ТМД елдерінде теңдесі жоқ ауыр машина жасау зауыты елордамыз Астанада жұмысын бастағалы да алты жылға жуық уақыт болыпты. Содан бері еліміздің локомотив паркін жаңартумен бірге, заманауи тепловоздарды алыс-жақын шетелдерге экспорттай бастаған кәсіпорынның бүгіні мен келешегі жөнінде акционерлік қоғамның президенті Марат ТІЛЕУБАЕВТАН сұрап білген едік.
– Марат Болатұлы, Орталық Азияда баламасы жоқ локомотив құрастыру зауыты Астанада жасақталып жатқанда көптеген «білгіштер» толыққанды жұмыс істеп кетуіне күмән келтіргені мәлім. Одан кейін, тепловоздарды экспортқа шығару мәселесі көтерілгенде тағы да сенімсіздікпен қарағандар болды. Қуанарлығы, осы қиындықтың бәрін артқа тастаған зауыт ұжымы аймақтағы елдердің бәріне жақсы қырынан таныла білді. Сондықтан, әңгімені де кәсіпорынның құрылу кезеңінен бастасақ жөн болар?
– Ел тарихындағы ауыр машина жасаушы өндіріс ошағының құрылу кезеңіне зер салсақ, 2006 жылы озық үлгідегі локомотив зауытын салу жөнінде америкалық General Electric компаниясымен екіжақты келісім түзілді. Одан бұрын кәсіпорынның бүгіні мен ертеңі әбден екшеліп, әрбір қыры мен қызметі мұқият зерттеліп, отандық мамандардың сараптауынан өтті. Сондықтан, отандық сала мамандары аймақтың ауа райы ерекшеліктерін, рельс төсемдерін, тасымалданатын жүктің сын-сипаты мен көлемін анықтап алып, қазіргі заманғы халықаралық экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларды ескере келіп, қазақстандық тепловоз қандай болуы керектігін айқындайтын техникалық сипаттама әзірледі. Осы жұмыстар әбден пысықталып болғанан кейін ғана жобаны жүзеге асыруға бел буды. Сөйтіп, 2009 жылдың ортасында «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ құрылды. Жобалық қуаты 100 жүк магистральдық локомотив болатын зауыт бүгінгі күнге дейін 290-нан астам локомотив құрастырып шығарды. Теміржолдың осы машиналарына түрлі қызметтер көрсету үшін Алматы, Аягөз, Ақтөбе, Сексеуіл қалаларында ірі сервистік орталықтар құрылды. Бүгінде қоғам акцияларының 50 пайызы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа тиесілі, қалған бөлігін ресейлік «Трансмашхолдинг» ЖАҚ сатып алған.
– Қазақстандық тепловоздың ерекшеліктері мен артықшылықтары неде?
– Локомотив құрастыру зауыты америкалық General Electric корпорациясының лицензиясымен Evolution сериялы бесінші буындағы ТЭ33А тепловозын құрастыратынын айттық. Кәсіпорын жарақтандырылу тұрғысынан Еуразия аумағындағы ең озық, ең жоғары технологиялық үлгідегі өндіріс ошағы екеніне дау жоқ. Оның басты мақсаты – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына өз үлесін қосу. Сөйтіп, теміржол көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, 1520 жолтабаны төселген ТМД мен Балтық елдеріне заманауи тепловоздарды экспорттау болып отыр. Енді тиімділігіне келсек, қолданыстағы ескі тепловоздар ай сайын сервистік қызметке жүгінсе, қазақстандық теміржол машиналары үш айға дейін тоқтаусыз жүреді. Әр 92 тәуліктен кейін жоспарлы сервистік тексеріске келіп, майын алмастырса болды. Қуаты мен жарамдылық мерзімінің ұзақтығынан бөлек, қазақ тепловоздары ресейлік локомотивтерге қарағанда ауаға залалды заттарды 40 пайызға дейін аз шығарады. Сондай-ақ, техникалық қызмет көрсету мен жағармай және мотор майын тұтыну бойынша салыстырғанда, бір жылда 150 мың АҚШ долларына дейін қаржы үнемдейді. Бұлармен бірге, біздің локомотивтердің жылдамдығы да жоғары. Жүк тартатын тепловоз сағатына 120, ал жолаушылар пойызын тартатыны 160 шақырымға дейін жол жүреді.
– Қазіргі таңда, кәсіпорындарға мүмкіндігінің барынша отандық өнімдерді қолдау ісі жүктелген. Осы шара сіз басқарып отырған зауытта қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Бастапқы кезде АҚШ компаниясынан сатып алынған бөлшектерді әкеліп, тек құрастыру жұмыстары ғана жүргізілді. Десем де, өз мамандарымыз локомотив жасау ісінде отандық өнімдердің үлесін үнемі көбейтіп отыруды көздеді. Осының арқасында, осы кезде әрбір локомотивті құрастыруда, қазақстандық үлесті 32 пайызға дейін жеткіздік. Пайызды санға айналдырсақ әрбір ТЭ33А-ның 11 мыңнан астам бөлшегі отандық өнімдерден тұрады. Бұйыртса, тағы бірер жылда бұл көрсеткішті 52 пайызға жеткізу жоспарда бар. Осы орында назар аудартқым келетіні, кәсіпорында әлемдегі ең озық станоктар жұмыс істейді. Атап айтқанда, лазермен металл кесетін швейцариялық BYSTRONIC қондырғысы қалыңдығы 6 мм. металл табақтан сағатына бір мыңға тарта бұйым жасауға қабілетті. Плазмамен және газбен кескіш қондырғы қалыңдығы 20 мм. және 200 мм. болатын металды еркін кесіп өтеді. Сандық бағдарламалық басқаруы бар германдық SPINNER тік жоңғылағыш станоктың бір өзі кесіп-өңдеу арқылы металдан түбегейлі өнім өндіргенге дейінгі аралықтағы 28 түрлі операция жасайды. Темір табақтарын престейтін жоғары дәлдікті Түркияның «Ermaksan» мен Германияның «TruBend» гидравликалық қондырғылары металды майыстыруға қатысты барлық жұмыстарды орындайды. Зауытта бұл сықылды озық үлгідегі жабдықтардың бір мың екі жүзден астам түрі бар. Осынау құрылғы-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандар да дамыған елдерде арнайы дайындықтардан өтіп келді. Соның арқасында бүгінде зауытта кәсібилігі жоғары инженерлік-техникалық және басқарушылық ұжым қалыптасып болған.
– Енді өнімдеріңізді экспорттау ісі мен келешек жоспарларыңыз жөнінде айтып өтсеңіз?..
– Қазақстандық тепловоздарды жақын шетелдерге экспорттау осыдан үш-төрт жыл бұрын басталды. Бірінші, Душанбе қаласында тәжік теміржолына ТЭ33А локомотивін сатып алу туралы «Рохи охани Точикистон» МУК-пен келісімшартқа қол қойылды. Сөйтіп, 2012 жылы төрт тепловоз Тәжікстанға қарай жөнелтілді. Келесі жылдың мамыр айында украиндық «Ивано-Франковскцемент» ЖАҚ-пен бір ТЭ33А машинасын сату бойынша келісім жасалып, тепловоз 2013 жылы қазан айында Украинаға қарай жол тартып кеткен. Сондай-ақ, былтырғы қазанда «Кыргыз темир жолу» ұлттық компаниясынан да тапсырыс түсіп, екі ТЭ33А тепловозы көрші елге сол заматта жеткізілді. «Кыргыз темир жолу» ҰҚ-қа қосымша тағы төрт тепловоз экспортталды. Өткен жылдың қазан айында Түрікменстан теміржол министрлігімен келісімшарт жасалды. Сөйтіп, ол бір айдың ішінде жеткізіп беріліп, бүгінде Қазақстан мен Түрікменстанды және Иран елін жалғап тұрған жаңа жолда жүріп жатыр. Дәл осы кезде «Әзербайжан теміржолдары» ЖАҚ-тың өтінішіне орай, бауырлас елге тепловоз экспорттау шарасы қаралуда. Мұнымен бірге, Молдова мен Латвия республикалары және ТМД-ның өзге елдері ТЭ33А машинасына үлкен қызығушылық танытып отыр. Демек, алып өндіріс ошағы ошарылып қалады деген ұғым тумауға керек. Бұл теміржол машиналары бұған дейін керек болған, ендеше бұдан кейін де қажет бола береді. Заманына сай қайта құрылып, жаңғырып жатқан зауыттың жан-жақты мүмкіндіктері мол. Түрлі заттарды сан қырлы етіп жасауға қабілетті жоғарыда тізілген станоктары бар зауытты тығырыққа тіреледі деу дұрыс емес. Қазір де дамып, өндіріс көлемін ұлғайтудың бірнеше көзін тауып қойған. Бүгінде, жолаушылар локомотивін құрастыруды қолға алып, маневрлік локомотив жасақтау көзделіп тұр.
Бұлармен бірге, «Электровоз құрастыру зауыты» мен АЭА орналасқан «Астана – жаңа қала» жобасына қажетті бөлшектер дайындауды бастадық. Мәселен, платформа мен арбашық қаңқасы және оның төбесі, доңғалақ жұптары. Зауыттан құрастырылып шыққан әрбір электровоз үшін 1500-ден астам түрлі бөлшектер шығару жоспарланған. Келешекте өндірістік зауыттармен бірге рельсті автобустар мен қалааралық пойыздар құрастыру ойда бар.
Әңгімелескен : Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».