• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Бағдарламалар 17 Қаңтар, 2017

Ұлы көш осылай басталған еді

11283 рет
көрсетілді

«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан». - Н.Ә.Назарбаев

Тәуелсіздік – қарға тамырлы қазақтың ортақ қуанышы. Алақай сезім ел шетіндегі бауырларымыздың ғасырлар бойғы арман тілегін қанаттандырып қана қоймай, Қазақстан атты мемлекеттің заңды азаматы болу, қасиетті Отанға қызмет ету, бала-шағаларының еңселі болашағын қамтамасыз ету мүбәрәгін алға тартқаны белгілі. Халқымыздың «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін тәмсілінің тағылымы тереңде жатқанын осынау Ұлы көш айқара дәлелдеді. Оны алғашқы лекте Атбасар өңіріне қоныс тепкен қадірменді ардагер ұстаз, ел сыйлысы Қаз Бәкейұлының: «Өлең төсегіме оралғаныма 25 жыл болса да сағынышым басылар емес», деген сөзінен аңғаруға болады. Жуырда ағыл-тегіл әңгіме құрдық. Мұны оқырмандарымызға өз мақамында жеткізуді жөн санадық.

Қазіргі таңда қазақтардың үштен бірі өздерінің тарихи Отанынан тысқа­ры жерде түтін түтетуде. Қаракөз бауыр­ла­ры­мыздың басым бөлігі ежелгі өсіп-өнген топырағында тұрып жатыр, бірақ, бұл өңірлер басқа мемлекеттердің құзы­рына бағынатындықтан, амалсыз шетел­дік атануға мәжбүр. Шет жүрген қандас­та­рымыздың санасын сарғайтқан сағ­ы­ныштың аты – Атажұрт!

Қазақстан тәуелсіздік ала салысымен-ақ тағдырдың жазуымен жан-жаққа тарыдай шашыраған қандастарымызды бауырға тарта бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсанында алыстағы ағайындарға сөз арнады. «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы Еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа ре­с­публикадан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келем деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» делінген болатын онда.

Қазақ елі басшысының шеттегі бауыр­ларға Үндеуімен танысқаннан кейін Моң­ғолияның Баян-Өлгей аймағынан мені­мен бірге мамандығы мал дәрігері Дәулет Ғашықұлы, кезінде Мәскеуден білім алған Дәуіт Қабыкейұлы үшеуміз үлкендерден бата алып, Еңбек шартын жасасу және қоныс таңдау мақсатында Моңғолияның шекарасы «Қызыл үй», Ресейдің шекарасы «Ташантты» асып, тәуелсіз Қазақстанның Қарағанды облысының Ұлытау, Қарқаралы аудандарын, Ақмола облысының аудандарын аралап, осы облыстың Атбасар ауданының Шұңқыркөл елді мекеніне келетін болып шешім қабылдадық. Кеңшар-зауыт директоры Қайролла Өтеуов бізді жылы қабылдап, сол жолы 25 жанұяға шарт жасасып қайтқан болатынбыз.

Моңғолия еліндегі Баян-Өлгейдегі ауылымызға келсек, тарихи Отанға көшуге тағы да 15 отбасы тілек білдіріпті. Ол туралы Қайролла Айтмағанбетұлымен телефонмен сөйлескенімізде, ол азамат Еңбек шартынан тыс келем деушілерге де есігіміз ашық, келе беріңдер деп бауырмалдық ниетін білдірді. Сонымен, Шұңқыркөл ауылына 40 жанұядағы 256 адам көшіп келдік. Жүктерін әкелуге облыс, аудан басшылары Моңғолияға «КамАЗ» машиналарын жібертсе, адамдарды алып ұшақтар «Астана» әуежайына әкелді. Әуежайға толғағы қысып әрең жеткен жеңгеміз Молыбайқызы Қанат аман-есен сол кездегі Целиноградта босанып, баласының атын – Ақорда деп қойса, келініміз Жырымбайқызы Күлән да арыс­тай ұл бала туып, атын кеңшар директоры, бізді арнайы ұшақтан күтіп алып, ауылына бастап алып келген Қайролла Өтеуовтің құрметіне – Қайролла деп қойған еді. Дәл сол күні Атбасар қаласында ең алғашқы Алланың үйі – мешіттің ашылу салтанатына да қатысу атажұртқа табан тіреген біздер үшін қуанышты да иманды шаруа болғанын ешқашанда ұмытпаймыз.

Қайролла бауырымның мына сөздері есімнен кетпейді: «Алып ұшақ ішін тартып, азынап алып, мама қаздай мамырлаған бойда қалың күтушілерді көлденеңдей тоқтады. Кілем жабылған саты ұшақ есігінің ауызына қойылғанда халық сілтідей тына қалды. Көк жүзін тіліп «Елім-ай» әні қалықтады. Ұшақтан түсе салған бойда жерді сүйген қандастарымызды көргенде бәріміз де егілдік».

Кеңшар басшылығы әр отбасына бір жылқы, бір сиыр, бес қойдан беріп, бәрін үй-жаймен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, олар отын-сумен, газбен, ыдыс-аяқ, басқа да тұрмыстық заттармен жабдық­тал­ды. Көшіп келген ағайындардың ішінде Моңғолияның «Еңбек Ері» жоғары атағының иегері, абыз қария, имам Сарбас Нұғыманұлы, озат жүргізуші Жүніс, саңлақ малшы атағы бар Шерияздан Нұғыманұлы, Сағынған Қарақатұлы, Уатқан Сарбасұлы, Мұратхан, Ығылым Қасанбайұлы, Жүнісхан Қабдырахпанұлы, тағы басқалары болған еді.

Алыстан келген ағайындар еңбекті адал да тиянақты атқарды. Мал шаруа­шылығындағылар шығынға жол берме­ді, алынған төлдерді сақтап, өсіруде табандылық көрсетіп, малдәрігерлік-зоотехникалық талаптарды бұлжытпай орындады. Олар жұмысқа берілгендік пен жауапкершіліктің озық үлгілерін көрсетті. Туыстарымды елге бастап әкелген мен мұғалім мамандығым бола тұра, екі жылдай кеңшардың асыл тұқымды қошқарларын зоотехникалық талаптарға сәйкес бағып, олардың күйлерінің әрдайым жақсы болуына үлес қостым. Мәскеуде жоғары телевидение-байланыс оқуын тәмамдаған Дәуіт Қабыкейұлы да ауылда байланысшы қызметін атқарып, жерлестерінің құрметіне бөленді. Олардың ерен еңбек­тері аталусыз қалған жоқ, әр уақыт­тарда басшылық пен қоғамдық ұйымдар тарапынан ерекшеленіп, марапатталып отырды. Қандастарымыз елге келгеннен кейін олардың балаларының жағдайы ойластырылып орысша білім беретін жергілікті орта мектепте қазақша сыныптар ашылды. Онда атажұртқа келген педагогтік мамандығы бар ұстаздар табысты еңбек жасады.

Атажұртқа келген жылы дүниеге келген Қайролла Уатқанұлы, Ақорда Жүнісханқызы, Монстан Қазұлы және тағы басқалары да бүгінгі күні 24-25 жасқа жетті. Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дық мерейтойының құрдасы атануда. Заман­ның ағымына сай қандастарымыздың балалары тиісті білім алып, көбі елордамыз Астана қаласында тұрады. Менің ұлым Елімбек «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкада білім алып, ветеринария саласы бойынша ғылыми еңбек қорғады. Малдәрігерлік ғылымының кандидаты атағына ие болды. Қазіргі кезде Астанадағы жоғары оқу мекемесінде оқытушылық қызметте жүр. Алыстан жұртын аңсап келген ағайындардың ұрпақтары өз Отанында біліммен сусындап, халқына сапалы қызмет көрсетіп жатқанына тәубе қыламыз.

Жалпы, статистикалық мәліметтер бойынша 1991 жылдан бастап 2016 жылдың 1 қазанына дейін алыс-жақын шетелдерден 263 913 отбасы немесе 981 743 қазақ көшіп келген екен. Бұл жалпы халқымыздың 5,5 пайызын құрайды.

Елімізде 1991 жылдың 18 қарашасын­да «Азаматтық құжаттандыру туралы» №711 қаулысы және «Халықтың көші-қоны туралы» Заңынан кейінгі уақыттарда Алатау мен Сарыарқаны бетке алған Қазақ көші толастаған емес. Елбасы бұл жетістікті «Біз 1 миллион ағайынды елге қайтардық» деп үнемі мақтанышпен айтып келеді. Қазір сол қандастарымыз өсіп-өніп, ұрпағымен 1,5 миллионнан асып кетті. Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда қазақтардың саны 40 пайызға жетер-жетпес болса, қазір 70 пайызды құрайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 15 желтоқсанда журналистерге берген сұхбатында: «Ол саясат өзгер­мейді. Бізге қайтып келемін деген ағайынға – қазақтарға есік ашық. Әр уақытта келіп, өздері орналассын. Жағдайын жасаймыз», деп шегелеп тұрып айтты. Бұл тұжырым көшіміздің көлікті болатынын білдіреді.

Жазып алған

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы

Дерек пен дәйек

1991 жылдан бастап 2016 жылғы 1 қазанға дейін 981 743 қандасымыз елімізге келіп, оралман мәртебесін алды. Бұл жалпы халқымыздың 5,5 пайызын құрайды. Олардың 61,5 пайызы – Өзбекстаннан, 11,6 пайызы – Қытай Халық Республикасынан, 12 пайызы – Моңғолиядан, 7,3 пайызы – Түрікменстаннан, 3,9 пайызы – Ресейден, 3,7 – пайызы өзге елдерден келгендер.

***

2016 жылғы 9 айда елімізге 23 971 этностық қазақ (11 488 отбасы) қоныс аударды.

***

Үкіметтің осы жылғы 18 ақпандағы №82 қаулысымен 2016 жылға 1259 отбасына оралмандардың өңірлік квотасы бекітілген. Үкімет айқындаған өңірлік квотасына енгізілген оралмандар мен қоныс аударушыларға көшуге субсидия және соған байланысты шығыстарға өтемақылар отағасына елу айлық есептік көрсеткіш, отбасының әрбір мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі. Аталған отбасыларын қабылдап алуға қажетті қаржы көзі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қарастырылған.