• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2015

Білім мен тәрбиенің күретамыры

404 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жалпы ұлт мәдениетіне «Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады...» деп баға беріп, 21 мамырды – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні ретінде бекіткен еді. Мәдениет қызметкерлері дегенде көз алдыңа өнер қайраткерлері, шығармашылық адамдары келеді. Бүгінде біздің елімізде мәдениетті дамытуға барлық жағдай жасалуда. Айталық, Мәдениет және спорт министр­­лігі Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру аясында мемлекеттік бағдарламалар кешенін үйлес­тіріп Мәдени саясат тұжырымдамасын әзірлеп ұсынды. Заманауи технологиялар дәуіріндегі мәдениетті дамытуда кітапхананың рөлі әрдайым биіктей береді. Өйткені, кітапхана – білімнің бастау бұлағы. Сонымен бірге, ақпа­ратпен жұмыс жасап, мол мәліметтердің сақталуын әрі олардың қол­жетімділігін қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Ақпа­раттық-коммуникациялық технологиялардың қарқын­ды дамуы кітапханалардың қызметін тағы да уақытқа сай түр­лендіре түсті. Нәтижесінде кітапхана ақысыз рухани орта­лыққа, қосымша білім беру орнына, зияткерлік және шығар­машылық алаңына айналып үлгерді десек болады. Мемлекеттің мәдени-ақпараттық негіздегі белсенді бір тармағы ретінде кітапхана мемлекет пен Президент саясатының насихатшысы болып келеді, бола береді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдаулары кітапханамызда тақырыптық көрмелер өткізудің дәрістері қалыптасып, ол мыңдаған оқырмандарымыз бен қонақтарымыздың көңілдеріне жол тауып, ықылас пен ілтипатқа бөленіп жатады. Ұлттық академиялық кітапхана қызметіндегі стратегиялық фактор ретінде Мемлекет басшысы алға тартқан «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын атауға болады. Бұл ұлы құндылық туралы Президент: ««Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан ХІІІ ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттілігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі», деген еді. Шы­нында, бірлігі бар елдің мерейі биік тұрады. Бұл тұрғы­дан келгенде Отанымыздың абыройы асқақ, беделі бекем. Мәдени ағарту әрі білім беру орталығы саналатын Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітап­хана ұжымының бүгінгі міндеті – еліміздегі және елордамыздағы ақпараттық, білім беру және мәдени-ағарту инфрақұрылымын дамытуға барынша үлес қосуды басты мақсаты деп санайды. Кітапхана – қашан да мәдени-танымдық бағыттағы іс-шаралар ұйытқысы. Сондықтан, бізде алуан түрлі жұмыстар өтіп жатады. Кітап тұсаукесерлерін, көрмелер, шығармашылық кештер өткізу ашық әрі қолжетімді сипатта болады. Шаңырағымыздағы мәдени шараларымызға әркез атсалысатын жүздеген, мыңдаған белсенді оқырман­дарымыз бен қонақтарымыз бар. Олардың қатарында көрнекті жазушылар, ақындар, ғалымдар, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, зейнеткерлер, тағы басқалар молынан. Олардың әрқайсысы, жасына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, кітапханамыздан өздеріне қажетті ақпаратқа немесе қажет кітаптарына қол жеткізе алады. «Жақсы кітап – жан азығы». Адам баласы кітап кейіп­керлеріне қарап бой түзейді. Мұны жас ақын Әлімжан Әлішердің жыр жолдарымен тұжырымдар болсақ: «Абыздарды, Ақындарды, Шешенді, Танып алдым кітаптардан әсерлі, Кітапхана – жазбалардың жүрегі, Мешіттен соң киелі орын осы енді». Иә, уақыт біздің ойымыздан жүйрік. Сол уақыт керуенімен жаңа технологиялар айрықша қарқын алып, жаңа жұмыс әдістері де пайда болуда. Соған қарай, замана көшінен қалыс қалмай, жұмыс барысында жаңа техника мен технологияның озық үлгілерін жан-жақты қолдануды уақыт үрдісі талап етіп отыр. Осы орайда, мамандарымызды ынталандырып, шығармашылық қабілеттеріне көз жеткізу, сондай-ақ кітапхана ісін дамыту әрі кітапханашылардың имиджін көтеру мақсатында «Ең үздік кітапханашы – 2014» байқауын ұйымдастырған едік. Байқау нәтижесінде, бірінші орынды иеленген бір маманымыз шетелдік іссапарға, анығын айтсақ, Халықаралық кітапханашылар қауымдастығы мен мекемелер федерациясының (International Federation of Library Associations (IFLA) Кейптаун қаласында (Оңтүстік Африка) өтетін кезекті конференциясына жолдаманы жеңіп алды. Осы сапарға жүлдегерімізбен бірге екі бөлім жетекшісі де баратынын айта кетсем деймін. Жыл сайын IFLA-ның дәстүрлі отырысына кітапхана ісінің жай-күйін, келешегін талқылап, туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастырып әрі жетістіктерімен бөлісу үшін әлемнің 150-ден аса елінен өкілдер қатысады. Мемлекетіміздің мәдениет саласына қатысты тиімді саясатының арқасында әлемдік алқалы жиынға әріптес­теріміз жиі қатысуда. Бұл Ұлттық академиялық кітапхана ұжымының жүйелі ұмытылысының жемісі деуге болады. Ұлттық академиялық кітапхана екінші онжылдықтың босағасынан батыл аттап отыр. Бүгінде біздің кітапханамыз бүкіләлемдік мәдени кеңістікте білім беру әрі қоғамды әлеуметтік-мәдени жағынан дамытуға қабілетті рухани келісім мен бірліктің берік іргетасы саналады десем, артық айтқандық емес. Кітапхана ұжымы мемлекетіміздің және кітапханамыздың гүлденіп көркеюі үшін алдағы күндері де еселі еңбектерін үдете береді. Өнері өрісті, мәдениеті келісті елдің рухы қашанда биік. Өйткені, мәдениет – тарихи тұрғыдан зерделесек, адам жанын жетілдірудің таңға­жайып құралы. Яғни, мәдениет – жас буынды жаңа жетіс­тіктерге жетелейтін білім мен тәрбиенің өзара терең астасқан түп тамыры. Күн сайын халқын рухани қанат­тандырып, саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған асыл тұлғаларды, сондай-ақ өзімнің әріптестерімді рухани құндылықтың ұйытқысы бола берелік дегім келеді. Үмітхан МҰНАЛБАЕВА,  Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы.