«Оралу» атты көркем фильм оқиғасы желісінен айқын көрініс тапқан
Перзенттік парыз
Атамекенді шексіз сүюдің қадір-қасиетін, тәлім-тәрбиесін шынайы ұқтыратын «Оралу» көркем фильмінің премьерасын өзге көрермендер секілді бір деммен көріп шыққаннан кейін көпке дейін үлкен әсерден арыла алмадым. Жол бойы Абай хакімнің «Махаббатсыз дүние бос...» деген пайымы ойыма оралды. Ауылда туып-өскендіктен әлі күнге дейін бүйрегіміз бұрып, перзенттік парызымыз пен қарызымыз өтелмегендей күй кешетініміз рас. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі ретінде Ұлыбританияның Ольстер мемлекеттік университетінде оқыған кездерім еске түсті. Шетелде оқу, білімімізді әлемдік стандарттарға сай толықтыру секілді арманымыз орындалып, үлкен қуанышқа бөленгенімізбен, елге, достарымызға, туған-туыстарымызға тезірек жеткенше асыққан едік. «Туған жердің түтіні де ыстық» демекші, жырақта жүргенде Қазақстан деген атауға ие тарихи жердің ештеңеге тең келмес биік орнын, отанды сүю жан-жүрегіңді баурап алатын ішкі түйсік арқылы ғана өрілетінін анық сезінген едік. Ата-баба топырағына аяғымыз тиіп, саф ауасын кеуде кере жұтқандағы сәтімізді тілмен жеткізу қиын. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы сәтті шығара білген фильм елге, жерге деген тұнық сезімді, мәңгі өлмес сүйіспеншілікті биолог-ғалымның өмір жолы арқылы шынайы бейнелей білген. Шетелде оқып, қалып қойса да кейін байырғы жұртқа оралу арқылы отанға деген адал махаббатын ерен еңбек, қалтқысыз қызмет арқылы өтеуі иландырады. Президентіміздің тікелей қолдауымен өмірге қанат қаққан халықаралық «Болашақ» бағдарламасының мыңдаған түлектері бүгінде еліміздің әр қиырында, сан-салада жемісті жұмыс істеп жүр. Мен Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін еңбек жолымды энергетика министрлігінде бастап, салық комитетінде жалғастырдым. Ұлыбританияда оқып келген соң жас маман ретінде теріскейге жіберілдім. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітіріп шықтым. Елбасымыз Қызылжар өңірінде болған жұмыс сапарының бірінде шетелде оқыған бір топ жастармен арнайы кездесіп, халыққа қалтқысыз қызмет ету аманатын жүктеген болатын. Біле білгенге, Отан алдындағы перзенттік парызды өтеуден артық бақыт та, мәртебе де жоқ! Арман ӨТЕГЕНОВ, Облыстық бәсекелестікті қорғау және табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Солтүстік Қазақстан облысы.Елдің ертеңіне еңбек етуге үндейді
Мен кеншілердің отбасында өскендіктен, облыс көлемінде әрі-бері көп көшіп жүрдік. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін 2013 жылы тәмамдадым. Мамандығым – металлург. Қазір қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрмін. Студент кезімде өзара тәжірибе алмасу бағытында Германия мен Австрия елдерінде қысқа мерзімді курстардан өттім. Германия елінің Дрезден қаласындағы техникалық университетте және Австрияның астанасы Венаның агромәдени университетінде студенттік ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты дамыту мақсатында ұйымдастырылған курстарда екі апта оқыдым. Сондай-ақ, екі жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының саммитіне делегат ретінде қатысуға мүмкіндік алып, төрт ай уақытымды Нью-Йорк қаласында өткіздім. Биыл «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырып, бағымды сынап көрмекпін. Қазір дайындық үстіндемін. АҚШ-тың Массачусет технологиялық университетіне оқуға тапсыруды көздеп отырмын. Бұл – инженерлік мамандықтарды оқыту бойынша әлемдегі жетекші оқу орындарының бірі саналады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша ағайындарым мен дос-жарандарым шетелдерде оқып келді. Олардың барлығы Астана мен Алматыда, өңірлерде түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтерде, жетекші компанияларда еңбек етеді. «Болашақ» – адамның таланты мен жолын ашатын бірегей бағдарлама. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық жастарға әлемнің үздік университеттерінде білім алуға жан-жақты жағдай жасады. Сондықтан, бұл бағдарлама мен оның түлектері еліміздің қарыштап дамуына қызмет етуі тиіс деп білемін. «Болашақтың» негізгі мақсаты – Қазақстанның ғылыми-инновациялық әлеуеті мен деңгейін көтеру. Көрерменге жол тартқан «Оралу» фильмінің негізгі түйіні – осы. Ағайынды екі жігіттің көзқарасы мен танымы арқылы түп қазығымыздан адаспау, қарашаңырақ – Қазақстанымызға, Отанымызға оралу екенін дәл бейнелей білген. Жаңа тұсауын кескен кинолента осынысымен де әсерлі, тартымды. Бұл картинаны көруге келген жастарымызға үлкен ой салды, өмірлік ұстанымдарына қозғау болды деп ойлаймын. Айбек БАУКЕНОВ, Шығыс Қазақстан облысы жастар орталығы әдістемелік жұмыстар секторының жетекшісі. ӨСКЕМЕН.Сабақ алар сәтті дүние
«Оралу» атты көркемсуретті фильмді арнайы барып көрдік. Бұл фильм жастарға, әсіресе шетелдерде оқып, білім алып жүрген балаларымызға өте көп ой салатындығын аңғардым. Фильм желісінде ауылдың ақсақалы жеке шаруа қожалығында жылқы өсіріп жүріп шағын ғана зертхана ашқан. Ғылыми негізді қазақы даналықпен ұштастырып жылқы етінің, қымызының адамға беретін пайдасының көп екендігін зерттеген. Адам денсаулығын жақсартуға, әлеуетінің артуына тигізетін дәрумендерінің молдығын дәлелдей білген. Бірақ өмір өз дегенін істеп, жалғыз ұлы мен келіні көлік апатынан қайтыс болған соң, олардан қалған жалғыз немересін шетелге оқуға жібереді. Сөйтіп, қария көрегендікпен немересінің уақыт талабына сай білім алуына жол аша біледі. Нәтижесінде ағылшын және орыс тілдерін жетік меңгеріп, өте сауатты болып өскен немере ана тілінен шет қалады. Ғылымның қырын, құпиясын жетік меңгеру қанында бар азамат үлкен жетістікке жетіп, арада 20 жыл өткенде іссапармен Қазақстанға келгенде ескі таныс кісіден атасының қайтыс болғанын, ол кісіден үлкен шаруашылық қалғанын естіп, бірден мұрагерлік жолмен сол қыруар дүниені алуды, сатуды ойлайды. Қазақ жерінде атасының ізі қалған өлкені, атасының қолымен жасалған өте құнды зертханалық бұйымдарды көріп, елге, жерге, Отанға деген патриоттық сезімі ашылады. Атасы қорғап кеткен ғылыми жұмысты шетелдік әріптестері сатып алуға қызығушылық танытады. Бірақ бұл құндылық Қазақстандікі осы жерде болуы, сақталуы, ұрпақ қажеттілігіне жарауы керек деген тоқтаммен баға жетпес құндылықты қазақ жерінде қалдыруға атсалысады. Әтіргүл ТЕЗЕКБАЕВА, Алматы облыстық І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі.Шынайы өмір көрінісі
Тағы бір тамаша кинотуынды көрерменге жол тартты деу орынды мұндайда. Ақтөбе қаласындағы «Локомотив» кинотеатрында режиссер Рашид Сүлейменовтің «Оралу» көркем фильмінің прьемерасы болды. Кинофильмнің тұсаукесер көрсетіліміне халық көп жиналды. Әсіресе, жастар. Олардың арасында жоғары оқу орындарының студенттері, колледждер мен лицейлердің оқушылары басымырақ, әрине. Мұның өзі жақсы кино болса, көрермендер көп болатынының дәлелі болса керек. Жалпы кино ұнады. Шынайы өмірдің көрінісіндей әсерге бөледі. Бұл фильмді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-тың адамгершілікті, патриотизмді, адамдардың өзара қарым-қатынасын суреттеген толымды туындысы деп тануға әбден болады. Рөлдерде ойнаған әртістер де жасандылыққа бой ұрмай, өздері сомдаған бейнелерін шынайы жеткізген. Соңғы жылдарын Еуропада өткізген Мақсаттың атасынан мұраға қалған жылқы шаруашылығын қайта бағалауға қатысты елге оралып, басынан өткізген оқиғалардағы сәттері нанымды шыққан. Ол атасының ғылыми зерттеулер жүргізген құжаттарын тауып алып, оны өзі иемденіп кетпей, атасының рухын сыйлауы, ғылыми жаңалықтың иесі Қазақстан деп бағамдауы патриоттық сезімге бөлейді. Елін сүюдің, халқын құрметтеудің үлгісіндей туған жеріне деген қимастық сезімнің оянуы фильмнің басты кейіпкері Мақсаттың кіндік қаны тамған топыраққа оралатынына сендіреді. Кинофильм оқиғасының желісі жатық, қарапайым көрерменге түсінікті. Сондықтан да болар, тартымды. Әсіресе, жастарға айтар ұлағаты мол. Ол туған жерге деген патриоттық сезімнің қайда жүрсең суымайтын қасиеті дер едім. Фильмде, ең бастысы, Отанға, ағайынға деген сүйіспеншілік, махаббат сезімі өзектес өріледі.Кинофильм Елбасы Н.Назарбаевтың сара саясатының арқасында тәуелсіз Қазақстанның қол жеткен табыстарымен түйінделеді. Марат ҒАБДРАХМАНОВ, Ақтөбе облыстық өнер музейінің директоры. Ақтөбе облысы.Тағылымды туынды
Шындығын айтқанда, фильм ұнады. Біздің аймағымызда да басты кейіпкер Мақсат сияқты «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып, елге оралып, жемісті еңбек етушілер аз емес. Солардай білім тереңдетуді армандаушылар да көп. Фильмді көрушілердің едәуір бөлігі оқушылар мен студенттер болуы соны байқатты. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар өміріне арналған мұндай туындылар әзірге сиректеу. Сондықтан, бұл шығарманы зор ынтамен тамашаладық. Талабы жанып, озық біліммен қаруланған замандасымыздың біраз жылдан кейін туған жеріне оралудағы ой-таным сілкіністері, перзенттік, бауырлық парызға адалдығы тартымды оқиға желісі арқылы нанымды суреттелуі жағымды әсер қалдырды. Оның еліне деген жоғары азаматтық сезімі бойымызды баурады. Атасы мұра еткен ғылыми ізденісті жетілдіріп, елеулі зерттеулік жаңалық ретінде пайда табуға сатылмай, тек Қазақстанның өз мүддесіне жаратуға таймауы тәрізді көріністер сәтті шыққан екен. Отанға сүйіспеншіліктің үлкені, кішісі жоқ. Бәрі де осындай шынайы патриоттық парасаттылықтан туады. Авторларға осы үшін де үлкен алғыс айтамын. Қазір жастарымыздың қай салада да өздерін таныта алуға мүмкіндіктері кең, оған қолайлы жағдайлар бар. Ол таза азаматтық жауапкершілікпен жарасып жатса, тіпті жақсы-ақ. Фильмнен осындай ой түйілді. Мұндай тағылымды туындылардың үлкен экраннан жиірек көріне түсуін тілеймін. Ернат Кемалов, Қарағанды облыстық жастар бастамашылығы орталығының қызметкері. ҚАРАҒАНДЫ.Киелі мекен құдіреті
«Оралу» – уақытында түсірілген фильм. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көрсетілсе Қазақстанды сортаңда қалған, тот кемірген кемедей көретін, кеудесі аяқаптай, Еуропаны мақсатына жеткізер асқар тауындай көретін жастар түсінбес еді. Бүгінгі Қазақстан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында алдына биік мақсаттар қойған, өркениетті елдермен терезесі тең, төрт құбыласы түгел мемлекет. Шетелде алған білімді өз Отаныңда алып, жоспарыңды іске асыра алатын үлкен мүмкіндік те бар. Фильмді көріп отырып, әуелде өз Отанын менсінбей, Еуропаны асқақ көрген Макс-Мақсаттың іс-әрекетіне намысымыз келгенімен, соңында оған деген құрметіміз күшейді. Атасынан қалған мұра – фермасы, сәйгүліктерді сатып, қалтасын ақшаға толтырып Еуропасына кетуді ойлап келген жігіт ауылға келіп, туған жердің түтінін иіскеп, тіршілігін жан-тәнімен сезінгеннен кейін өзінің шетелде жат азамат екенін түсінеді. Туған жердің иісі бөлек, махаббаты ерек. Жас мұғалима Аружанмен танысқан Мақсат ауылдың күйбең тіршілігі өзінің жанына жақын екендігін, осы жердің бір перзенті екендігін ұғынады. Отаныңды ешқандай мемлекет алмастыра алмайды. Ол – жүрегіңнің түкпірінде сақтайтын асылың, ең ардақтың. Елбасының жас ұрпақты елжандылыққа, өз Отанының адал азаматы болуға үндегені фильм желісінен көрінеді. Мақсат – Санжар Мәдиев, Аружан Жазыбаева, сценарий авторы Рашид Сүлейменов жастарға осындай ойды тамаша жеткізе білген. Рахмет! Бауыржан МОЛДАБЕКОВ, «Жас Отан» жастар қанаты Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы. ШЫМКЕНТ.Үлкен әсермен тамашаладық
Соңғы жылдары «бүгінгі заманның шындығы неге көрсетілмейді?» деген мәселе жиі айтылатын еді. Бүгін режиссер Рашид Сүлейменовтің «Оралу» атты туындысын көріп, одан біз өмір сүріп жатқан уақыттың бет-бейнесін анық байқадым. Түп-тамырынан үзіліп, жаһандану үрдісіне жұтылып кетіп жатқандар аз емес. Фильмдегі Мақсат та сондай. Оған тікелей «қазақсың ба?» деп сұрақ қойылады. Сонда ол марғау ғана «солай деуге де болады» дейді. Ұлтын, жұртын ұмытқаны сонша, қазақша Мақсат деген атын айтқанды жаратпайды. Атасының қазасын естігенде де қайғырмайды. Тек артында қалған дүниеге иелік қылып, оны сатып, пайда табуды ғана ойлап туған ауылына барады. Ал Мақсаттың бауыры Мейрамбектің бейнесі тіпті басқа. Ол қазақылығын жоғалтпаған, адамгершілік қасиеттерді бәрінен де жоғары қоятын азамат. Мақсат секілді үлкен ғалым болмаса да, өткен мен болашақтың алдындағы міндетін айқын сезінеді. Фильмдегі Іңкәрдің бейнесі жүрекке жылылық ұялатады. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, бір үйдің жалғыз қызы болса да Астанада қалмай, ауылға еңбек етуге келген. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қатысушысы. Ауыл балаларының жақсы білім алып, мықты азамат болып қалыптасуы үшін өзінің жайлы өмірін қиып отыр. Кино тура бүгінгі заманды көрсетеді. Сіз бен біздің жанымызда жүрген адамдардың бейнесі шығармаға айналған. Әрбір кейіпкері таныс. Әр сәті етене жақын. Атасы ашқан, өзі шырқау шегіне жеткізген ғылыми жаңалықты Қазақстанның меншігі деп, ұшақ ішінде «мен өз Отанымда қалғым келеді» деп күрсінуі Мақсаттың өз жолын, өзінің түпкі мақсатын тапқанын айқындайды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық даналығын нақты түсінеді. Солайша, өзінің елі, жері, мемлекеті үшін, оның жарқын болашағы үшін жұмыс істеуге бекінеді. Өз басым фильмді үлкен әсермен тамашалап шықтым. Жасұлан АЛДАБЕРГЕНОВ, «Жастарды қолдау орталығының» басшысы. ҚЫЗЫЛОРДА.Отанды сүю ештеңемен өлшенбейді
Еліміздің отандық киноиндустриясы жаңа туындылармен толығып келеді. Соның бірі «Оралу» туындысы. Мұндағы басты кейіпкер Мақсатты атасы білім алуға интернатқа жібереді. Білімге құштар көңіл Мақсатты шетелге жетелейді. Ол шет мемлекетте білімін жетілдірумен ғана шектелмей, ғылыми жұмыстармен де айналысады. Мақсат ғылым жолына түсу қиын екенін де біледі. Туған жерінен жырақта болашағы зор микробиолог-ғалым ретінде танымал болса да, жүрек түкпірінде Отанына, кіндік қаны тамған атамекеніне деген сағынышы бір толастамайды. Бір түп жусанының иісі аңқыған туған жеріне деген сағынышы үлкен махаббатқа ұласады.
Туған ауылына келіп, атасының ғылыми жобасын жалғастырады. Ол қатардағы ғылыми жоба емес екен. Әлемде емі табылмаған аурудың бірін емдеуге жол ашатын бірегей ғылыми жаңалық болып шығады. Оны шетелдік әріптестері шетелде патенттеуге үгіттейді. Алайда, қазақстандық ғылымның мәртебесін көтеруді мақсат еткен Мақсат ғылыми жаңалықты шетелде патенттеуден бас тартады. Тіпті, шетелдік әріптестері бір миллион еуро көлеміндегі қаржы ұсынады. Әрине, бұл аз қаржы емес. Бірақ, қазақстандық микробиолог-ғалым Отанға, туған жерге деген махаббатымен материалдық құндылықтан биік тұратынын дәлелдеді. Осы кинотуындыны көріп отырып, өзімнің де шетелде білім алған кезім ойыма оралды. Мен де өзге замандастарым секілді Қазақстан жастарының маңдайына жазылған ерекше бақ – «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болдым. Сөйтіп, 2008 жылы әйгілі тұманды Альбион астанасы – Лондондағы экономика мектебінде магистрлік бағдарламамен бітіріп шықтым. Туған еліңнен, жеріңнен алыста жүргенде Отанға деген сағыныш жүректі кернейді. Елдегі ата-ананың, құрбы-достардың, тіпті, туған жердің бір түйір тасы мен жусанының да, ауасы мен суының да қадірі арта түседі. Ең бастысы, шетелдегі замандастарыңның алдында қазақ халқының ұландары да білімге құштар, жаңаны білуге құмар, өркениеттің игіліктерін елінің игілігіне жұмсауға ұмтылатынын танытқың келіп тұрады. Өйткені, туған елдің, Отанның абыройын асқақтатуды бәрінен биік болғанын қаладық. Лондондағы оқуымды сәтті аяқтаған тұста бірден елге оралуды ұйғардым. Себебі, өзімнің шетелде алған білімімді тәуелсіз Қазақстанымның қарқынды өркендеп, әлемдегі ең озық 30 елінің қатарынан лайықты орнын алуына үлесімді қосқым келді. Қазір сол ойымды іске асыра бастағаныма қуанамын. Ал кино авторларына мына туындысы үшін үлкен рахмет. Нұржан ҒАНИМҰРАТҰЛЫ, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары. Атырау облысы.«Болашақтан» ұштық, «Болашақпен» қайта оралдық
Біздің «Қазақфильмнің» «Оралу» атты жаңа туындысын көрген әрбір жас толқиды, ойланады деп ойлаймын. Басты кейіпкер Мақсаттың туған ауылына келіп, елдің, жердің қымбат екенін ұғынды. Бұдан артық құдірет жоқ екенін түсінді. Мен Шарбақты ауданы Көлбұлақ ауылында дүниеге келдім. Білім қуып ауылдан кеттік. Бірақ, ешқашан да ойыма келмепті, туған елді, ауылды тастап кету, елге келмеу деген. Бұл фильмдегі басты тақырып еліміздің дамуын ауылдан шыққан, кейін Еуропада оқып білім алған, сол жақта еңбек етіп жүрген жас микробиолог-ғалымның жетістіктері арқылы көрсетуді мақсат етіпті. Екіншісі, жас мамандардың шетелдерге кетпеуі, туған жердің дамуына үлес қосу керектігі айтылады. Бұл жоғары білікті мамандарға да, «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерге барып білім алған жастарға да қатысты. Фильм оқиғасы-бүкіл қазақстандық жастарға, әсіресе, қазақ жастарына сабақ болды деп ойлаймын. Мен де 2013 жылы еліміздегі «Болашақ» халықаралық бағдарламасы стипендиаты атандым. Осылай Мәскеудегі «Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы» академиясында «Саясаттану» мамандығы бойынша оқыдым. Үлкен ғылыми кітапханаларда отырып, оқып-үйренуге мүмкіндік алдық. Ауылда өскен біздерге ел көріп, жер көріп, өркениетті білім алуға жол ашқан, әрине, Елбасына рахмет. Ол кісі ылғи да жастар оқыңдар, білімді болыңдар дейді ғой. Сондықтан, фильм режиссері Рашид Сүлейменовтің айтар ойы да сол – қайда жүрсең де туған Отанға оралыңдар, елді, жерді сүюге шақырады. Патриоттық сезімді оятар осындай фильмдер дәл қазір біздің жастарға өте қажет. Өз елімізде жүріп, өз елімізді мықты елге айналдыруға үлес қосқаннан артық бақыт жоқ. Мен қазір облыс орталығындағы Инновациялық университетте студенттерге сабақ беріп жүрмін. Студенттерге білім қуып алысқа кетсең де, елімізді көркейту үшін қайта оралуың парыз, міндет деймін. Айсұлу ЖӘКІШОВА, Инновациялық Еуразия университетінің оқытушысы. ПАВЛОДАР.Өзекті тақырыпты арқау еткен
«Оралу» фильмі дер уақытысында көрерменге ұсынылып отыр. Ол өзекті тақырыпты арқау етуімен қымбат дер едім. Себебі, қазір шетелдерде білім алып, тез өзгеріп шыға келетін замандастарымыз аз емес. Жайлы өмірге тез бойы үйренген қыздар мен жігіттер оқуын бітірген соң, туған елге қайтқысы келмейді. Келеңсіз көріністердің кейде орын алғаны жасырын емес. Менің бір сыныптас досым Англиядағы Ливерпуль қаласында инженер-бағдарламашы мамандығын игерген болатын. Университетті бітірген соң, сонда жұмысқа қалды. Екі жылдан соң, бәрібір Қазақстанға қайтып келді. «Бөтен елде, туыссыз, доссыз өмір сүрудің қиындығын сезіндім, өз еліме ештеңе жетпейді екен», деп мойындаған болатын. Оның туған ата-анасы, бауырлары елге қайтуына көп ықпал етті. Ал «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан тағы бір танысымыз жақында Вена қаласында қалғысы келетінін айтты. «Онда ғылыммен айналысуға толық мүмкіндік бар» дейді. Біз, достары оның бұл шешімінің дұрыс еместігін айттық. Оның көзқарасы «Оралу» фильмінің бас кейіпкері Мақсатқа ұқсайтын секілді. Ол да түбі патриоттық сезімі оянып, туған жерге туын тігетін болады деп ойлаймын. Адам қайда жүрсе де өзінің түп-тамырын үзбеуі тиіс. «Бір жоқты бір жоқ табады» деп халқымыз бекер айтпаған екен. Атасынан қалған мұраны іздеп келген Мақсат туған жерден онан да қадірлі алтынын тапты. Атының Мақсат екеніне шамданған, ана тілінен, ділінен қол үзіп бара жатқан жігіттің жүрегіндегі патриоттық сезімнің оянуы көрерменге керемет ой салады. Жастар фильм аяқталғанда дүрлігіп тұрып, қол шапалақтады. Біз бас-аяғы жиырма жылдай уақыттың ішінде осынша дамыдық, мұнан да озып дамитын боламыз. Ал мемлекеттің миллиондаған қаржысын төгіп, шетелде оқыған жастарымыздың тамыры, түбірі мықты болуы тиіс. Бақыт тек туған жерде екенін әр жас түсінсе игі. Ерлан ТӨЛЕТАЕВ, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы. ҚОСТАНАЙ.