Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани зияткерлік құрылымы нығайып, қоғамды үйлестіруші әлеуеті толысты, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.
Елордадағы Тұңғыш Президент музейінде Солтүстік Қазақстан облысының мұражай бірлестігінің қорынан «Бірліктің бесігі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. «Ұлттық игілік» – музейаралық серіктестік жобасы аясында ұйымдастырылған бұл көрме Қазақстан халқы Ассамблеясының айтулы 20 жылдық мерекесіне арналды. Экспозиция көрермендерді өлкенің полиэтностық қоғамының қалыптасу тарихымен таныстырды. Сондай-ақ, аталған шара барысында Солтүстік Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыстарының қол жеткізген жетістіктері жайлы тың мағлұматтар берілді.
Атап айтар болсақ, 1995 жылдың 1 ақпанында Солтүстік Қазақстан облысында кіші Ассамблея құрылып, оның құрамына 7 ұлттық-мәдени бірлестіктердің өкілдері енді. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 23 этномәдени бірлестіктермен қатар, «Бірлік» жастар бірлестігі де бар. Мұражайлар бірлестігінің коллекциясында Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын көптеген этностардың тарихы мен дәстүрлі мәдениеті туралы баяндайтын бірегей этнографиялық материалдар сақталған. Аталған облыс аумағы «Ащы сызық» және Столыпиндік аграрлық реформалар жүргізу кезіндегі әскери казактардың құрамындағы орыс, украин және белорус шаруалары үшін туған үйіндей болды. Петропавл қаласының салынуы және жергілікті сауданың дамуы Солтүстік Қазақстанға татар көпестері мен шаруаларының қоныс аударуына ықпал етті. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы көптеген жер аудару саясатының басты себебі, ұжымдастырумен және депортациялаумен байланысты еді. Депортациялау кезеңі Батыс Украина жерінен поляктарды жер аударудан басталды. Осындай қайғы-қасіретті тізімге неміс, корей, қырым татарлары, грек, чешен, ингуш, балқар және басқа да этностардың өкілдері енген болатын. Олардың бүгінгі ұрпақтары өлкенің көпұлтты халқын құрап отыр. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында жүзден астам ұлттардың өкілдері өмір сүруде. «Бірлік бесігі» көрмесінің үлкен сахналық көріністері – киіз үйлер, ағаш үйлер мен реконструкцияланған шаруашылық аулалар қазақ, орыс, казак, татар, неміс және поляк ұлттарының дәстүрлі мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы баяндайды. Экспозицияның ерекше бөлігі көрмеге келушілерді Солтүстік Қазақстан облысының мұражайлар бірлестігінің жинақтарында сақталған бірегей этнографиялық материалдардың негізінде қазақстандық көпконфессиялы қоғамның қалыптасу тарихымен таныстырады.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.
АСТАНА.