Бүгiнде әлемнiң көптеген елдерi күрделi экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келiп отыр. Жаһандық деңгейдегi саяси текетiрестiң өрши түсуi дамыған, алпауыт мемлекеттердiң де iргесiн шайқай бастағандай. Түрлi сипаттағы жанжалдар мен қарулы қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болып, салдарынан миллиондаған адамдар кедейлiк пен аштыққа, босқындыққа ұшырап, мыңдаған бейкүнә жандардың қаны төгiлуде. Осынау алмағайып әлемде тұрақтылығы мен бейбiтшiлiгiн сақтап, орнықты дамып келе жатқан мемлекеттер санаулы ғана. Солардың бiрi де бiрегейi – Қазақстан.
Әрине, бүкiл дүниежүзiн жайлаған экономикалық дағдарыс бiздiң елiмiздi де айналып өтпесi анық. Қазақстан экспортқа шығаратын өнiмдер бағасының күрт арзандауы еліміздің экономикасына да айтарлықтай әсер еткенi түсiнiктi. Дегенмен, экономикалық жағдайымыз жақсы кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қорды қалыптастырған болатын. Сол кездерде кейбiреулер «мұнайдан түскен қаржыны халыққа таратып беру керек» деп шу көтергенi де есiмiзде. Бiрақ, халқымызда «Тарта-тарта жесең тай қалады, қоя-қоя жесең қой қалады, қоймай-қоймай жесең нең қалады?» деген мәтел бар емес пе?! Расында, Нұрсұлтан Әбiшұлы сол күндерi алда қиын кезеңдер боларын дәл болжаған екен. Бүгiнде Мемлекет басшысының кемеңгерлiгi мен көрегендiгiнiң арқасында Ұлттық қорға жинақталған қаржы отандық экономикамыздың тұрақтылығын сақтап отыр. Басқаша айтқанда, осынау қиын кезде сiз бен бiздiң зейнетақымыздың уақтылы төленiп, аурухана мен мектеп секiлдi әлеуметтiк маңызы бар нысандардың құрылысының тоқтамай тұруы, ұл-қыздарымыздың жұмыссыз қалып, босып кетпегенi Елбасының бiр кездерi қабылдаған дұрыс шешiмiнiң жемiсi.
Қазақстанның бүгiнгi мақсаты – қиын күндер өткенше күнелту, әйтеуiр жан бағу емес, дағдарыстан серпiндi дамуға жол табу. Осы қиындықтардың өзiн алға ұмтылуға алғышарт етiп, болашаққа зор жеңiстермен қадам басу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадамнан», тұратын Ұлт жоспарын тап осынау асқақ мақсатқа бастайтын маңызды тарихи құжат деп атар едiм.
Ұлт жоспары ұзақ мерзiмге есептелген стратегиялық құжат дегенiмiзбен, оның аясында қабылданып жатқан нақты қадамдардың игiлiгiн халық қазiрдiң өзiнде сезiнуде. Айталық, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап бюджеттiк саладағы азаматтық қызметкерлердiң жалақысы мен қариялардың зейнетақысының және мүмкiндiгi шектеулi азаматтардың жәрдемақысының өсуi баршаны қуанышқа бөледi. Өйткенi, еңбек адамдарына лайықты жағдай жасау мен мұқтаж жандарға әлеуметтiк қолдауды күшейту қашанда маңызды әрi қайырлы iс.
Қазақстанның басқа өңiрлерi секiлдi Оңтүстiк Қазақстан облысында да ауқымды iстер атқарылуда. Маңдайынан күн сүйген бiздiң туған өлкемiзде бұрынғысын айтпағанда, соңғы бiр жылда атқарылған жұмыстардың өзi ұшан-теңiз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық экономикамызды шикiзатқа тәуелдiлiктен құтқару үшiн кәсiпкерлiк пен өндiрiстiң дамуына, ауыл шаруашылығының жандануына ерекше назар аударып келе жатқаны белгiлi. Мемлекет басшысының жеке қадағалауы мен қамқорлығының нәтижесiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы, кәсiпкерлiк салалары айтарлықтай дамып, өндiрiс жандана бастады. Соның бiр айғағы Ордабасы ауданында трактор зауытының ашылғандығы дер едiм. Аграрлы өңiр болып саналатын Оңтүстiк Қазақстан облысы үшiн ауыл шаруашылығы техникаларының қашанда орны бөлек. Бiр сәт еске түсiрелiкшi, тап осындай заманауи, сапалы тракторды қашан өзiмiз жасап, өзiмiз құрастырып едiк? Жоқ, мұндай тiрлiк тiптi кешегi Кеңес Одағының дүркiреп тұрған кезiнде де болмаған. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жемiсi. Темiрланда құрастырылып жатқан «Киоти» маркалы трактор жер өңдеуге, ауыл шаруашылығы өнiмдерiне күтiм жасауға өте ыңғайлы. Мұндай заманауи техникаға қол жеткiзген диқандардың қырманы тасып, елiмiздiң несiбесiн арттыра түсетiнi ақиқат.
Бұқаралық ақпарат құралдарынан бiлетiнiмiздей, облысымызда ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, құрылыс материалдарын өндiру, тоқыма өнеркәсiбiн, фармацевтиканы, туризмдi дамыту бағыттарында қыруар жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, өңiрлiк iшкi жалпы өнiм көлемiнiң 2 триллион 100 миллиард теңгеден асуы – үлкен жетiстiк. Ал облыс диқандарының 2 миллион тоннадай көкөнiс пен бау-бақша өнiмдерiн өсiруi ауыл шаруашылығына көрсетiлiп жатқан мемлекеттiк қолдаудың нәтижесi.
Бұрындары кәсiпкерлiк пен өндiрiстiң дамуына ең алдымен әкiмшiлiк кедергiлердiң көптiгi тосқауыл болатыны айтылушы едi. Сол себептi, облыста кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, «бiр терезе» қағидасы енгiзiлген. Онда өз iсiн бастаған азаматтарға кәсiби мамандар көмектеседi. Орталық бүгiнгi күнге дейiн 50 мың бизнесменге қызмет көрсеткен. Елу мың кәсiпкердiң қол астында 2-3 адамнан жұмыс iстейдi дегеннiң өзiнде, олардың әрқайсысының арқасында бiр-бiр отбасы тұр. Демек, Елбасының сарабдал саясатының арқасында ашылған осы бiр орталықтың пайдасы қаншама адамға тиiп, олардың тұрмысының түзелуiне ықпал еткенiн өзiңiз бағамдай берiңiз. Биыл облыстың барлық аудан-қалаларында да кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсiпкерлiк мектептерi ашылыпты. Олардың барлығы да типтiк ғимараттарда жұмыс iстеуде.
Шымкент қаласының маңынан ашылып, нәтижелi жұмыс iстеп жатқан «Оңтүстiк» индустриялық аймағы мен «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағы – Президенттiң Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының төл туындысы. Мұнда ондаған мың адам жұмыс iстеп, бiр жағынан бюджетке салық төлеп жатса, екiншi жағынан отбасыларын асырауда. Ал Шымкент қаласында жаңадан тағы 4 индустриялық аймақ ашу, сонымен қатар, облыстың барлық аудан-қалаларында да индустриялық аймақ құру жөнiндегi жаңалық бүкiл халықты қуанышқа бөлеп, ертеңгi күнге деген сенiмiмiздi нығайтты.
Осы орайда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары елiмiздiң инновациялық дамуына, ғылым, бiлiм беру мен мәдениет салаларының алға жылжуына зор үлес қосқанын атап өткен жөн. Бiздiң оқытушы-профессорларымыз сапалы кадрлар дайындап, халықтың зияткерлiк деңгейiнiң өсуiне ықпал етуде.
Бұл ретте айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында білім саласына ерекше назар аударылған. «Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын» делінген Жолдауда. Осы оқу орнының да таңдаулы білім ордаларының қатарынан көрінуі – ғалымдарымыздың инновациялық бағыттағы жұмысының мойындалуын, қажырлы еңбектің бағаланғанын білдіреді. Әлбетте, бұл университеттің абырой-беделін арттырып қана қоймай, жас ғалымдардың өз мүмкіндіктеріне деген сенімін де нығайта түседі.
Жалпы, біздің университеттің Қазақстан және әлем бойынша рейтингісі жылдан-жылға жоғарылап келе жатыр. Жуырда ғана жарияланған Еуропалық одақ стандарттары бойынша Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы дүниежүзіндегі жоғары оқу орындары арасында («Academіc Rankіng of World Unіversіtіes-European Standard ARES») жасалған 2014 жылдың рейтингісіне Қазақстаннан жиырмаға жуық жоғары оқу орындары қатысса, біздің университет осы абыройлы тізімге А+ санаты бойынша еніп отыр. Сондай-ақ, бұл тізімге елімізден әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кірген.
Бұл рейтингте бағалаудың басты өлшемі – білім сапасы, ал ғылыми қызметте стандартты көрсеткіштерден бөлек шетелдік бірлескен авторлардың қатысуымен шығарылған жарияланым саны және халықаралық ынтымақтастық есепке алынды. Университет беделі, оның бітірушілерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы және жұмыс берушілердің пікірлері, білімді ақпараттандыру бағалаудың ең басты критерийлеріне айналды. Халықаралық рейтингке ену біздің университет үшін өте маңызды. Бірінші кезекте, шетел студенттерін академиялық ұтқырлық бағдарламасына тарту мүмкіндігі пайда болды, себебі, олардың ата-аналары ЖОО-ны халықаралық рейтингке қатысуы бойынша таңдайды. Екіншіден, рейтингтің жоғары нәтижелері ЖОО-ның шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін кеңейтеді. Үшіншіден, осындай рейтингтерде қазақстандық ЖОО санының артуы еліміздің әлемдік академиялық қауымдастықтағы беделін арттырады.
Бүгінгі таңда бұл білім ошағы Қазақстан Республикасының ірі және көпсалалы университеті, аймағымыздың инфрақұрылымының дамуы мен қалыптасуына, халықаралық қоғамдастықтағы интеграция мен жаһандану үрдістеріне белсенді қатысатын ғылыми-білім беру, интеллектуалдық, мәдени орталығына айналған. Университетіміз германиялық ASІІN агенттігінде білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеуден өткізу арқылы техникалық сала мамандарын даярлаудың жоғары сапасын дәлелдеген қазақстандық ЖОО-лардың алғашқысы болып есептеледі. Білім ошағының жетістіктері мен жеңістерінің жыл санап артуы біз таңдаған жолдың дұрыстығына айқын дәлел.
Облыста әлеуметтiк салада, бiлiм беру мен денсаулық сақтауда, руханият пен мәдениетте де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Барлығын тiзбектемей-ақ қоялық, тек биылдың өзiнде облыста 104 мектептiң құрылысы жүргiзiлiп, оның 49-ы пайдалануға берiлмек. Осының өзi Қазақстанның дағдарыс кезiнде де әлеуметтiк салаға қаншалықты көңiл бөлiп отырғанын көрсетедi емес пе?!
Ал мәдениет саласында ше? Бұрынғыны айтпағанда, соңғы бiрер жылда ашылған мәдениет нысандарын атасақ та жеткiлiктi. Шымкенттегi «Отырар» кiтапханасы, «Түркiстан» салтанат сарайы, Көрме орталығы, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимараттары, салт-дәстүр орталығы, Бейнелеу өнерi мұражайы... Осының барлығы соңғы бiр-екi жылда ашылған iрi мәдениет ордалары. Демек, бұл саланың дамуы да назардан тыс қалып жатқан жоқ.
Аталған ғимараттардың бiрқатары Шымкенттiң жаңа әкiмшiлiк-iскерлiк орталығында бой көтердi. Мемлекет басшысының Шымкенттi Қазақстандағы үшiншi қалаға айналдыру жөнiндегi тапсырмасының қалай орындалып жатқанын тап осы әкiмшiлiк-iскерлiк орталыққа қарап-ақ байқауға болады. Мұндағы облыс әкiмдiгi мен облыстық мәслихаттың 16 қабатты жаңа ғимараты Оңтүстiк өңiр дамуының нышанындай көрiнедi. Бiр сөзбен айтқанда, Елбасының қамқорлығының арқасында Шымкент елордамыз Астанаға қарап бой түзеп, сол iзбен дамып келедi. Әңгiменi әлемдегi жағдайдың күрделi екендiгiнен бастап едiк қой. Осынау қиын-қыстау кезеңде елдi адастырмай, тура жолға, даму мен өркендеуге бастаған Мемлекет басшысына деген Оңтүстiк Қазақстан облысы халқының алғысы мен сүйiспеншiлiгi шексiз.
Әлемдік экономикалық жағдай нашарлай түсіп, базбір мемлекеттерде дағдарыс байқалғанымен, елімізде, оның ішінде Оңтүстікте индустриялық-инновациялық даму қарқыны әлсіремек түгілі, қайта керісінше күшеюі қуантады. Әрине, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың нәтижесі екені даусыз. Оңтүстікте халықтың кәсіпкерлікке деген ұмтылысы жоғары. Ал өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтың индустриялық-инновациялық дамуға айрықша назар аударып отырғандығы жергілікті кәсіпкерлік пен өндірістік кәсіпорындардың жуық арада жаңа белестерді бағындыратынына сенімімізді арттыра түскендей. Облыс әкімінің бірқатар аудан-қалаларға арнайы іссапармен барып, ондағы индустриялық аймақтардың жұмысымен етене танысуы ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті өркендетуге жасалған қадам деп қабылдадық.
Сондай-ақ, шетелдік инвесторларды көптеп тартуға да басымдық беріліп отыр. Бұған соңғы айларда өңірімізде Малайзия, Германия, Польша, Қытай, Канада секілді елдерден үлкен делегациялардың келуі дәлел бола алады. Шетелдіктермен кездесу барысында Оңтүстікте бірлескен жобаларды іске асыру жайлы келіссөздер жүргізілді. 23 қазанда Шымкентте өтетін ІІ халықаралық инвестициялық форумға артылған үмітіміз көп. Оған әлемнің көптеген елдерінен инвесторлардың келетінін ескерсек, бұл облыс үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынатын жиын болмақ.
Оңтүстікте бірлескен жобаны жүзеге асыруға, әсіресе, неміс бизнесінің қызығушылығы үлкен екен. Қазіргі таңда облыс аймағында Германияның инвесторлары жүзеге асырып жатқан 3 жобаның жалпы құны 52 миллиард теңгені құрайды. Ал поляк бизнесмендері Шымкентті Орталық Азия өңіріндегі базалық алаң ретінде қарастырып отырғаны да өңірдің зор мүмкіндіктерге ие екенін айқын көрсетті.
Тағы бір ерекше назар аударарлық тұсы – әңгіме тек бизнес жайында емес. Шетелдіктермен келіссөздер барысында білім мен ғылым саласындағы жобаларды да жүзеге асыру ісі талқыланды. Мәселен, Малайзия елі өңірімізде әлемдік деңгейдегі техникалық колледж салуға ниет білдірді. Бұл жоба ұлттық білім беру саласындағы айрықша бастамалардың біріне айналмақ. Осы бағытта біздің университетіміз де жемісті жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда М.Әуезов атындағы ОҚМУ әлемнің бірқатар танымал әрі беделді университеттерімен тікелей байланыс орнатқан. Басты мақсат – тәжірибе алмасу арқылы әлемнің ең үздік білім технологияларын меңгеру. Міне, осындай жобалар арқылы жарқын болашақтың кепілі – жастарға сапалы білім беріп, білікті кадр даярлау бағытында ауқымды қадамдар жасалуда.
Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ,
М.Әуезов атындағы
Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік университетінің ректоры, академик.
ШЫМКЕНТ.