* 18 қазан – Рухани келісім күні
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Дін мен тілдің, салт пен сананың мызғымас тірегі – Тәуелсіздікті нәсіп еткен Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытқан Қазақ елінің егемендігі баянды болсын!
Екі дүниенің бақытына жетелейтін Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінде: «Ей, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық. Анығында, Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың», – делінген. Алланың алдында сүйкімді адамдар, олар – елді бірлікке шақырғандар, алауыздыққа жол бермегендер.
Адамзат жаратылысының бүкіл мәнін: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деп түйіндеген билердің төресі – Төле би бабамыз бірде әкесінен: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» – деп сұрайды. Сонда әкесі жауап айтпас бұрын бір бума шыбықты алдырып: «Мынаны сындырып көрші», – дейді. Төле буылған шыбықты иіп сындыра алмайды. «Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы», – дегенде, оны оңай сындырады.
– Түсіндім, әке! Бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды деген ғой.
– Бәрекелді, балам! Дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын» деген сөздің мәнісі осы, – деген екен.
Аллаға шүкір, кешегі Абылай ханның армандап кеткен азаттығы, текті бабалардың тілегі бүгін орындалды. Қазақстан халқы Тәуелсіздікті тойлап, оны мәңгілік етуді ойлап жүрген жоралы жұртқа айналды. Ендеше, Елбасы айтқандай, Тәуелсіздігімізді сәт сайын қорғауымыз қажет.
Бүкіл адамзат баласының ұлттар болып қауымдасып өмір сүруі, бір-бірінен ерекшелеп жаратылуы – Жаратушының даналығы, мейірімі мен нығметі. Сайын даланы мекен еткен түрлі ұлт өкілдері салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін дамытуға ерікті. Бұл – Президентіміздің парасатты қадамы мен қамқорлығы арқылы жеткен жетістігіміз. «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты игі бастама ортақ құндылықтарға ұйытқы болды.
Бүгінде Еуразия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрткүл дүниеге бітімгер, араағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Еліміздің тұрақты даму жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы – барлық этностарды ортақ мақсатқа жұмылдырған, бүкіл әлемге үлгі болған бірегей идея. Бейбітшілікті ту етіп, мызғымас бірлікті мақсат тұтқан Ассамблея ұлттарды ынтымаққа ұйыстырудың әлемдік тәжірибесіне енуде.
Елімізде Рухани келісім күнін белгілеп, бұл бастамаға маңыз беріп жатқан жайттың да өзіндік айрықша орны бар. Келісімсіз келешек кемел болмайтыны бесенеден белгілі, тарихтан да айқын аңғарамыз.
Мен еліміздегі Орыс православие шіркеуінің Қазақстан және Астана митрополиті Александрмен де кездесіп тұрамын. Кездесуде халықты ізгілікке, адамгершілікке шақырып, елдің бірлігін нығайту жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігі туралы пікір алмасамыз. Қазақстан және Астана митрополиті Александр біздің ортақ шараларымызға қатысып тұрады. Мен де олардың шақыртуын қабыл алып, ортақ іс-шараларына қатысамын. Еліміздегі осы екі дәстүрлі діннің өкілдері өздерінің діни мерекелері кезінде бір-бірін құттықтап, жақсы байланыс орнатып келеді. Расында да, дәстүрлі діндердің мақсаты – қоғамға адамгершілік құндылықтарын насихаттау.
Орыс православие шіркеуінің Қазақстан және Астана митрополиті Александр еліміздегі мұсылман қауымын жыл сайын Құрбан айт мерекесімен құттықтайды. Мен де өз тарапымнан православие сеніміндегі христиандарды Рождество мерекесімен құттықтап, арнайы хат жолдаймын. Өркениетті елдердегі діндераралық татулықтың қалыптасуы – аса маңызды.
Біздің елде дәстүрлі діндер арасындағы өзара келісім ұлттар арасында да жоғары деңгейде көрініс тапқан. Қазақстанды мекен еткен ұлттар өздерін бір үйдің баласындай сезінеді. Сонымен қатар, «ортақ үйіміз, ортақ шаңырағымыз – Қазақстан» деп мақтанышпен айтады. Қалыптасқан үздік үлгі еліміздің дамуына септігін тигізуде.
Дін қайраткерлерінің басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі елордамыз – Астана рухани келісім мен бірліктің символына айналды. Халық жанашырының байыпты бұл ұстанымы басқаларға: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген ұлағатты сөздің мәнін ұқтырды.
Сарыарқа төсінде өтетін құрылтайлар, діндер арасындағы үнқатысуды дамыту бүкіл әлемдік жауапкершілік екенін дәлелдеді. Хакім Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деген сөзі халқымыздың ойлау жүйесінің кеңдігі мен тереңдігін ғаламдық биікке көтерді.
Тәуелсіздік – азаттықтың алтын діңгегі, өркениетке өрлеудің ұлы күші. Ал дін мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да осындай ұлы мұраттарға ұмтылып, жұртты ізгілікке үндеп қана қоймай, бірлік пен берекенің нығметін ұдайы ұлықтап келеді.
Өйткені, бүкіл адамзатқа түсірілген қасиетті Құранда Алла тағала: «Бөлінбеңдер», – деп бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде басшыға бағынып, бүлік шығармауға шақырған. Діни ымыраға келуді бұйырған.
Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – деп пәтуалы сөз айтқан екен. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бүгінгі бірлігі мен татулығы, рухани келісімі болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек.
Ұйымшылдыққа ұмтылған ұлтымыз бақыттың бастауы – бірлік деп білген. Қаблиса жыраудың толғауынан алар тағылым мол.
– Бақыт, қайда барасың?
– Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі,
Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлайды жырау бабамыз.
Текті аталардан ғасырдан-ғасырға жалғасып, тәлім мен тәрбиеге тұнып тұрған асыл дініміз Ислам – бейбітшілік пен ынтымақтың діні. «Ислам» деген сөздің өзі «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретінін баршамыз жақсы білеміз. Демек, мұсылманшылықтың мұраты – бірлікке үндеу, өзгеге қылдай қиянат жасамау.
Адамзатты имандылыққа ұйытып, ата-ананы қадірлеуге, көрші мен ағайынға көмектесуге шақырған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде шынайы мұсылманды «өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген адам» деп сипаттаған сөзі кез келген пендеге қай кезеңде болсын, басты бағдар, өлмес өнеге, үзілмес үлгі болған.
Екi дүниенiң бақытына жетудiң жолдарын үйрететiн қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде: «Бейкүнә бiр адамды өлтiру – күллi адамзатты өлтiрумен тең», – деген аят «Маида» сүресiнде айтылған.
Ислам дiнi – жер бетiнде бейбiтшiлiк пен тыныштықты орнату үшiн жiберiлген дiн. Мiне, сондықтан, әрбiр мұсылман, тiптi, сәлем бергеннiң өзiнде бiр-бiрiнен хал-жағдай сұрасқанда «әссәламу алейкум» деп бейбiтшiлiк пен амандық тiлеп амандасады.
Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан діні – Ислам, шариғаттағы іс-амал мазһабы – ұлы имам Әбу Ханифаның мазһабы. Ал діни дүниетанымдық ұстанымы Исламның негізгі қайнар бұлақтары – Құран мен Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне негізделген Сүннет және жамағат жұрты, оның ішінде Әбу Мансұр әл-Матуридидің мектебі болып табылады.
Қазақ халқының да ұлттық бет-бейнесі, ділі мен тілі осы идеологиялық мектептің негізінде қалыптасты. Оған айғақ боларлық айшықты дәлелдер жетіп-артылады. Бұқар жыраудан бастап Абай, Шәкәрімге дейінгі ойшылдар мен ақындардың мұраларынан нағыз мұсылмандықтың үлгісін көреміз.
Мысалы, Абылай ханның ақылшы абызы Бұқар жырау (1668-1781):
«Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас!»
– деп Құдай деген құлдың медетсіз қалмасына нық сенімді екендігін білдірген.
Қазір, Құдайға шүкір, елімізде діни ахуал тұрақты. Төл мазһабымызға мәртебе берілген «Діни сенім туралы» Заң барша азаматтың діні мен сеніміне шектеу қоймайды.
Мешіттеріміз бен медреселеріміз жамағатты бірлік пен ізгілікке тәрбиелеп, өз жұмысын еркін атқаруда. Халқымыздың кең пейілі, қонақжай, бауырмал, дархан мінезі кең-байтақ даламызда бейбітшіліктің салтанат құруына негіз болды.
Алла тағала халқымыздың ырыс-несібесін молайтып, ауызбіршілігін арттырғай. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамдарымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әумин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.