• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қазан, 2015

Жанашыр

584 рет
көрсетілді

Біз көп жағдайда ұлт құн­ды­лықтарының «шырақшысы» рухани саланың өкілдері деп айтамыз. Бірақ көңілінің түбінде сәулесі әу баста бар қаны таза, жаны жайсаң адам мамандыққа қарамайды екен. Ұлт ісіне сараңдық жасамайды, өзін де, өзгені де алдаусыратып сықпыты кеткен сылтауды айтпайды. Осыдан да болу керек, атам қазақтың сезім көзінің ашық, жабығын айта беретіні. Ондай жандармен «Сөнген ойды жандандыруға жан беретін сөз керек», деп философ ақын Шә­кәрім қажы айтқандай, сөй­лесе қалғанда сарайың ашылып, тілдессең тіршіліктің өмірі біт­пей­тін күңгірті жарыққа ұласып, жү­зінен ызғар емес, жылу шашып жадырататын, алысыңды жақындатып, кеміңді толтырып, жоғыңды тапқандай болатының бар. Біз бұл сөздерді шағын мақа­ланың шарасын кеңейту үшін емес, ақиқатқа арқау еткелі отырған азаматымыздың бітім-болмысын жұртқа жеткізу үшін айтып отырмыз. Ол талтүстен асып, жеті белеске жетіп, күздің сап-сары алтын масағындай толысқан, жұртына сыйлы, еліне қадірлі, еңбек еткен ортасына тастай батып, судай сіңе білген Мұхамедқали Жұмабекұлы Қазым еді. Сөз басын мамандықтан бекер айтпаған едік. Мақаңның ма­мандығы есепші. Ауылда жүр­­­генде шоттың тасын тас­қаяқ­­­­­­тай қағыстырса, кейін Ау­ыл шаруашылығы, Балық ша­­­руа­­­­шылығы, Әділет минис­тр­лік­терінде, өзге де мәртебелі мекеме­лерде мамандығына сай қызмет атқарған. Одан соң бас басылымға ауысып, жиырма жылға таяу уа­қыт бас есепші болып, зейнетке шықты. Біз Мақаң­мен әңгіме-дү­кен құрғанда әріп­тесіміздей көретін едік. Ел ішіндегі көне көздердің үлгі-өнегесін қала жұр­тының қар­баласымен ұш­тастырғанда жымын білдірмей жіберу өз алдына, алар үлгі, та­ғылым, тәлім аз болмайтын. Өзі туып-өскен Сыр өңірінің, кіндік қаны тамған Шиелі аумағының сүлейлерін, атүстіндегі игі жақ­сыларды, қарапайым еңбек қа­һармандарының атқарған жұ­мысы мен тапқырлығын таразы басында теңдей отырып ой тербегенде көп жайға қанық боласың. Ағайын-туыс туралы әңгіме-дү­кен құрғанда әрқайсысының тек тамырын түгендеп, жаңылмай сөз еткенде жадының мықтылығына қайран қаласың. Мұндай адами қасиеттің тамыр бастауы қайда дегенге ой жіберіп көрсең, әкесінен дарығанын білесің. Жұмабек елге сыйлы болуымен қатар, ұлттық салт-дәстүрді жетік білетін, аттың сынын тап басып айтатын қасиеті де болыпты. Жақсының ақыл-парасаты ұстай алған балаға да­рымай қалмаған ғой. Өз маман­дығы бойынша алғырлығы мен алымдығы, қамшы салдырмайтын қабілеті тіпті бөлек. Мұхамедқали Жұмабекұлының ең басты қасиеті «өзі болған қыз­дай» танаурамайтын адамдығы, азаматтығы, кең ойлап, кең пішетін кісілігі мен кішілігі дер едік. Ол таныса келе табысып, бауыр болып кеткен жора-жолдасына қашанда адал екенін әркез аңғартып жүреді. Шамасы жетсе қамқорлық жасайды, қайырымдылық көрсетеді. Қызметте жүргенде ағаларының алдын қиып өтпейтінін, інілерін іздеп, қанаттануына қамқор болатынын арагідік айтып отыратын. Қазір ағаларының ізін өзі басып, інілерінің ізетін, көрсетіп жүрген құрметін әңгіме желісіне арқау еткенде, бір ауыз жылы сөз, жасаған жақсылығың зая кетпейді екен-ау дейсің. Мақаң әркез жігерін жанып, қайратын ұштап жүретіндігінен шығар, жеті белеске көтерілсе де қалыбын бұзбай келеді. Бұл күндері іздей қалсаң ол Сыр елінде, Еділ бойындағы қайын жұртында, Алматы өңірінде жүргенін естисің. Бір ғажабы, соның бәрін көбіне машинамен аралайды. «Шаршамайсыз ба?», десең: «Неге шаршаймын. Баяғыда аталарымыз осы байтақ даланы атпен шарлағанда шаршадым демеген ғой. Мен неге шаршауым керек?», деп өзіңе қарсы сұрақ қояды. Ұлтқа ортақ жақсыларды бө­ліп-жармай бауыр санайтын Мұ­хамедқали Жұмабекұлы Мұқа­ғали Мақатаевтың «Райым­бек! Райым­бек!» атты поэмасын жиі еске алып, кей жолдарын жатқа айтатын. Бірде оның себебін алға тартты. Ұлының аты – Райым­бек екен. «Мен батыр баба туралы деректерді зердемнен біраз өткіздім. Райымбек те, Мұ­қағали да қасиетті, киелі адамдар екен. Екеуіне де тәу етіп жүремін. Бала­ларыма да соны үлгі етемін. Қазір Райымбегім отау тігіп, от жағып, немере сүй­гізіп отыр», дейді. Ақыл мен батырлық басына тең қонған Бауыржан Момышұлы қарттықтың үш түрлі болатынын айтады. Осы жағынан келгенде, біздің Мақаң отбасы, ошақ қасынан емес, елдік істің ұйыт­қысы болып жүргеніне талай мәрте куә болдық. Ол бүгінде жетелі әңгіменің тиегін ағытып, алдыңғы толқынның жолын қайтсем үзіп алмаймын, өнегесін өртке жібергендей етпеймін дегенде, шертер сыры, кейде қауіп қылғаннан айтар ойлары да молынан. Жұртқа қайтсек тіреу, ұрпаққа тірек болу жайын еске салады. «Осы біз бәрін заманға жаба салғымыз келеді. Заман дегеніміз, адам емес пе? Сен, мен, ол ғой. Шіркін, бір дәуір­лердегі көңілі кірсіз, қулығы жоқ, сұмдықтан таза абыз әкелер мен аналардың салт-санасын қайтарсақ, ала-құла күнкөрісті бүгінімізбен ұштастырсақ ұлттық менталитетімізден уақыт өте келе көз жазбас едік», дейтіні бар. Ойлы жанның ой түкпіріндегі бұл толғанысы түсінгеннің түй­сігіне жетсе, толқын-толқын ұр­пақ­тың әр­қайсысы өз мәресін біліп, қадір-қасиетін ұғар еді. Мұхамедқали Жұмабекұлы – үлгілі отбасы. Жары Ақырыс Құсайынқызы айтулы Бөкейхан тұқымынан. Нағашы жұрты: «Адал сүт әз анадан емген ердің, Көңілі елге қарай иеді екен... Ау, Алаш, заман жайын білеміз бе? Құ­лаққа айтқан сөзді ілеміз бе», деп өткен ғасырдың басында ұлтын береке-бірлікке шақырған Алаш арысы Ғұмар Қараш екен. Мақаң өз еліндегі жақсы істерге ұйытқы, демеуші болумен бірге, отызыншы жылдардың ойра­нында Бөкей ордасының құнарлы жерінен жан сауғалап Ресейдің Сартауына барған қайын жұр­тына да шарапатын тигізіп, ата­қонысына оралуына ұйытқы болуда. Сөзіміз жалаң болмасын, Ресей жеріндегі қазақтардың арасынан шыққан Ғұмар Қараштың немере қарындасы Бәдеш Мәжі­кенқызының артында қалған мұ­расын жинақтап 2009 жылы «Ананың жүрек лүпілі» деген жинақ шығарды. Сол рухани құн­­дылықты оқып отырғанда шет­тегі ағайындардың шер-мұ­ңын сезесің. Жаратылысынан адамға қамқор болуды мақсат еткен Мақаңның әрбір жақсы ісі еске түскенде «Бол­­­сашы қазақтардың бәрі осындай» деген ой айдындағы желкендей желбірейді. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».