• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Шілде, 2010

Ол өмірге ғашық еді

713 рет
көрсетілді

“Рудныйдан хабар алдыңдар ма? Жағдайлары қалай екен?” Отбасында ара-тұра бір-бірімізден осылай сұрап қоямыз. Дереу Рудныйдағы Қана­­товтар отбасына телефон шаламыз, амандық­тарын біліп, көңіл тоқтатамыз. Кейде... телефон шыл­дырынан кейін трубканы көтерсем, арғы жақтан Бақыткүл апайдың қоңыр дауысы есті­леді. Үлкен кісілердің, балалардың амандығын, арасында Махаббаттың оқуын сұрап қояды. Жү­рек шымырлап, тамаққа қайтадан түйін тығыл­ғандай болады. “Адамдарды өзге емес, өлім де қосады екен-ау. Жақсылықпен, құда болып таныспағанымызды қарашы” деймін ішімнен. “Ажал айтып келмейді, ажал айла таптыр­мас” депті бәрін де басынан өткер­ген атала­рымыз. Дегенмен сол күні жас­­тар Тобылдың жағасына суға түсуге бармағанда, бәлкім, бір отбасы осынша қайғыдан аулақ, ал маңдайы жырта қарыс Мейіржан жар­қылдап достарының арасында, Қостанай мемлекеттік универ­си­те­тіндегі компью­тер­лік техно­ло­гия факультетінің үшін­ші кур­сын тә­мам­дап жатқан бо­лар ма еді. Міне, зу­ы­л­да­ған уақыт ештеңеге қаратар емес. Қостанайды қой­­­­науына алып, іргелей ағатын То­был өзенінің жаға­сын­да бұлақ жиі кездеседі. Шымыр­лап шығып жатқан бұлақтың тастай суық суы төмендегі өзенге қайта құяды. Ондай жерлерге шо­­­мылуға судан құт­­қару қызметі рұқ­­­сат етпейді, алай­­­да соны тың­дай­тындар аз. Жаз­дың ыстық күндері жағалай тал мен қамыстың арасында сап-салқын болып тұратын қойнауға жұрт үйір, суға түсіп, күнге қызды­рынады. Жалпы жұрттың айтуынша, Тобыл суы шілденің ми қай­натар ыстығында да жылы­майды. Бұл су­дың жазымен қан жалайтыны да сон­дықтан, бәлкім. Қарағай, тал-қайыңы ара­лас өскен, әрі шүйгін шөбінің иісі мұ­рынды жаратын өзен жағасы адамдарды шақырып тұрғандай болады. Эльмира, Валя деген құрбыларымен серуендеуге барған Махаббат “Тобылға суға түспе” деген тәтесінің ескертпесін сол күні ұмыт­қан болатын. Өзеннің жағасына жақын тұрған қызды су астының мұздай ағысы алды да кетті. Құрбыларының жан дауы­сын естісе де, қыздың артынан суға сүң­гуге жаға толы адамның ешқайсысының жүрегі дауалаған жоқ. Тек Мейіржан ғана шыдамады, өзенге секіріп кетті. Өзі де жүзу білмейтін ол малтып жүріп, қызды жа­ғаға итере берді, қолы жетер жерге келгенде адамдар оны сүйреп шығарды. Ал әбден шаршап қалған Мейіржанның жағаға шығуға шамасы жетпей қалған еді... Жұрттың барлығы да сол сәт есін білмей жатқан Махаб­батпен болып кетті де, Мейіржанның жоқтығын сәлден кейін ғана байқаған. Достары шу ете қалды да дереу суға секірді, сүңгіді. Бәрінің кеш екенін түсінген олар құтқару қызметіне хабарлады. Есін жиған Махаббатқа құрбылары бейтаныс бір жігіттің оны құтқарып, өзі батып кеткенін айтты. Құтқарушылар Мейіржанның денесін үш сағаттан кейін тауып алып шыққанша Махаббат жігітті өзі сияқты аман алып шығады деген балаң қиялына сеніп, мең-зең болып жағада күтіп отырды... Сол күні Махаббат үйге қас қарайып кет­кен­де, кеш оралды. Жүзі өте сынық болды, жы­лау­дан көзінің білеудей болып ісінгені де байқалып тұрды. Ол тәтесінің жағдайды сұрайтынын ал­дын ала сезді. Келе “кішкентай баланы құтқар­дық, анасы достарымен көңіл көтеріп отыр­ғанда бала суға түсіп кетті. Соны құтқа­рамын деп, бір қазақтың жігіті суға кетіп қалды” деді. Жігітке жаным ашыған­дықтан “кішкентай баланың ата-анасына” сырттай ренжідім. Қызға тыныш­тан­дыратын шөп қайнатып ішкізіп, түннің бір уағына дейін ұйықтай алмай жаттым. Болған оқиға туралы Махабаттан қайтара сұрағанымда “есіме сала бермеңізші, ештеңе айтқым кел­мейді” деп басын бүркеп жатып қалды. Оқиғаның шын мәнісінде қалай бол­ғанына тек екі күннен кейін көзіміз жетті. Облыстық орыс тілді газет “Ол ештеңені ойлап жатпады” деген тақырыппен қа­занама берді. “Ол он жеті жасар Махаббат есімді қызды судан өз өмірін беріп құт­қарды. Мейіржан үздік оқыды, студент­тік театрға, дебатқа қатысты. Ол маусым айы­ның аяғында өтетін түлектер кешін жүргізуге ти­іс еді” депті. Әрі қарай оқуға шама келмеді, әріп­тер газет бетінде көл­кіп кеткендей болды. Үйге жүгірдім, бұла өсіп келе жатқан қызымның етіне алғаш рет ащы таяқ тиді... Қыршын жасты соңғы сапарға шығарып салуға да бармай, үнсіз қалудың ұяты жанды жеп барады. Он тоғыз жасар ұлдың суға кеткенін естіген Махаббаттың сексендегі атасы мен әжесінің “балапаным-ай!” деп күңіреніп жылағаны сай-сүйекті сыр­қы­ратты. Ертеңіне Мейіржанның Рудный қа­ласының ір­гесінде тұратын ата-анасына туған-туысымыз­бен жеттік. Біз қайғыдан от болып күйіп отыр­ған жандардан қан­дай ауыр сөз болса да естуге дайын болып барғанбыз. Ауладағы оты сөнген ошақ, әлі жиналып үлгермеген жаназа тарқатқан үйдің қара жамылып тұрғанынан хабар бе­р­­­гендей. Табалдырықтан аттай бере жүректі өкі­ніш пен өксік өртеп барған бәріміз де көз жа­сына ие бола алмадық. Үш күн бойы жылаудан талықсып жатқан үй иелері әуелде кімнің келіп отырғанын түсінбей дел-сал күйде қалды. Өздері секілді Өзбекстаннан көшіп келген оралман ағайындарының бірі ме деп, шырамыта алмай отырғаны да белгілі еді. Баласы құтқарған қыздың ата-анасы, туыстары жана­заға келмеген соң, олардың адам­дық арына салып, күдер үзген болса ке­рек. Нұршат әжей жұбату сөзін айтып, жы­­лап отырып “мен әлгі қыздың әже­сімін” дегенде, үйдің іші қайтадан гу ете қалды... Мейіржан Әбіләкім мен Бақыткүлден тараған екі қыз бен үш ұлдың ең кішісі екен. Шкаф сөресінде суреті тұр. Кең маң­­­­дайлы, ала­­қан­дай аялы көзіне ақыл-парасат тұнған жап-жас бозбала күлім­сіреп қарайды. – Мен көп ауырдым, ауыр опера­цияда да жаттым. Соның барлығында да мені өмірге қайта оралтып отырған Мейіржаным еді. Ісі де, сөзі де көңіліме қонып тұратын ұлыма қарап, өмірге талпына беретін едім. Адамдарға мейі­рім­ді етіп тәрбиелеген де өзім. Бірде Қостанай автовокзалында Рудныйға жүретін авто­бусты кү­тіп отырса, бір қарт кісінің қал­тасынан ақшасы қылтиып, көрініп тұр. “Әлгі кісіні бақылап отырдым, қалта­сы­нан ақшасының шеті көрініп жүргенін өзі байқамайды. Сосын жанына барып, амандасып қолын алдым да: “Ата, мына ақшаңызды қалтаңызға салып алыңыз, түсіп қалар” дедім. Ол кісі “балам, көп жаса, сен айтпасаң, расында түсуге шақ қалған екен ғой” деп риза болып қалды” деп айтып келген еді. – Әбіләкім ағаның аузынан жалын атқандай. – Ми қайнатарлық ыстық та жоқ. Құдайым-ау, суға қыз бен ұл неге барды? – деді Бақыткүл апа күрсініп. Біз де Махаббаттың шомылуға үйден сұранбай кеткенін, ал Тобыл жағасында болған жайды жасырғанын, сол үшін оған күйінгенімізді айттық. – Енді Махаббатты күйеуге беріңдер, ұл тапса атын Мейіржан қойсын!–деді Әбіләкім аға. Біз екі көзге қайтадан ерік бердік. Сол күні қайғыдан өртеніп отырса да Бақыткүл апаның өзінің бауырынан өргендерге ғана емес, қазақтың бар бала­сына жетердей аналық пейілі таңқал­дыр­ған. “Меккеге жеті рет арқалап барсаң да ана алдындағы парызыңды өтей алмай­сың” деген сөз ананың баланы тоғыз ай көтергеніне, ақ сүтіне ғана емес, оның өзгеден ерекше пейіліне бола айтылған шығар, асылы... Өз ұлын жоқтап, жаны күйіп отырған Бақыткүл апа бір мезгілде: “Махаббатқа енді қатты сөз айтпай-ақ қойыңыздар, ауру болып қалар” деді. Мейіржанның қазасын естігенде уни­верситет басшылығынан бастап, ұстаз­дарының, факуль­теттегі достарының қа­бырғасы қайысты. Ол тек ата-анасының ғана емес, оқу орнының үкілі үмі­ті еді. Өзі оқыған курстағы маңдайалды мате­ма­тик те Мейіржан екен. Поэзияны жақсы көретін, өзінің де өлең жазуға тал­пынысы бар ол университеттегі қоғамдық жұмыстардың да ортасында жарқылдап жүріпті. Студенттердің бәрі бірдей дебатқа қатыса бермейді, себебі оған жастардың өз бетімен ізденіп жиған білімі, өй-өрісі қажет. Мейіржан Қанатов қатысқан дебат отырыстары оның тапқырлықпен қойған сұрақ­тарымен, қатысушылардың барлы­ғын елең еткі­зетін пікірімен және сүй­кім­ді әзіл-қалжыңымен қызып жүре береді екен. – Мейіржан керемет математик еді. Берген тапсырмаларды орындауға құшыр­лана кірісетін. Мен оны болашақта ғы­лымнан көрерміз ғой деп ойлайтынмын. Ол тек біздің бағдарламамыздағы тап­сырмаларды місе тұтпай, өз бетінше ізденіп жүретін. Кураторы болғандықтан, сол бір ауыр күндері баланың сүйегін үйіне жеткізу жұмыс­тарының қасында болдым. Мәйітханадан алып жатқаны­мыз­да үлкен ағасы Сәкен: “Бауырым-ай, жәй емес, ерлікке пара-пар қимыл жасап кеткен екенсің, ендігі өміріңді Махаббатқа берсін” деді. Біздің жақсы, дарынды, парасатты Мейіржанның тектілігі от­басында жатқанына көзімнің сол қайғы ораған күні жеткені өзіме ауыр тиді, көз жасыма ғана шамам келді, – дейді Ғалия Асқанбаева. Қырқына дейін-ақ ағалары Сәкен мен Ра­хымжан бейітті қоршап, мәрмәр тастан орна­тыл­ған плиткаға Мейіржанның суре­тін басып, ас­тына “Екі айналып келмей­тін ғажайып өмір” де­ген бір ауыз сөзді ойып жаздырды. Кейде өмір­дегі сәй­кестіктер тағдырдың келекесіндей кө­рініп, жүректі күйдіреді. Осы сөзді уни­вер­си­тет­тің “Жас өркен” студенттер театрында қой­ыл­ған “Ғашықсыз ғасыр” спекта­клінде ойнаған Мейіржанның кейіпкері айтқан болатын. – Біздің “Жас өркен” студенттер теат­рының репертуарында Сұлтанәлі Бал­ғабаевтың “Ға­шық­сыз ғасыр” спектаклі бар. Осы қойылым­дағы профессордың рөлі театрға бұрыннан қатысып жүрген бірнеше балаға ауысты. Өзім осы рөлге нақ лайық жігітті таппай жүретінмін. Бірде студенттер Мейіржанды алып келді. 18-19 жастағы өрімдей жігіттің көзі тым ойлы екен. Рөлді әп-әдемі алып шықты. Мен оны “негізі қа­зақ­тың мақтан тұтар азаматы болатын шығар” деп үмітте­ніп, сүйсініп жүре­тін­мін. Өйткені, жас болып, айнала­сын­да­ғылардың көңіліне тиетін немесе жұрт­тың сыр­тынан бір ар­тық сөз айтпай­тын, өте ұс­там­ды, әрі парасат­ты еді. Одан мен бір ерте есей­ген­дік­ті байқап тұ­ратын­мын, әрі сах­наны нұрландырып жібе­ретін жігіттің көркі де көз ал­дым­да, – дейді Қос­та­най уни­­верси­тетін­де­гі сту­денттер теат­­­ры­ның режис­се­рі Ай­сәуле Есен­бе­кова. Мейіржан өз өмі­рін сыйлап кет­кен Ма­хаббат та жан азабын аз тарт­қан жоқ. Сол қасіретті күні үйге өтірік айтып келгенін жасөспірім қыздың алапат ауырлықтан өзіне қойған “қорғанышы” екенін түсіндік, кешірдік. Дзю-додан өз салмағында облыстың абсалюттік чемпионы болған ол сол оқиғадан кейін спорт жаттығуларына бармай қойды. Жаттықтырушысы Бағдат Кәменұлы бұл қайғылы оқиғаның тағдырдың ісі екенін, оның өзі үшін өмірін қиған Мейіржан үшін де өмір сүруі керектігін шәкіртіне тү­сін­діріп бақты. Қыздың психолог ке­ңестерін алуын қада­ға­ла­дық. Құрылыс колледжінің санақ техни­ка­лары­ның бағдарламалық қамтамасыздығы факуль­те­тінде оқитын ол үйдегі компьютеріне Мейір­жан­ның суреті мен ол туралы материалдарды жинап қойған. Сол оқиғадан бір ай өткен соң он жетіге толды. “Туған күнімді атамаймын” депті ол құрбылары мен достарына. “Еш­қайсысың құттықтамаңдар”, деп жылады Махаббат. Сол күні Махаббаттың туған күнін атау үшін емес, Мейіржанға құран бағыштау үшін отбасында дастарқан жайдық. “Өзім тірі жүргенде Мейіржан ағаны ұмытпаспын” дейді әрдайым. Рудныйға барсам, Әбіләкім ағамен, Ба­қыткүл апамен еш жасандылығы жоқ, риясыз көңілден құшақтасып, көрісеміз. Төрдегі шкаф сөресінде Мейіржанның алған мақтау қа­ғаздары, “Облыс жаста­рының алтын кітабына” (қайтыс болған­нан кейін) енгені туралы сертификат тұр. Ал биыл жыл басында өткен дебатты университет жастары Мейіржан Қа­натовты еске түсіруге арнады. Үлкейтілген су­ре­тінің бетін анасы ақ матамен жауып қой­ыпты. Суретке қараған сайын жүрегі тілім­денген соң осылай істегенін  айтпай түсіндім. Маңдайы жарқырап, нұрлы жанарымен күлімсірей қарап отырған баланың елесі жүрекке жазылып қалған­дай. “Қорадағы малға, есіктің ал­дын­дағы бақшаға айналып, өзімді алдарқатамын. Шаруаға айнал­сам сәл де болса бойым қайғыдан жеңілдейді” деген Әбіләкім аға. Құдайға шүкір, үйде балалары бар, аяғына оралып, немерелері жүгіріп жүр, бірақ Мей­іржандай баланың орны бөлек еді... Біздің үйге келгенде Әбіләкім аға “Мей­ір­жанымның көзі” ғой деп, Махаббаттың маңдайынан иіскеді. “Мейіржаным жақсы оқитын еді, өзі де жақсы еді, қызым сен де сондай бол” деді күрсініп. Зулаған уақыт аққан сумен бірдей, биылғы маусымда сол қасіретті күнге жыл толды. Ата-анасы ағайын-туманың басын қосып, марқұм­ның рухына құран ба­ғыштатты. Сол күні Ма­хаббаттың әжесі Бақыткүл апаның басына ақ жаулық салып тұрып: – Алланың көрсеткеніне шүкір ет, қарағым. Бізді тағдыр жақсылықпен емес, осындай қайғымен қосса қайтейін. Мейіржандай баланы қалай ұмытарсың. Бірақ қалған балаларыңа өмір берсін, бойыңды тікте. Осы орамалдай енді кө­ңі­лің ағарсын. Әбіләкім екеуіңе қалған балала­рыңның қызығын бірге көруді жазсын. Ендігі дастарқаның тек қызық­шылыққа жайыл­сын, осы үйге ылғи тойға келейік. Мен де бір әкеден жал­ғыз қыз едім, сіңілім бол, – деді. Қаралы үйге жанашыр ағайынның, дос-жар­дың жұбату сөзі медет. “Өлінің беті әрі, тірінің беті бері” деген ғой бұрынғылар. Ғайыптан келіп қалардай елеңдеп, өлімге қия алмай жыл бойы жоқтаған көңілдің амалсыз суынып, тағдырдың жазғанын мойындағаны қандай ауыр. Мейіржан ақ қанат періштеге айналып кеткендей. Жақ­сының жақсылығынан ағайын арасы суымады. Ол достары үшін адалдық пен адам­гершіліктің ескерткіші болып қалды. Қаршадай баланың жүрегі ата-анасы аңсап келген елім, жерім деп соғатын еді. Жүрек тоқтап, үміт жібі үзіліп кеткенмен, ол даланың үстінде аппақ періште болып ұшып жүрген шығар... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.Қостанай.