Қай заманда болсын адамзатты болашақтың қалай болатындығы қызықтырған. Кейбір адамдар тіпті осы шаруаның соңына түсіп, бүкіл өмірлерін соны зерттеумен өткізген. Бірақ бұл мәселенің соңына жету мүмкін емес еді! Бұл туралы қасиетті Құранда былай жазылған: «Көктердегі және жердегі сыр Аллаға тән» (16-Нахыл сүресі, 77-аят) және де «Көместің кілттері Оның (Алланың) жанында. Оны Ол, өзі ғана біледі» (6-Әнғап сүресі, 59-аят). Ал адамдар арасында болашақты болжай білу тек Алла Тағала елшілері пайғамбарлар құзырында ғана болған, оны Құранның мына жолдарынан көреміз: «Көместі білуші Алла, оның сырын ешкімге ашпайды. Бірақ ұнатқан елшісіне білдіреді. Өйткені, Алла елшісінің алды артына күзетші қояды» (72-Жын сүресі, 26, 27-аяттар).
Дегенмен де, адамдар арасында болашақты болжауға ұмтылыс жасап, сол арқылы өз аттарын тарих бетіне жазып кеткісі келгендер болған. Солардың бірі XVI ғасырда өмір сүрген Нострадамус деген дәрігер. Ол 1503 жылы Францияның оңтүстігіндегі Сен-Реми қаласында еврей отбасында туған, шын аты-жөні Мишель де Нотр Дам. 1525 жылы Монпелье университетінің медицина факультетін бітіріп, еңбек жолын бастайды. Бұл кезде Францияның оңтүстігін оба дерті қатты шарпыған еді. Нострадамус өзін дәрігер ретінде өте тамаша көрсете біліп, көптеген адамдарды емдеп жазады. 1529 жылы медицина докторы атағын алады. Алғашқы әйелінен бір ұл мен бір қызы болғанмен, обадан оларды Нострадамус аман алып қала алмайды. Біраз жыл шет елде жүріп, 1544 жылы Францияға қайта оралады. Екінші рет үйленеді. Обаға қарсы күресін ол одан ары жалғастырады. Сонымен қатар көріпкелдік қасиетін көрсете бастайды. Оның атақ-даңқы патша құлағына да шалынады. Ол патша жанына шақыртылып, сол жерде көптеген тарихи болжаулар айтыпты-мыс және оның айтқандары орындалған екен деген әңгімелердің шет жағасын қазір көбіміз білеміз. Алайда, оның көріпкел емес, жай ғана көз бояушы болғанын екінің бірі біле бермейтіндей.
Нострадамус шынымен көріпкел болған ба? Оның болашақты болжаушы еместігіне көз жеткізу үшін мына жағдайларды білсек те жеткілікті.
Сонымен, біріншіден, ол жоғарыда айтқанымыздай болашақты болжай білетін Құдайдың елшісі пайғамбар емес, жай ғана қарапайым адам болған.
Екіншіден, қарапайым да сенгіш қара халықты ол кезде алдау тіптен оңай еді. Қазіргі заманда, бәріміздің көзіміз ашық дегеннің өзінде балгер-алаяқтардың алдауына сенеміз. Оған қарапайым бір мысал, жақында танымал блогер Эльвира Ерғалина Елордадағы базарда балгерге жолығып, оның қалайша өтірікті сапыратынын дәлелдеп берген видеоматериалын жариялады.
Үшіншіден, Нострадамусты зерттеген ғалымдар Э.Руссел, П.Уитмор мен Э.Берзиндердің айтуы бойынша, ол болжаған 946 оқиғаның тек 70-і ғана орындалған. Бұл дегеніңіз 7 пайыз ғана деген сөз! Оның айтқан болжамы орындалса, оның атақ-даңқын асыра сілтеп мадақтаған да, ал орындалмаса ол жағдай ұмытылып кетіп отырған. Яғни, кез келген адам баласы қолына қалам алып, бірнеше мыңдаған болашаққа болжаулар жасаса, оның кейбіреуі әрине өте аз мөлшерде болса да орындалып іске асуы әбден ықтимал. Сол үшін де ол пақырымызды көріпкел білгіш екен деп қабылдауға болмайды ғой. Бұл да өте-мөте ескерілетін жағдай.
Төртіншіден, ол болжаған кезең 3 797 жылға дейінгі аралықты қамтиды деп айтылады да, ал XXI ғасырдан басталған болжаулар туралы деректер жоғалып кеткен. Ал енді неге жоғалғандығын өзіңіз түсіне беріңіз.
Бесіншіден, Нострадамустың болжаулары жұмбақтап (кейбіреулердің айтуы бойынша латын тілінде) жазылғандықтан, олардың мағынасын ашу кезінде болжамдарды кез-келген бағытқа бұрмалап көрсетуге болатындығын ескеру керек..
Алтыншыдан, замандасы Чарлз Уардтың жазуынша Нострадамус Поузен қаласындағы өртті болжап айтып, қаланы өз қолымен өртеген. Бұл адамгершілік тұрғысынан алып қарағанда өте қынжыларлық жағдай және оны тіпті қылмысқа теңеуге де болады.
Жетіншіден, Нострадамус мамандығы дәрігер болғандықтан, маңайындағы біраз адамдардың қашан өлетінін дәрігерлік тәжірибесіне сүйене отырып-ақ, мөлшермен болжай білген. Бұл мәселе сол замандағы Франция патшасы Генрих II-нің отбасына да қатысты. Ол патшаның отбасы мен туыстарын емдеп, жазып отырған, әрі оларға да тиісінше болжамдарын айтқан.
Сегізіншіден, оның болжауларының астрологияға негізделуі. Ал астрология заңдарына сенсек, белгілі бір мезетте бірнеше миллиондаған адамдардың өмірі бірдей болатынына қалай сене аласыз. Мысал келтірсек, жұлдыз-жорамал бойынша мен Шаян болып есептелемін. Сонда дүние жүзіндегі миллиондаған шаяндардың бір күндік немесе бір апталық тағдыры бірдей болғаны ма? Ақылға сиғысыз деуге болады.
Аталған жайларды зерделеп қарап, ой таразысына салсаңыз әңгіме етіп отырған «көріпкеліміздің» кім екенін өзіңіз-ақ анықтап аларсыз.
Атақты деген Нострадамустың өзінің жағдайы осындай болғаннан кейін бәріміз күнделікті көріп жүрген бақсы-балгер, көріпкелдердің алдап-арбауына қалай сенерсіз. Өкінішке қарай, аңқау халықтың сеніміне кірушілер оңай ақша тауып, балгерлікті өзінше бір үлкен кәсіпке айналдырған.
Сол үшін де ағайын, бір Аллаға деген сенімді күшті ұстап, өз-өзімізге берік болайық! Болашағымыздың жарқын да баянды болатынына «көріпкелдерсіз-ақ» сенейік.
Серікқазы Кәкібаланов.
Дерек: Islam.ru.
Сурет: news.nur.kz.