• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2015

Инновацияның тынысын ашпақ

262 рет
көрсетілді

Кешегі күнге дейін Ұлт жоспарының басты өзегі мен тұтастай тұғырын құрайтын 100 нақты қадамның атауларын атап, түрлерін түстей қоймағанымыз жасырын емес. «Егемен Қазақстаннан» бес бағыттан тұратын тақы­рыпқа топтастырылған осы қадам­дардың атауларын көзімізбен көріп әрі оның әрқайсының атқаратын қызметімен танысқан кезде өзгеше бір күй кешкенімді жасырып қалғым келмейді. Соның ішінен мен индус­­трияландыру және эконо­ми­ка­лық өсім атты үшінші тараудағы 64-ші қадамға бірінші кезекте көз жүгіртіп шықтым. Әрине, Мемлекет басшысы Нұр­­сұл­тан На­зар­баевтың бес инсти­тут­тық реформаны жүзеге асы­руға бағытталған 100 нақты қа­дам­ның қай-қайсысы да ма­ңызды. Қай-қайсысы да өзекті. Мұның бәрі бірін-бірі байы­тып, толықтырып отыратыны анық. Әйтсе де соның ішінде бізді ел ғылымының өкілі ретінде аталған 64-қадам айрықша қызықтырғаны табиғи жәйт деп білемін. Мұнда өндіріске иннова­циялар енгізу және осы ба­ғыттағы жұмыстарды қар­жыландыру тетіктері туралы айтылған. Бұл өз уақытында әрі дер кезінде жасалып отырған баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет үшін аса қажетті қадамның бірі деп есептеймін. Өйткені, иннова­циясыз, яғни тұтастай ұлт экономикасына, соның ішінде өндіріске енгізілетін жаңалықтар мен өзгерістерсіз қалыпты, ұдайы және үздіксіз даму еш мүмкін емес. Бұған дейін де иннова­циялық бастамалар мемлекет тарапынан қолдауға ие болып келгеніне ешкімнің таласы болмаса керек. Алайда, бұл істе нақтылық пен заң­дық-нормативтік талап­тардың жетіспей жатқаны да сезіліп, аңғарылып қалушы еді. Сондықтан да бұл жетіс­пестік инновацияны енгізу жөніндегі жұмыстарға тұсау салмағанымен, оның төрт аяғы­нан тең басып кетуіне де өз әсерін тигізе бастағанын мойындауға тура келеді. Соның ішінде бұған дейін республикамызда инновацияны коммерцияландыру жөніндегі мәселеге түрен түспей жатты. Осы тұрғыдағы 64-ші қадамға сәйкес ғылым және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы заң әзірленбек. Мұның өзі инновацияның жаңа тетігін ашатыны анық. Осы кезге дейін тағы бір түйткіл туғызған мәселе ғылыми гранттар мен бағдарламалар құрылымдары қай жерде, қандай нақты нәтиже бере алатыны белгісіздеу болып келді. Оның үстіне осы тұрғыдағы жариялылық жағы да жетіспей жатты. Сондықтан да мұндай жәйттердің өзі инновацияны дамыту ісінде күткендегідей нәтиже берді деп айтуға да ауыз бара бермейді. 64-ші қадамға тағы бір көз салсақ, бұл күрмеуі қиын түйіннің де шешімі табылған деп ой түюге болады. Яғни, алда­ғы уақытта ғылыми грант­тар мен осы бағыттағы бағдар­ламалар индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қажеттілігіне қарай қайта бағытталмақ. Мұны ең дұрыс, ең әділетті әрі ең тиімді шешім деп білеміз. Қазыбай БОЗЫМОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Батыс Қазақстан облысы.