• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2015

Сабақтастық

1106 рет
көрсетілді

Зергерлік – қазақтың өзімен бірге жаратылған жұлын тұтасы іспетті. Ғасырлар бойы жер үстінде жинаған рухани нәрін бойына тынбай сіңірумен бүгінге жеткен жанды клеткасы, жұмбағын аша қоймайтын генетикалық коды сияқты. Ұсақ жасалып, жіңішке болып созылса да шаштай берік, нәзік те нерв талшықтарындай аса сезімтал, өзіміз де өзгелер де жалықпай көретін, түйсікпен танылуға тиіс бекзат та құдіретті өнер. Біз ғұмыр кешкен екі ғасыр тоғысының ары жақ-бері жағын­дағы өнер кеңістігіне күн салып қара­ғанда зергер-ұста ауылынан әуелі Дәркембай Шоқпаров, Қалқаман Тілеуханов  көрінер-ді. Артынша Сержан Баширов, Надырбек Жиреншиев, Үсен Сейдалиев, Естай Дәубаев бой көрсетіп, зергер Берік Әлібай менмұндалар енді. Олардың шығармашылығы ғасырлар ғана емес, екі заманның алмасу кезіне дөп келіп, нәтижесінде қат-қабат өзгерістерді бастан кешті. Қазақтың қолданбалы сәндік өнеріне жаңа сипат беріп, суретшілер секілді зергерлер де көрме ашып, көпшіліктің алдына өзге бір қырларымен шығатын болды. Әдетте, зергердің ашқан көрмесіне  келген елдің көз алдынан «сәукеле, сырға, алқа, өңіржиек, бойтұмар, білезік, жүзік, қапсырма, шолпы» аталып, «кездік, қанжар, қылыш, гүрзі, айбалта, қамшы» болып,  тізіліп өтетін халқымыздың әшекей бұйымы мен бес қаруының жанында сараң ғана «күміс, ақық, жақұт, сіркелеу, қалыптау» дейтін жазулар болады. Бұйымның күрделілігіне қарай «агат, перуза, зүбәржат, маржан, халцедон» деп жалғасуы мүмкін. «Құйма, соғу, оймыш, ширатпа, қаралау» тәрізді сипат алуы кәдік. Көрермен оқып тұруға ерінетін осы бір тырнақшаның ішіне қамалған сөздердің жаратылысын ашып-жарып, ақтарып көрсеңіз – сұрапыл еңбек, көз майын тауысқан бейнет, жанған от, гүрілдей басылған көрік, жіптіктей жалыны ауаны жара жанған горелка жанарғы, төске соғылған  балға үні бұйығып жатар еді. Зейінімізді сала  түссек, байырғы тәсіл түкпірлей таныла ма? Ісмер шіркін қолындағысын қалай баспалады, қалай қалыптады? Металл мен тасты қандай жағдайда туыстырыпты, алмас пен ақықты қайтіп табыс­тырыпты? Былғарысын болатына, сүйегін сүңгісіне сіңістірген екен. Жез бен жақұт, мыс пен маржан, мүйіз бен мельхиор бір ғана бұйымның маңдайына топтастырылыпты. Қандай жағдайда? «Тотықтады»,  «алтындады» деп жазған екен, «жону», «бүршіктеу», «лажылау», «бағдарлау» деген екен, мәнісі не? Заман өзгерді. Алыс-беріс, барыс-келіс ұлғайған екен, өзге жұртпен тәжірибе алмасып жатқан тұста көркем келісімнің мәні неде? Егеуі жеткен, өңделіп біткен, қылыш пен қындай бірігіп-кірігіп кеткен бүтін бір әлемнің қалай дүниеге келгені пәруайымызға келмейтіні несі? Әйтпесе, суретші-зергер Берік  Әлібайдың болмысы – ең әуелі осы бір  білгенін ішіне бүгіп жатқан сөздердің мағынасымен, сұрақтардың жауабымен, зергердің ұста-дүкенінде жабулы қалған қарекетпен ашылуы керек еді ғой? Бұл күндері жалпының сөйлеу мәнерінде жоқ, жалқы ұста-зергерлердің ғана тіл-көмейіндегі қазақы атаулар мен теңеулер, іс-қимылдың мән-мағынасын толық та шүбәсіз ашатын оралымдардың сақталып қалғанымен, қасиетті сөз өнерімен ажырағасыз шырмалып жатқанымен бағаланса керек. Күрделі зергер болмысының әрбір кезеңі, кезекті бір күміс бұйымының жасалып бітуі, ашқан көрмесінің нәтижесі – атақ-даңқ, ақша-мансап, алтынның буынан бұрын рухани қуаныш, өн бойды жайлап-бунап қалатын Тәңір дарытқан дарын, шығармашылық шаттығы екені анық. Күміс демекші, қазақ – күмістің нарқы алтыннан арзан бола тұра тіршілігіне айны­мас серік етіп, қастер тұтқан халық. Үй­дегі қыз баласының өнбойын күміс­телген әшекеймен әдіптегені өз алдына, түздегі жылқы баласының басындағы жүгеннен тартып, құйысқанға дейінгі ер-тұрманындағы қайыс біткенді күміспен көмкеріп-ақ бақты. «Қақтаған ақ күмістей кең маң­дайлы» деп ғазалына қосып, сүйгеніне ән қылып арнады. Күмістің тазалық қасиеті, емдік сипатына қарап сәбиін күміс теңгелі суға шомылдырды. Саусағында жүзігі, білегінде білезігі бардан қымыз ішкенді қош көрді. Көзінің көруі нашарлай бастаған қариялар ұста-зергердің дүкеніне барып қайнаған күмістің жарқылымен, сан алуан сәулесімен жанарын емдеді. Тіпті, күлкісін де сол бір ақ түсті металға апарып шенеді емес пе? Күміс – мың градусқа таяу қызуда балқып, екі мың градустан өте қайнар еді. Қайнаған соң алдын ала дайындалған қалыпқа құйыла, қайта суитын. Содан, қалыпталып, тиесілі қалыңдыққа жеткізіле тапталып, иіле-бүктеліп, созыла дөңестеп, һәм шұңғылданып, сімсуірден сым болып суырылып, біресе оң ширатылып, біресе қарсы ширатылып, «құстаңдай» өрнекке айналып, керегіне, бұйымның сипатына қарай, болашақ әшекейдің бейіміне орай шығармашылық сиқырына еніп, түрлі көлем табатын. Одан соң, бетіне кешеден жеткен іскенже, қайшы, түртпе, тістеуік, ара, бастырғы, безеуіш, қысқаш, шымшуыр, жонғы, қуыстұмсық, егеу, қалып, шар қалып деп келетін саймандармен һәм бүгінгі электр қуатымен жұмыс істейтін алуан түрлі құралдармен сызу,  сығымдау, бедер түсіру, жону, су жүргізу, нақыш салу, жапсыру, кесу, (күмісті шапқанда, егел­генде түскен ұнтағына дейін жаратып, жанар­ғымен балқытып, үлкенді кішілі, дома­лақ-түйіршік, ұсақ бүршіктерге айналдырып кейде өз туы­сы, кейде өзге металл пластинаға «сіркелеп-бүршіктеп») дәнекерлеу үдерісі жүрер еді. Қышқылмен оймышталып, майда қышырлы егеумен егеліп, науысқымен ысқыланып, киізбен тазаланып,  шүберекпен сүртіліп, керегінше  жалтырап, шебердің қолынан ұзап шығар-ды. Берік зергердің де ұста дүкенінен өрген бұйымдары да кілең күміспен тұтасып, астасып жатыр. Оның күмістен жылдап отырып, сарылып жүріп жасаған, азаптан сауылған аса күрделі, бірыңғай нақышта жасалған шығармасының бірі – «Қуаныш» атты топтама. Бітімі бөлек композицияны құрайтын бұл еңбек – өңіржиек, қос сырға және екі білезіктен тұрар еді. Білезіктің бірі – бес білезік деп аталады. Яғни, білезіктен екі шынжыр арқылы байланысқан ортаңғы жүзік, сол жүзіктен үш шынжырмен жалғаса барып саусақтарға киілетін жүзіктер. Бірі құс тұмсық, екіншісі дөңгелек, соңғысы сопақша. Білезіктің жүзіндегідей, ернеулі ұяларға да томпақ-рельеф етіп, қызыл қоңыр ақық тас қондырылып, бетіне сіркеленіп әшекей үшбұрыштар көмкеріледі. Сырғалардың  бетіндегі өрнектер де осы жүзіктің бірімен үйлес. Салпыншағы да кіші болғанымен өңіржиектің етегіндегі салпыншақпен туыс. Өңіржиек – өзара бір-біріне үзбелеп бекітілген бірнеше үлкенді-кішілі өрнекті таспа-пластиналардан құралған. Төменгі таспаның көлемі бесбұрышты.  Бірін-бір қайталайтын жұп, төртбұрышты қосарынан бөлек. Төмен қарай сәл созыла түсіп, дулығаның ұшындай болып, сүйірлене біткен. Одан бес шығырмен тиісінше бес салпыншақ тарайды. Олар әуелі дөңгелек жүзді, артынша ромб текті бөлек-бөлек детальдардан құралған. Жіңішке жіптей қылып созылған зерді ширатып, тастың төңірегін орай металдың екі бөлігін жапсарлап, бірі біріне тиістіре қиюластырып, балқу температурасын үйлестіре бекітіп, біріктіре дәнекерлепті. Пластиналардың жиегіне де жағалай бітпес ою секілденіп, осы сымнан әсем өрнек те түсіпті. Әжептәуір салмағы бар салтанат­ты өңіржиекті қалыңдық  мойынға асқанында үзіліп шашылып кетпесі үшін нәзік шынжырдың да атқарып тұрған қызметі ерекше. Қазақ зергерлері – «шідер», «сырға», «шығыршық», «бұрама», «шұбыртпа», «керітолғау» атты шынжырды істеу әдістерін, жасалу жолдарын мейлінше меңгере  білген. (Беріктің тәжірибе қорында бұдан бөлек шынжыр әзірлеу әдістерінің барына да шүбә жоқ). Берік бүгіннің заманауи мүмкін­ші­ліктерін шығармашылығына молынан пайдалана отырып, зергерліктің айдынын мейлінше тереңдетіп, жағасын ересен кеңіткен мехнаткеш. Ол – өнер табиғатын кермелеп қазып, тапқанын жұқартпай, сұйылтпай жанына сіңірді. Тыныс-ырғақ, бояу-әр дарытты. Оның шеберханасынан шығатынның бәрі таңсық. Плакетка дейсіз бе, асыл тастармен астасқан, металмен жымдасқан кәдесый дейсіз бе, алқаның небір түрлері дейсіз бе, әйтеуір, жаңасы жасалған сайын сұқтандырып бітеді. Олардың тираждап көбейтілмей, дара, бір ғана дана болып жасалатыны да зергер тұлғасын биіктете, айбындата түседі. Плакетка жасау Беріктің жаңа дәуірде зергерлік әлемге қосқан жаңалығы,  жаңа тармағы. Плакетка – әдетте картина іспетті қабырғаға ілінеді. Ол – көлемі шағын, шаршы пластинаны былғары тектес, түсі қою қаракөк, қарақоңыр, қымбат материалмен қаптап, зерлі, қалың багетпен көмкерген соң тап ортасына орналастырылатын, айтатын ой шоғырланатын айшық, ашық композиция. Кенепке бояумен жазылған емес, жезден соғып, күмістен созып, оюластырып, керіктіріп, термелеп, өріп, бұрап, тоқымалап, қақтап, әшекейлеп, құлпырма тас, лағыл тас қондырып, бірде төртбұрыш, бірде дөңгелек қалыпта жасаған, һәм Беріктің қолтаңбасына ғана бағынған, бөлек тұрпатты «сурет». «Ғарыш», «Әжелер», «Өмір ағашы», «Бақыт құсы», «Самғау», «Наурыз», «Отау» деп келетін плакетка-әшекей бұйымдар абстракт картина сынды, сырын ә дегенде аша қоймайды.Тек тақырыбы ғана шиыр лабиринттен көрерменді жіптік сәулемен жөн сілтеп, жетелеп, алып шығатындай. Зергерге бітер шеберлік пен  сурет­шіге тиесілі талғам шіркін Беріктің бойынан жымдаса өріліп шығып, майысқақ епті-икемділікпен барып шикізат табиғатымен тандемге түседі. Ой тереңдігі әсемдік принципімен астаса, біріге тұтасып кетеді. Бірде дөңгелек жүзді, бірде шаршы бетті жүзіктеріне де космологиялық  сарын дарытып, жүгірген аң, жақ тартқан аңшы, созыла қарғыған ілбісін силуэтін молынан келтіріп, бірде сопақ, бірде дөңгелектей қырнап-жона, тазалай өңделген қымбат тас­тармен әдіптегенін кездестіресіз. Классикалық үлгідегідей, мұнда да ширатпа, сіркелеу әдістері бұйымның өн бойынан өзінің аса нәзік қалпын, дәлдігін бір мысқал да жоғалтпаған күйі табылады да отырады. Жаңа туындыларына көз салсақ – тамғалы тастарындағы суреттерді оймыштап түсіріп, перуза мен маржан, хиропразды қондырып, ыстық эмальді керегінше құя отырып, оның да бетін өрнектеп, жұқалап соққан күміс білезіктерін көруге болады. Тіпті білезіктің адамның қарымен беттесетін жағына оймыштап, бедерлеп салған суреттерін де байқадық. Кездік, пышақ, қанжарлары да жасалуы жағынан қолтықтас-қойындас, техникалық орындалуы жағынан мінсіз. Реңдерін жүз құбылтып, қажетін  жапсырып, жұмырлап қапысыз безендіріп бағады. Ырқына-ырғағына, тартылыс күшіне бағынып, елітіп қарай бергің келеді. Сызылта-созылта салған әсерлі, халық әнінің зергерлік әлеміндегі сыңары секілді ме? Үйлесті жарастық осындай-ақ болар, ә? *  *  * Беріктің қолынан шыққан бұйым­дар – әншейін әшекей емес, халқының аумай-төкпей беріліп, бүгінге жеткен аманаты, келешекке барар алтын жылғасы. Берік зергер – Жаратқан Ие сол алтын жылғаға әкеліп салған кешегі ұста-зергерлердің ұлы жалғасы. Кейде өнер тармағына бүр шығып гүлдемей қоятыны бар. Кейде гүл шығып, мәуе бермей қоятыны және бар. Құдайға шүкір, таланттың тұмасын тумысынан қанып ішкен Берік Әлібайдың  билік пен бұқараның көз шоласына тез түсті. Өнер биігіне сән-салтанатымен  шықты. Әне, тыным таппап еді, тыныштық іздемеген еді бай, бағлан қатарында тұр. Дәулеттілер санатында жүр. «Халықаралық  Карл Фаберже  орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші-зергер Берік Әлібай» десе, ол – халқының шеберге берген бағасы. Қазақ зергерлік әлемінің кешесі мен ертеңін жалғап тұрған бүгіннің бір бөлшегі болған – Берік Әлібайға тек сәттілік тілейміз. Болашақтың да тап біздердей, қат тереңнен қайнар болып лекіп шыққан зергерлік әлемнің қадіріне, қасиетіне жетсе дейміз. Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, суретші. Суреттерді түсірген Сергей АСТРЕЛИН. Коллажды жасаған Амангелді Қияс.