• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2015

Асқақсың, асылсың атамекен!

282 рет
көрсетілді

Шәкен Айманов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ-тың жаңа туындысы – «Оралу» көркем фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өткен сенбі күні Орал қаласындағы «Cinema Park» кинотеатрында өткізілді. Оны зиялы қауым мен аға ұрпақ өкілдері, жастар мен студенттер, жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар, өңірдегі ғылым мен білім саласының майталмандары, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілер тамашалады. Біз отандық кино өнерінің иісі қазақ жұртына, барша қазақстандықтарға отанды шексіз сүйе білу қажеттілігі жөнінде терең ой тастай білген тамаша лента аяқталған соң «Болашақ» бағдарламасының 2007 жылғы түлегі, Орал қаласының әкімі А.С.Көлгіновке бірнеше сауал қойған едік. – Алтай Сейдірұлы, фильм сізге қандай әсер қалдырды? «Оралудың» басты айтайын деген ойы мен көркемдік түйінін  қалай қабылдадыңыз? – Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеуінің басты кілті мен тетігі – ғылым мен білімді дамытуға тікелей байланысты екенін шегелеп айтып бергені белгілі. Айтып қана қойған жоқ. Елбасы бұл мәселеге тәуелсіздіктің елең-алаңының өзінде тым ертерек қам жасап, сонау 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасын қабылдады. Не үшін? Білімді ұлт тәрбиелеу үшін. Сол жылдардың өлшемімен алғанда бұған бюджет қоржынынан әжептәуір қаражат жұмсауға тура келгені де жасырын емес. Алайда, бүгінгі күн биігінен көз тастасақ оның қайтарымы 2-3 еседен асып кеткеніне көз жеткізу қиын емес. Өйткені, бүгінде «Болашақтың» түлектері экономика мен қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында қызмет атқарып жүр. Олардың арасында «Оралудың» басты кейіпкері Мақсат секілді о баста тайыз түсінікпен аяғын шалыс басқандар кездесуі де мүмкін. Бұған кепілдік бере алмаймын. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демей ме халқымыз. Дегенмен, фильмдегі басты рөлдің иесі – Мақсат өз қателігін түсінді. Туған топыраққа қызмет етуден артық бақыт жоқ екенін ұғынды. Өзінің еуропалық пішіндегі Макс емес, кәдімгі қазақтың қара баласы – Мақсат екенін терең зерделей алды. Әрине, бұл арада фильмнің басты кейіпкерінің жөні сәл бөлекшелеу. Ол Қазақстанда туып-өскенімен кейінгі жылдарда Еуропада мигрант есебінде күй кешіп, ел мен жерге, туған топыраққа деген перзенттік сезімін жоғалтып алғандай болады. Осындай бір екіұдай ойдың жетегінде жүргенде өмірден өткен атасы Жұмаштың артында қалған жылқы шаруашылығы мұрасын өзге біреулерге сату мақсатын алға ұстап атажұртына келеді. Сол кезде оның бойында өз отанының тартылыс күші, Еуропа жерінде көмескіленіп қалған отаншыл сезім қайтадан атойлап бас көтереді де, ол өз елінде біржола қалу жөнінде түбегейлі шешімге келеді. Фильмнің көрермендердің назарына берейін деген басты түйіні де осында деп түсінемін. – «Қазақфильмнің» жаңа туындысында елге адал қызмет жасаудың қос үлгісі қос өрім болып тартылғандай көрінеді.Бұған не дейсіз? – Ойыңызды түсіндім. Біз бұл орайда екінші өрімді тың кино туындының тағы бір басты кейіпкері – Іңкәрдің іс-әрекетінен кездестіре аламыз. Ол – елордасы Астанада элитарлық жоғары оқу орындарының бірін бітірген ақылына көркі сай, парасат-пайымы биік қазақтың үлгі тұтар қызы. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша елге келген жас маманды ешкім қайтсең де ауылға бар деп қыстамаған. Бұл оның өзінің жүрегінің қалауы. Фильм кейіпкері Іңкәр секілді болашағын ауыл-аймақпен байланыстырғысы келетін жоғары білімді мамандар көбейген сайын, ауылдың көсегесі де көгере беретіні айдан анық. Өйткені, ауыл – барша қазақтың алтын бесігі екеніне келісетін шығарсыз. – Енді сізге тағы бір сұрақ қойғым келеді. Жаңа көркем фильмнің тұсаукесер көрсетілімінде Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстары, соның ішінде ғылыми-тәжірибелік лабораториялар жөнінде ұтымды эпизодтар мен детальдар мол. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз? – Өте орынды сауал қойып отырсыз. Бұл мәселеде Қазақстанда бұған дейінде жан-жақты мүмкіндіктер жасалды. Сонымен бірге, қазақ ғалымдарының ғылыми-зерттеу еңбектері мен ашқан жаңалықтары кез-келген өзге құрлықтағы әріптестерінен артық болмаса кем еместігі дәлелдеуді қажет етпейді. Ең бастысы елімізде ғылыми жаңалықтар ашуға қажетті алғы-шарттар мен мүмкіндіктер бар. Бұған «Қазақфильм» кинотуындысының бас­ты кейіпкері Мақсат та айқын көз жеткізеді. «Оралуда» осы мәселенің көркемдік шешімі табылғаны, бұл ретте фильмнің бас режиссерінің түйсікшілдігі мен аңғарымпаздығы тек қол соғуға лайықты дер едім. – Сіз де «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде, нақтырақ айтқанда, Ұлыбританияда білім алдыңыз. Сондықтан да бұл көркем фильм сіздің жаныңызға біршама жақындау болды ғой деген ойдамыз. – Бәріміздің Отанымыз – Қазақстан. Әлемде отаны жоқ қаншама ұлттар мен ұлыстар босып жүр. Дүниенің қай қиырында жүрсең де, табан тірейтін отаныңның болмауы – бақытсыздық. Біздің бақытымыз бүгінде бүкіл әлемдік қауымдастыққа танымал бола бастаған Қазақстандай Отанымыздың болуы. Осы Отанымыз бен елімізді шексіз сүйе білсек әрі оған адал қызмет жасасақ бақытымыз одан әрі үстемелене түспей ме? Отансыз бірде-бір адам тамыр тартып жапырақ жая алмайды. Бұл орайда фильмнің көрермендерге жеткізейін деген басты түйіні мен «Болашақ» бағдарламасының түлегі ретіндегі біздің ойымыз бір-бірінен қашыққа кете алмайды. – Алтай Сейдірұлы, сіздің ұлт азаматы, немесе басшы ретінде ұстанатын басты қағидатыңызды білу бүгінгі әңгі­мемізге қайшы келмейтін болса керек. – Айтайын, мұның ешқандай құпиясы жоқ. Мен «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халықтық қағидаға арқа сүйеймін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН,  «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.