер.
Иә, театр өткен маусымды табысты аяқтады. Маусымды қорытындылау үшін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында осы академиялық өнер ордасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлов бұл туралы кеңінен баяндап, журналистердің сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Бұл маусымда 6 бірдей премьера көрерменге жол тартыпты. Театр репертуары бірсарындылықты көтермейді ғой. Осыны ескерген ұжым қалың көрерменнің талабын ескере отырып, әлемдік классиканы да, ұлттық драматургияны да, заманауи өзекті тақырыптарды да тең ұстауға тырысып, бүгінгі күнмен үндестірудің жолдарын қарастырған.
89-шы театр маусымы жазушы Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасының премьерасымен басталған болатын. Сонымен қатар, қараша айында Асқар Сүлейменовтің аудармасы бойынша Теннеси Уильямстың «Шыны хайуанатын» режиссурадағы өзінің тұңғыш тырнақалды туындысы ретінде Алена Қабдешова ұсынды.
Сахна өнерінің үрдісін жақсы тәжірибемен толықтыру мақсатында еліміздің бас театры шығармашылық көкжиегін кеңейтіп, белгілі режиссерлермен тәжірибе алмасуды соңғы қабылдаған өздерінің «Тұжырымдамасында» айқындап алған болатын. Соған сәйкес, жаңашыл көзқарастағы, аты мәшһүр Литва режиссері Йонас Вайткусты театрға арнайы шақыртып, ол ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пьесасын сахналады. Бұл спектакль Қазан қаласында өткен ХІІ халықаралық «Наурыз» фестивалінде қазылар алқасы тарапынан да «Ең үздік спектакль» деген баға алып қайтты.
Театрдың актерлік құрамының 70 пайызы жастардан тұрады. Олардың шығармашылық қарымы мен мүмкіндігін ашып көрсетуді көздеген француз драматургтері Ф.Дюмануар мен А.Д’Эннеридің «Дон Сезар де Базан» комедиясы Әубәкір Рахимовтың аудармасы һәм режиссерлігімен сахналанды. Ал Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты Тұңғышбай Жаманқұловтың режиссерлігімен сахнаға шығарылған Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» да көрерменнің жылы ілтипатына ие болды. Соңғы жылдары театрдың гастрольдік сапары қайта жанданып келеді. Олар жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» пьесасымен театр ұжымы Белоруссияның Брест қаласында өтетін дәстүрлі «Белая Вежа» халықаралық фестиваліне барып қайтыпты.
Ең бастысы, қазір театрдың барлық қойылымы дерлік аншлагпен өтеді. Сонау 90-шы жылдардағыдай өнердің бағасы тым құнсыз емес.
Баспасөз мәслихатында театрдың байырғы актрисаларының бірі, Қазақстанның халық әртісі Торғын Тасыбекова бір кездері залда 8 ғана көрермен отырғанда 30 актер өнер көрсеткен күндер болғанын да еске алды. Содан бері спектакльге кіретін билеттің бағасы 200 теңгеден 2 мың теңгеге өсті. Көрермен талғамы да көтерілді. Театрдың да өзіне деген талабы артып келеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.