• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2015

Құжаттарға тіл бітсе...

312 рет
көрсетілді

Еліміздің Ұлттық мұрағаты «Қазақстан Республикасының Ата Заңына – 20 жыл» атты құжаттық көрме ұйымдастырып, оның алғашқы қонақтарының қатарында Конституцияны дайындаудың басы-қасында жүрген жұмыс тобының мүшелері де болды. Ел тарихын қаттап жатқан Ұлттық мұрағат білген жанға елордадағы қасиетті орынның бірі. Мұндағы тарихи құжаттар қоры әлі талай зерттеушінің індетіп қазып, талай-талай ғылыми-зерттеу жұмыстардың дереккөзіне айналып, кеудесіне шежіре тоқығысы келген талай жанның азығы болары анық. Осы жолы тарихи құжаттарды, деректерді елдің көз алдына алып келген мұрағаттықтар 20 жылғы тарихты сөйлетуді мұрат тұтыпты. Әлдеқандай бір көшірме емес, тарихи құжаттардың түпнұсқалары қойылған көрме әрбір келушіні мазмұндылығымен баурайды. Көрмеден қоғам мен мемлекеттің Негізгі Заңының дайындалу барысы мен қабылдануынан тарихы сыр ақтарылғанда, құжаттармен танысқан көрермен үшін оны әзірлеуге қатысқандардың алған әсерлерін көру де бір ғанибет болды. Сол кезеңдерді есіне алған Зинаида Федотова: «1995 жылы Конституцияны әзірлеу барысына біз сол күннің мемлекеттік мереке болатынын әрине, білген жоқпыз. Шынында бұл – ұлы мереке. 20 жылда еліміз орасан зор табыстарға жетті. Осы жылдар ішінде Ата Заңның аясында біздің қоғамымыз да өсіп-жетілді, сондықтан еліміз үшін бұл мерекенің орны бөлек», деп толқыса, мұрағат басшысы Марат Әбсәметов Ата Заңға байланысты құжаттарды көпшілік назарына ұсына отырып біздер оның Қазақстанның дамуына, әлеуетінің артуына қосқан өлшеусіз үлесін көрсеткіміз келді, «Конституциямыздың арқасында халқымызды әлем елдері таныды. Қазақ халқы осы қалпында көктен түсе қалған жоқ, ол тарихтың көшінде өз орнын алған халық. Талайды бастан кешіріп, арман еткен мемлекетін құрып, Ата Заңын басшылыққа алып, көпэтносты жұртты бір ту астына  біріктірген ел. Сондықтан бабаларымыздың мұратына жеткенін бүгінгі ұрпақтары көріп отыр», деді. Мұрағаттың бірнеше қорының, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Жоғарғы Кеңес, Орталық сайлау комиссиясы, Үкімет аппараты, Конституциялық сотының құнды құжаттары көрме сөрелерінен орын алыпты. Оны аралаған жан Ата Заңның бүкілхалықтық талқылаудан қалай өткенінен, референдумның әзірлік барысы мен оның өткізілуінен, осы жылдар ішінде басты заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың қалай жүзеге асырылғанынан да хабардар болады. Көрменің ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, Конституцияны даярлау бойынша жұмыс тобының мүшелері, Парламент депутаттары, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, тарихшы ғалымдар мен мұрағатшылар қатысты. Астаналықтар мен қонақтарының тарихи түпнұсқа құжаттар қойылған көрмені қыркүйек айының соңына дейін тамашалай алатынын еске сала кету де артық етпес. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».