АСТАНА. 24-25 тамыз күндері Ресейдің Астрахань қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрліктерінің алғашқы алқа отырысы өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Алқа жұмысына екі мемлекеттің ішкі істер министрлері, бірлескен алқа отырысының мүшелері, Қазақстан және Ресей ІІМ қызмет бастықтары, Ұйымдасқан қылмысқа және өзге де қауіпті қылмыс түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросының директоры, Қазақстан Республикасынан ҰҚКҮБ өкілі, жекелеген өңірлердің ІІД бастықтары, сондай-ақ, Астрахань облысының губернаторы қатысты.
Отырыс барысында Қазақстан мен Ресейдің шекарас өңірлерінің ынтымақтастығы, екі мемлекеттің ішкі істер министрліктерінің қылмысты алдын ала тергеу кезінде өзара іс-қимыл жасасуды жетілдіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, бірлескен алқа отырысының 2016 жылға арналған жоспары бекітілді.
Делегация басшылары қылмысқа қарсы күресте барлық бағыттар бойынша ішкі істер органдарының өзара іс-қимылының маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.
Қаралған мәселелер бойынша Қазақстанның және Ресейдің Ішкі істер министрлерінің бұйрықтарымен бекітілген тиісті шешімдер қабылданды.
Бірлескен алқа отырысының келесі отырысы Қазақстанда өтетін болады.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі.