Күнделікті «Егеменді» оқып, қарап отырып, мен де қолыма қалам алдым. Сіздердің газетте соғысқа қатысқан әкелер, аталар жайлы мақалалар жиі беріледі. Өзіме жақын тақырып болған соң, бірден қарап оқи бастаймын.
Әкем Сләмғали Тоқтаров 1941 жылы желтоқсанда Маңырақ тауы етегіндегі Жарсу ауылынан майданға шақырту алады. Майдангер маршал Тимощенко басқарған 2-ші Екпінді армияның 58-атқыштар бригадасында бөлімше командирі болады. Ол Мәскеу түбіндегі Калинин, Волхов майдандарына, Ленинград бағытында болған шайқастарға қатысады. 1942 жылдың тамызында Калинин бағытындағы ұрыстарда жараланады. Госпитальде жатқан кезінде Панфилов дивизиясы жауынгерлерімен кездеседі. Жерлестеріне қосылғысы келген әкем өтініш білдіреді. 1942 жылдың желтоқсан айында осы дивизияның құрамындағы 23-гвардиялық атқыштар полкіне (Мұхамедияровтың полкі) взвод командирі ретінде соғысқа қайта жіберіледі. Осы жерде Бауыржан Момышұлымен танысады. Соғыс біткен соң, аман-есен еліне оралды. Мұғалімдік қызметін қайта жалғастырады.
Ұрпақтары өсіп-өніп отыр. Бәріміз оқу-білім қуып, жан-жаққа кеттік. Бәріміз бас қосқанда әкемізді сағына еске аламыз. Айтқан әңгімелері әлі жадымызда. Бір айтқаны бар еді: Соғыстан соң Зайсан аудандық ішкі істер бөліміне қызметке жіберіледі. Сондағы бір оқиға мынадай. 1945 жылы Ішкі істер халық комиссариатының аудандық бөлімшесі ауыл тұрғыны, жесір әйел ұн тарту кезінде орамалға түйіп бір-екі уыс бидай ұрлады деген хабар алады. Соғыстан кейінгі кездері мұндай әрекет үшін 10 жылға кететін. Әкемізге тінту жүргізу тапсырылады. Бір уыс бидай ұрлады деген үйге келеді. Ескі, жұпыны там, шиеттей балалар. Әкелері соғыстан қайтпаған. Олар жер үстелде орамалға түйіп әкелген бір уыс бидайды талғажау етуде екен.
Әкеміз бидайды орамалға қайта түйіп, сөмкесіне салып, шығып кетеді. Әйелге үндеме деп белгі береді. Ыңғайлы сәтін тауып, орамалды қалың қардың астына көміп тастайды. Жұмысқа келеді де әріптестеріне ол үйде ештеңе жоқ екен деп айтып, істі жабады. Сөйтіп, жетім балалардың анасы айдаудан аман қалады.
Әкеміз осындай адам еді. Қазір ол кісіні сағынышпен еске аламыз.
Айгүл ЖАҚСЫЛЫҚОВА.
ПАВЛОДАР.