• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2015

Әріптестік және ынтымақтастық: әлеуметтік қызметтер ұсынудағы жүйелерді біріктіру

392 рет
көрсетілді

Қазақстан аса жоғары қарқынмен өзгеріп жатқан әлемдік құбылыстарға және жаңа технологиялық мүмкіндіктерге тез бейімделе отырып, ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасын едәуір жақсартуға ықпал ететін алдыңғы қатарлы құралдарды пайдалануға бағытталған тұтастай шаралар кешенін енгізуді бастады. Ел азаматтарын әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы «электронды қызметтерді» енгізуде жеткен алғашқы жетістіктер туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана ЖАҚЫПОВА әңгімелейді. – Светлана Қабыкенқызы, тек кейінгі жылдары ғана техникалық қолжетімді бола бастаған жаңа құралдарды Қазақстанда енгізу қажеттілігі немен байланысты? Бұл жаңалықтардың бүгінгі таңдағы нәтижелері қандай? – Бүгінде заманауи коммуни­кациялық құралдардың қарқынды дамуы жаңа техникалық мүмкіндіктерді тек әлемдік экономиканың жеке және корпоративтік секторы үшін ғана емес, сонымен қатар азаматтарға қызмет көрсету барысында про­цеду­раларды оңтайландыруда мем­ле­кеттік органдар үшін жа­ңа мүмкіндіктер туғызуда. XXI ғасыр­дың технологиялық міндет­теріне жауап ретінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «электронды үкімет» форма­тындағы жаңа технологиялық құралдар арқылы мемлекет пен оның азаматтарының арасында тиімді диалогты қамтамасыз ету жөнінде Үкіметке жаңа міндеттер қойды. Мемлекет басшысы ақпараттық технологиялардың дамуы мен оның әлемнің заманауи «сандық» стандарттарына сай бейімделуін мемлекеттің стратегиялық дамуы­ның басым мін­деттері деп айқындап берді. Бұл міндетті жүзеге асыруда маңызды бағыт­тардың бірі – Қазақстанның миллион­даған азаматтарына жақсы таныс «ескі» мәселелерді: мемлекеттік орган­дардағы ұзақ-сонар кезектер, бір мәселемен бірнеше рет өтініш жасау, берілген өтініштерге жауапты ұзақ күту, қызмет алу процедуралары туралы ақпараттың жетіспеушілігі сияқты көптеген мәселелерді тиімді шешетін заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекеттік органдардың ақпа­раттық жүйелерін біріктірудегі қол жеткен жетістіктер халықтың мем­лекеттік қызметтерді алу тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда тұтынушылар еш кедергісіз www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді онлайн режімінде пайдаланып келеді. Бүгінде мемлекеттік қызмет­терді көрсету процедураларын оңтайландыру олардың тиімділігін арттырды, оның ішінде барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне бір жерден қолжеткізудің басты құралына айналып отыр. – Кез келген жаңа бастамалар – жаңа тәсілдер мен теле­ком­муникациялық технологияларды енгізу барысында қа­те­ліктер жібермеу үшін жан-жақты зерттеуді, жоспарлауды қажет етеді. Әзірлеушілер бас­ты ба­сымдық ретінде қандай бағыттарды ұстанды? – Мемлекеттік қызметтерді өзгерту және оларды телекомму­никациялық технологияларды қол­дану арқылы сапасын арттыру үшін республикада қызмет көрсету барысында халықтан талап етілетін құжаттар санын, сонымен бірге қызмет көрсету мерзімін қысқартуды көздейтін бизнес-үдерістерді оңтайландырудың жос­пары жүзеге асырылуда. Осыдан аз ғана уақыт бұрын азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті қағаз түріндегі құжаттар саны едәуір көп болатын. Бүгінде ведомствоаралық ақ­параттық жүйелер мен деректер базасын біріктіруде жеткен жетіс­тіктер әртүрлі мемлекеттік органдарға өтініш берушіге мемле­кеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі бар мәліметтерді қағаз түріндегі нұсқада бермей-ақ, халыққа жедел қызмет көрсету үшін тиісті ақпаратты пайдалануға мүмкіндік береді. Әрине, ең алдымен мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жө­ніндегі жоспарды жүзеге асыру аясында жаңа құралдар мен техникалық мүмкіндіктерді қамта­масыз ете отырып, жаңа талаптар енгізу үшін заңнамалық базаға түзетулер енгізілді. Осы мақсатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтай­ландыру және автоматтандыру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылдың 17 наурызында Қазақстан Республикасының Заңы, сонымен бірге бірқатар заңнамалық нормативтік-құқықтық актілер қа­былданды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осындай жұмыстардың нәти­жесінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы артатын болады. – Көптен күткен әртүрлі ми­нистрліктер мен ведом­ство­лар­дың ақпараттық жүйе­лері мен деректер базасын біріктірумен, және техникалық мүмкіндіктерін кеңейтумен бірге халықты әлеуметтік қорғау саласында қыз­меттердің жаңа түрлері пайда бо­ла ма? Олардың сапасы қандай болмақ? – Министрліктің бұдан әрі басым бағыты Қазақстан үшін міндетті түрде «композиттік» мемлекеттік қызметтер көрсетуді әзірлеу және енгізу болып табылады. Қызметтің бұл түрі азаматтың әртүрлі қыз­мет көрсетушіден бір мезгілде мем­лекеттік қызметтің бірнеше түрін алуды көздейді. 2015 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанда «сынама­лы» режімде «Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке алу, жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдерді тағайындау» композиттік қызметтер көрсету жүзеге асырыла бастады. Жаңа қызметтің атауы­нан бұл қызметтің жұмысынан айырылған азаматтарға арналғанын көруге болады. Нәтижесінде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысынан айырылған азаматтар жұмыспен қамту мәселелері бойынша өкі­летті органға (Жұмыспен қам­ту орталығы) жеке басын куәлан­дыратын бір құжатпен өтініш біл­дірген жағдайда бір мезгілде жұмыссыз ретінде тіркелуге, сонымен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін құжаттар ресімдеуге мүмкіндік алады. Осылайша, бір рет өтініш біл­дірген азаматқа екі мемлекеттік қызмет көрсетіледі: «жұмыссыздық» мәртебесі беріледі (қазіргі уақытта қызметтің бұл түрін жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган көрсетеді) және жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем ресімделеді (қазіргі уақытта қызметтің бұл түрін Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы көрсетеді), бұл өтініш берушінің бірнеше мемлекеттік органға жүгіну қажеттілігінен босатады. Мемлекеттік қызметтер беруді оңтайландыру стратегиясын жал­ғастыра отырып, министрлік осы жеткен жетістіктермен тоқ­тап қалмайды. Мемлекеттік қыз­меттер алу процедурасын едәуір жеңілдететін жаңадан тағы да екі қызмет түрін енгізу жоспарлануда. Мысалы, жеке оңалту бағ­дар­ламасына сәйкес құрамына әлеуметтік оңалту шараларын көрсету үшін, алғашқы медико-әлеуметтік сараптама жүргізу енетін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және арнау­лы мемлекеттік жәрдемақы, сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры еңбек ету қабі­летінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін бір мезгілде құжаттар ресімдеу кіретін жаңа «композиттік» қызмет енгізу. Осылайша, өкілетті органға бір өтініш бере отырып, көрсетілетін осындай «композиттік» қызмет аза­матқа бірден төрт қызметті көрсетеді. Тағы да бір жаңалық, келешекте «электронды үкімет» веб-порталында «1 жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін әлеуметтік тәуекел туған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау» мемлекеттік қызметі көрсетілетін болады. Қыз­меттің бұл түрін енгізу бір электронды өтініш негізінде республикалық бюджет қаржысы есебінен бала тууына жәрдемақы және бала бір жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін құжаттар ресімдеуге мүмкіндік береді. Осы­ның бәрін үйден шықпай-ақ «электронды үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асыруға болады, бұл жаңа туған бала күтімімен отырған кез келген жас ана үшін өте маңызды. Әрине, әлеуметтік төлемдердің бұл түрін Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық арқылы да ресімдеуге болады. – Осындай маңызды реформалар заңдық ішкі алгоритмді және халықтан түсетін сұрауларды түбірінен өзгертетіндіктен заң­намалық қолдауды және мемле­кеттік органдардың шешім қабыл­дауын талап етеді. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды? – Әрине, әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсету процедураларын жеңілдетіп, сонымен қатар ведомствоаралық деректер базасын біріктіру, әлеу­меттік қамсыздандыру бойынша заңнаманың жаңа құралдар мен үнемі жаңартылып отыратын «электронды үкімет» веб-порталының функционалды мүмкіндіктеріне бейімделуін талап етті. 2015 жылғы 17 наурыздағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бизнес-үдерістерді оңтайландыру, ақпараттық жүйе­лер мен деректер базасын бірік­тіру, сонымен қатар электронды құжаттар мен электронды сандық қолтаңбаны қолдану саласын кеңейту – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы оң өзгерістер қарқынын арттырды. Мысалы, егер бұрын өтініш беруші еңбек ету қабілетінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін тек Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орта­лыққа ғана өтініш бере алатын болса, енді азамат тұрғылықты же­ріндегі Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе алғашқы медико-санитарлық сараптама жүргізу кезінде өкілетті мемлекеттік орган­ның құрылымдық бөлімшесіне өтініш беру мүмкіндігіне ие. – Іс қағаз процедураларын едәуір оңайлату ел халқының риза­­шылығын тудырмауы мүм­кін емес. Халыққа «электронды» қызмет көрсетуді кеңейтудің бола­шағы қандай? – Сырттай қарағанда аса елеу­сіз болып көрінетін, бірақ елеулі сәттердің бірі ол жаңа техно­логия­лардың біздің күнделікті өмірі­мізге енуі. Мен бұл жерде азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара тиімді тығыз байланысын, дербес деректердің құпиялылығын сақтай отырып, халықтың билікпен ара қатынасының сапасы мен сенім дәрежесінің артып келе жатқанын айтқым келіп отыр. Сонымен қатар, онлайн-қызмет­тердің енгізілуімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы ғана артып қойған жоқ, сонымен бірге қызмет көрсету жеделдігі де артты. Әлеуметтік-еңбек саласындағы ведом­ствоаралық ақпараттық жүйе­лердің бірігуі мен оларды оң­тайландыру нәтижесінде мемле­кеттік қызметтер алу үшін тек Зейнетақы төлеу жөніндегі мемле­кеттік орталықтың құрылымдық бөлімшесіне ғана емес, сонымен бірге тұрғылықты жеріндегі Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «электронды үкімет» веб-порталы арқылы да азаматтарға қызмет көрсетіледі. Басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жүргізілген қолда­ныстағы ақпараттық жүйе­лерді жаңғырту және оларды кейіннен біріктіру жұмыстарының нәтижесінде тиісті шешімдер қабылдауды жылдамдатуға әсерін тигізетін қағаз түріндегі құжат айналымы едәуір қысқарды. Бұл ретте, бұрынғы жергілікті ақпараттық жүйелерді біріктіру бойынша бірлескен жұмыстар, оның ішінде әлеуметтік қызметтер көрсету саласында жеткен жетістіктер біздің ұстанған стратегиялық бағытымыздың дұрыс екенін және азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара қатынас сапасының едәуір жақсарғанын, сонымен бірге уақыт үнемдеу, қаражат және жұмсалатын күшті едәуір үнемдей отырып, мемлекеттік органдардағы бизнес-үдерістерді оңтайландыруға мүмкіндік берді. Осы бағыттағы жұмыстар бұдан әрі де жалғасын табатын болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».