[caption id="attachment_74240" align="alignleft" width="560"] SALAM.BULA[/caption]
немесе білікті маман білімді студенттен шығады
Бүгінгі күннің талабы – білім беруде бірізділік, яғни жоғары оқу орнынан түрлі мамандық иесі болып шыққан жас өскін үш тілді еркін меңгеруі керек. Бұл ретте аймақтық білім ордаларының да қосатын өзіндік үлесі бар. Сондықтан, 100 нақты қадамға сәйкес атқарылып жатқан жұмыс жөнінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, Әбдіманап БектұрғановТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Әбдіманап Елікбайұлы, ел экономикасын дамытып, өркениетті елдер қатарынан орын алу үшін елімізде жүргізіліп жатқан саясатқа сай сіз басқарып отырған университетте білікті кадр әзірлеу барысында қандай жұмыс атқарылуда?
– Елбасы ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадамда әлемдік экономикалық дағдарысқа төтеп беру жолдары қарастырылып қана қоймай, өсу, өркендеу, дамыған 30 елдің қатарына ену мәселесі айтылғаны мәлім. 77-ші қадамда білікті кадр әзірлеу, озық тәжірибені тарату туралы ұсынылған ұтқыр ой осыған дейін елімізде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыспен өзіндік үйлесім тапқан. Айталық, Алматы облысы және Қазақстан Республикасының білім, экономика, құқық, мәдениет, өнер салаларының дамуы үшін сұранысқа ие Болон декларациясы қағидаларына сәйкес жаңа көзқарастағы кәсіби мамандарды даярлайтын Жетісу мемлекеттік университетінде күн санап заман ағымына сай, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашылуда. Бүгінгі таңда білім ордасында 40 мамандық бойынша бакалавриат, 19 мамандық бойынша магистратура, 6 мамандық бойынша PhD докторантура бар. Биылғы оқу жылы қарсаңында магистратурада «экология», ал PhD докторантурада «математика», «бастапқы оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары жаңадан ашылып, білімгерлер қабылдануда. Сондай-ақ, ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлықты кеңейту мақсатында студенттер, магистранттар, оқытушылар мүмкіндігінше шетелдерде білім алуға, тәжірибе алмасуға жіберілуде. Алыс-жақын шетелдердегі жетекші, әрі танымал білім беру орталықтарымен әріптестік ынтымақтастық нығаюда. Университетіміз көпсалалы жоғары оқу орындары бойынша республикамызда 8-ші орында тұр. Сондай-ақ, халықаралық аккредиттеуден өткен Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бірі. 2011 жылы Германиядағы AQUIN халықаралық аккредиттеу агенттігінен 6 оқу бағдарламасын өткізген болсақ, бүгінгі таңда бакалавриат пен магистратураның 56 мамандығын мамандандырылған аккредиттеуден өткізіп отырмыз. Соның нәтижесінде түлектеріміз қазіргі күні төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі іргелі білім беру орындарында білімдерін жалғастыруда және танымал компанияларда жұмыс істеуде.
100 нақты қадамда Президент индустриализациялау және республикамыздың экономикалық өсімін сақтауда атқарылуға тиісті жоспарды да көрсеткен болатын. Осы бағытта біздің университетте де бірқатар істер қолға алынды. Ғылыми-техникалық ізденістің жетістігін тәжірибеге енгізу мақсатында жеміс-жидек өнімдерін өңдейтін көпсалалы кешеннің құрылысын бастадық. Сондай-ақ, Алматы облысының бизнес саласы жоспарымен бірлесіп түрлі өндіріс жобаларын жасап жатырмыз. Атап айтқанда, энергетика және машина жасау бағытында Талдықорғандағы «Метакон», «Интеграл» зауыттарымен, Үштөбедегі «Казсиликон» комбинатымен, «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауытымен тығыз байланыстамыз. Сонымен қатар, Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетімен, «Алматы аймақтық технопарк» ЖШС, «Алтай» Шығыс қазақстандық аймақтық технопаркімен және «Алатау ПИТ» инновациялық технологиялар паркімен бірлескен жобалар қолға алынуда. Болашақта энергетика және шикізатты өндіруге арналған ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізетін интеллектуалық орталық ашуды көздеп отырмыз. Мұның бәрі ел экономикасын дамытып, өркениетті елдер қатарынан орын алу үшін атқарып жатқан игі істеріміздің бір парасы. Жалпы, жоғарыда айтқан 77-ші қадамдағы білікті кадрларды әзірлеуге бағытталған жоспарға сәйкес бірқатар жұмысты жүзеге асыруға тиіспіз деп ойлаймын. Елбасының «100 нақты қадамда бұрын-соңды айтылмаған, жасалмаған, халықтың, биліктің психологиясын өзгертейік деп отырмыз», – деген сөзінде терең ой жатыр. Бұл бүкіл халық болып жұмылып көтеретін жүк және білім мен біліктілікті, шығармашылықты қажет ететін қадам.
– Ұлттық бағдарламаның 78-ші қадамында айтылғандай Назарбаев Университет жоғары оқу орнының қандай тәжірибесін енгіздіңіздер?
– Назарбаев Университет ХХІ ғасырдағы қазақстандық жоғары мектептің үлгісі болып отырғандығын мақтан тұтамыз. Бүгінгі таңда еліміздегі өзге университеттер Назарбаев Университет тәжірибесіне бейімделуде. Еліміздегі көшбасшы университеттің тәжірибесін зерделеу, оқып-үйрену мақсатында біздің оқытушылар, профессорлық құрам алдымен сол университетте болып үш айлық курсты оқыды. Бүгінгі күнге дейін 15 қызметкер олардың ішінде проректорлар, декандар, бөлім бастықтары, оқытушы профессорлар тәжірибе алмасып, біліктіліктерін көтеріп келді. Енді алған тәжірибелерін әріптестерімен бөлісіп, оқу үрдісіне енгізіп жатыр. Оқытудың жаңа үлгісін игеріп, ғылым мен инновацияны дамыту, зерттеулерді коммерцияландыру, оқу-үрдісін жаңаша ұйымдастыру, дарынды жастарды тарту сынды істерді қолға алып, курстар өткізудеміз. Қандай тәжірибе енгізудесіздер дегенге нақтырақ тоқталсам, еліміздегі жоғары оқу орындарында Назарбаев Университеттің үлгісі ретінде ұжымдық басқару формасы Қамқоршыл кеңесі тәжірибеге еніп жетілдірілу үстінде. Басқарудың осы түрі бізде де қолданысқа енуде. Оқу орнының ғылыми кеңесі шешімімен Қамқоршылар кеңесі құрылды. Кеңес университеттің оқу үдерісіне, студенттерді тәрбиелеу, материалдық-техникалық базаны жақсартуға, қызмет түрін қаржылық жағынан демеуге және аймақтық басқару органдарымен, кәсіпорындар мен мекемелер, ұйымдармен тиімді байланыс орнатуға ықпал етуде. Бұған қоса аталған кеңес университетке қаржылық көмек көрсету сынды мәселелерді қарастырып, бюджеттен тыс қаржы көзін тауып, оны университеттің дамуына жұмсауға күш салады. Сонымен қатар, Назарбаев Университеттің кадрлық саясат жөніндегі тәжірибесінде өз қызметімізге енгізіп, кадрлық саясаттағы құзырлылығымызды арттырып отырмыз. Мәселен, лауазымдық қызметтерді бөлу, штаттық кестені құру, кадрларды жұмысқа қабылдау, академиялық ұтқырлық бойынша танымал ғалымдарды шақыру сынды іс-әрекеттерді өзіміз шешіп, шешім қабылдай аламыз.
Тағы бір айта кететін маңызды тәжірибенің бірі – ғылымды коммерцизациялау. Бұл үрдіс отандық ғылымды дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болғандықтан осы бағытта ауқымды шараларды қолға алдық. Нақты нәтижеге жету үшін университеттегі ғылыми зертханалар мен орталықтарды бір жерге шоғырландырып ғылыми кластер құрдық. Кластердің құрамына «Жастардың аймақтық инновациялық орталығы», «Ілиястану», «Өлкетану және ғылым философиясы», «Адам психофизиологиясы», «Аймақтық экологиялық зерттеу», «Геофизикалық ортаның биофизикалық мониторингі», «Математика және жаңа технология», тағы басқа зертханалар мен орталықтар енді. Бұл күнде осы орталық қызметкерлері мен студенттердің ғылыми ізденістері жемісін беріп отыр. Ғылыми тұрғыда дәлелденген, өндіріске ендіруге негізі бар зерттеулерге потент алудамыз. Соның бірі, жеміс-жидек өнімдерін өңдейтін көпсалалы кешен. Алматы облысы аграрлық аймақ болғандықтан, біз ойлап тапқан кешеннің еңбек өнімділігін арттыруға, отандық өнім шығаруға тигізер пайдасы мол болмақ. Сондай-ақ, ғылыми кластерде балама энергия көздерін табу, адамның психофизиологиялық жағдайын зерттеу, математика, экология саласы бойынша ізденістер, тәжірибелер жасалуда. Ғылыми жұмыстардың нәтижелері шетелдік ғылыми журналдарда, импакфакторлы басылымдарда жарық көруде. Ғылыми жобаларымызды іске асырып, өндірісте қолдану үшін ірі-ірі кәсіпорындармен келісім жасап, меморандумға қол қойыстық. Осылайша рет-ретімен университетте ғылымды коммерцизациялау ісі өріс алып келеді.
Әрине, біз мұнымен шектелмейміз, әлі де Назарбаев Университеттен үйренер тәжірибеміз өте көп.
– Білім беру саласын оңтайландыруға орай шет тілдерде оқыту мәселесі туралы не айтасыз?
– Жоғарыда айтқанымдай, 100 нақты қадамның ішінде отандық білім беру жүйесінің атқаратын міндеттері де айдан анық көрсетілген. Сол контексте, әсіресе, тілдің үштұғырлығына басымдық берілген. Бүгінгідей жаңа тарихи кезеңде халықтың көптілді білуі әр салада бәсекелестікті арттыра түседі. Халық сауатты болса, ұрпағымыз емін-еркін үш тілде, тіпті, одан да көп тілде сөйлеп жатса – мемлекетіміздің танымалдығы, әлемдік аренадағы беделі өсе түсетіні анық. Сондықтан да, үштілділік ұғымы біздің ұлттық идеологиямыздың бір бөлшегі болып отыр. Ұлт жоспарында Елбасы мектептермен жоғары оқу орындарының ағылшын тілінде оқытуға көшуін кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттігін айтады. Бұл өз кезегінде біздер даярлаған кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін және білім беру құрылымының экспорттық әлеуетін арттырады.
Жаңа бағдарламада көрсетілген қадамдардың бірқатары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қызметінде іске асып жатыр. Нақты дерек келтірер болсам, көптілді білім беру жүйесі бойынша «ақпараттық жүйелер», «педагогика және психология» мамандықтары оқытылуда. Аталған білім бағдарламалары қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізіледі. Мұның сыртында үштілділік идеясы аясында шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлескен оқу бағдарламасын құрдық. Қазіргі таңда осы бағдарламамен математика, биология, тарих пәндерінен білім беру жүзеге асып жатыр.
Тіл меңгеру мәселесін шешуде сыртқы академиялық ұтқырлықтың да рөлі зор болып отыр. Жыл сайын біздің университеттен жетекші шетелдік оқу орындарынан 40-тан астам студенттер білім алып келеді. Айталық, Варшава университетінде, Грецияның Афина технологиялық білім беру университетінде, Чехияның агротехникалық университетінде, Рига техникалық университетінде, Польшаның Лодзь университетінде, АҚШ-тың Айдахо университетінде, тағы басқаларында білім алуда. Шетелдік жоғары оқу орнына ағылшын тілін жетік меңгергендер ғана бара алатынын ескерсек, жыл өткен сайын шетелге барып оқысам деген талаппен тіл үйренуге ден қойған жастардың қатары өсіп отыр. Осылайша тілді мәжбүрлеп емес, қажеттілік тудыру арқылы үйретуге шақырудың мәні зор деп ойлаймын. Ал магистратурада оқитын магистранттар міндетті түрде ғылыми тағылымдамадан Еуропа мен Азияның беделді оқу мекемелерінен өтіп, тәжірибе жинап, тіл ұстартып келеді. Сондай-ақ, әр оқу жылында шетелдік профессорларды дәріс оқуға шақырамыз. Атақты ғалымдарды университетке тарту-шақырту арқылы білім сапасын арттырсақ, екінші жағынан тіл үйрену, шет тілінде оқыту мәселесін де шешіп отырамыз. Көптілділікке қатысты мәселені шешуде тағы бір қолға алған жол – жаңа кадрларды қызметке қабылдағанда оның үштілді білуін талап ету. Ал университетте бұрыннан қызметте жүрген кадрларға, оқытушы-профессорлық құрамға тіл үйренуі үшін жағдайлар жасап, ағылшын, неміс, корей, қытай, тағы басқа да тілдерді үйренуге арналған орталықтар ашып, кабинеттер жабдықтап қойдық.
Мемлекет басшысы: «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі жаһандық, экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», – деген болатын. Бұған дәлел, күні кеше ғана еліміз дүниежүзілік сауда ұйымына енді. Осы ұйымға ену арқылы біз экономикамызды көтеретініміз даусыз. Осы ұйымда сауда-саттық жасау үшін де шет тілін білу маңызды. Сондықтан, көптілді білім беру — көпқырлы мәселе. Оның әр міндетін әр қырынан қарастыру – біздің университет ұжымының алдында тұрған басты міндеттердің бірі деп айтар едім.
Әңгімелескен
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.